Әр халықтың өзін танытатын әрі ұстанатын қасиетті салт-дәстүрлері бар. Алланың аяты мен Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадис шәріптерінен кейін орын алатын қазақ елінің де ұстанған өз салт-дәстүрлері бар. Егер дәстүр жойылатын болса, сол халықтың өзі де жойылары сөзсіз. Біз кезекті мақаламызды дін мен дәстүр сабақтастығына арнай отырып, қазақтың салт-дәстүрлерінің бірі — «Сарқыт» жайында бірер сөз қозғағанды жөн санадық.
Әңгіме барысында әуелі мына жайттарды айта кеткеніміз жөн болар: қазақ халқының салт-дәстүрі Ислам дінімен біте қайнасып жатыр. Осы орайда ҚМДБ-ның да осы мәселеге (дәстүрлі ислам жолын ұстану) көңіл бөліп жатқаны баршаға мәлім. Оған дәлел — дініміз бен дәстүріміздің сабақтастығын жалғастырып, бұл бағытта көптеген туындылар жарық көріп, басқа да шаралар жүргізіліп жатыр. Сонымен, тақырыбымызға арқау болып отырған «Сарқыт» салтына тоқталайық.
Кейде ел ішінде кейбір адамдардың «Сарқыт алып қалдым», «Сарқыт ала келіңіз», «Сарқыттан ауыз тиіңіз» деген сөздерін жиі естіп жатамыз. «Сарқыт» атты дәстүрлі амалымыздың (салтымыздың) мән-мағынасын төмендегідей түсіндіруге тырысайық:
Сарқыт дегеніміз — көпшілікке арналып жайылған дастарқандағы дәмнің бір бөлігі. Сондай-ақ қандай да бір адамның белгілі бір жиынға, той-қуаныштарға бара алмай қалып, барғандардан аздап болса да сыбаға дәметуін айтады. Нәтижесінде екі тарап та, яғни беруші де, алушы да бір-біріне «Жұғысты болсын!» деген тілектерін арнап жатады.
Ал енді кейбір жерлерде сарқытты ырым деп те атап жататынын байқаймыз. Неге десеңіз, тойдан алып қайтқан дәмді бізге жақсылық дарысын деп, ауыз тигізеді. Сондай-ақ үлкен кісілердің алдынан қайтқан табақтан да «Бiздерге де жасын берсін, абыройын берсін» деп, таласа жүріп жақсы ырымға балап, ауыз тиген.
Тағы бір жағынан қарастыратын болсақ, арнайылап дайындалған тағамдар бұзылып кетпейді һәм ысырапшылдық болмайды. Адамдарға неғұрлым үлестірілген сайын сансыз садақаның сауабы жазылып, тағамға еш обал да болмайды. Өйткені Жаратушымыз Құран Кәрімде:
«Жеңдер, ішіңдер, бірақ ысырап етпеңдер. Расында, Ол (Алла) ысырап етушілерді әсте ұнатпайды», — деп бұйырады («Ағраф» сүресі, 31-аят).
Құрметті оқырман! Имамдық тұрғыда білгенімізді азды-көпті қағаз бетіне түсіргендей болдық. Жасыратыны жоқ, бала кезімізде ата-әжелеріміз бізге талай сарқыт әкеп, үлестіріп беріп жатқанын көз көріп, куә болдық. Сарқыт жеп, жақсы ырымға балап, талай дәмнен ауыз тигеніміз бар. «Сарқыт әкелдің бе?» деген сөздің өзінде қаншама жылулық жатыр!
Бұл — қазақтың ең мейірімді дәстүрлерінің бірі. Сарқыт — жай ас емес. Ол — береке мен мейірімнің жалғасы, адамдар арасындағы рухани байланыстың нышаны.
Сөз соңында айтарымыз, сарқыт алған да әбестік емес, өйткені салтымызда бар. Әрі «Той — қазақтың қазынасы» демейтін бе еді?! «Осындай тойға, қуанышқа біздер де жете берейік» дегеннің өзі дұға емей немене?! Біле білсек, дұға — мүміннің қаруы. Әрбір амалымыз ниетімізге байланысты.
Сол үшін де айтарымыз: көнеден бүгінге дейін жеткен сан салалы мәдениетімізді, әдебиетімізді, тіліміз бен тарихымызды, әдет-ғұрпымыз бен салт-дәстүрімізді бек сақтайық, құрметті халайық!
Үмбет Сабырханов
«Әл-Хақ» мешітінің имамы
Рысқұлов ауданы


23 Шілде 2026
7 Сафар 1448

