ТІЛДІ ЖАМАНДЫҚТАН САҚТАУ

ТІЛДІ ЖАМАНДЫҚТАН САҚТАУ

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Тiл — Алла Тағаланың пенделерiне берген ұлық нығметтерінің бiрi. Аузымызға кішкентай болып сиып тұрғанымен, яғни көлемi кiшкентай болғанымен, өте үлкен қызмет атқарады. Бұл дүниеде адам баласының иманды немесе имансыз екендiгi тiлдiң куәлiк беруi арқылы мәлiм болады. Алла Тағаланың бар екендiгiн адамдарға анық дәлелдермен түсүндiруде тiл бiзге жәрдем бередi. Тiлдiң жәрдемiмен түрлi iлiмдердiң қыр-сырын оқып үйренемiз. Бұндай қасиет тек тiлге ғана берiлген. Мысалы, көз көрген, құлақ естiген нәрселердiң қандай екендiгiн тiлмен айтып жеткiземiз. Денедегi барлық мүшелер белгiлi бiр шектеумен шектелген. Яғни көз мың немесе екi мың шақырым жерге жетуi мүмкiн, сол сияқты қолдың да, құлақтың да белгiлi бiр шекарасы бар. Ал тiлдiң өрiсi өте кең. Егер тiлдi қадағалап, сөзге есеп берiп тұрмаса, оған шайтан араласып, иесiн жамандыққа жетелеуi мүмкiн. Тiлдiң кесірінен адам баласы тозаққа түседi. Тiлiн шариғат жүгенiмен жүгендеп, екi дүниеге де пайдасы бар сөздердi сөйлеген адам ғана бұндай жамандықтан құтыла алады. Адам баласын көп жағдайда бақытсыздыққа, күнә iстерге душар ететiн нәрсе — ол тiл. Сондықтан да адамдарды жолдан адастырудағы шайтанның ең үлкен аспабы тiл болып саналады. Сол себептi шариғатымыз тiлдi қалай болса солай сөйлеуден сақтауға шақырады. Пайдасыз сөз сөйлегеннен гөрi үндемей тұруды дәрiптейдi.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кiмде-кiм сөйлемей, тыныш тұрса, бәледен құтылады», — деген. Және бiр сөзінде: «Тiлiне сақ болып, тыныш тұру — даналық. Бiрақ бұны түсiнiп, амал етушiлер аз», — деген. Яғни тiлiне ие болып, тыныш тұруда ақылдылық және сақтық бар.

Абдулланың әкесi Суфян деген сахаба айтады: «Мен Пайғамбарымызға (с.ғ.с.): «Уа, Алланың Елшісі! Маған сiзден кейiн басқа ешкiмнен сұрамайтындай Исламнан бiр iстi көрсетiңiз», — дедiм. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Аллаға иман келтір, содан соң ол иманыңда мықты тұр», — дедi. Мен: «Қайсы нәрседен сақтанайын?» — дедiм. Сол уақытта Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) қолымен тiлiн көрсеттi, яғни «Тiлiңе ие бол», — дедi».

Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) үмбетінен тiлiне сақ болған адамның жәннатқа кiруiне кепiлдiк берiп: «Кiмде-кiм маған тiлi мен екi аяғының арасындағы нәрсенi жамандықтан сақтауға кепiлдiк берсе, мен де оның жәннатқа кiруiне кепiлдiк беремiн», — деген.

Мұғаз ибн Жәбал Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.): «Қандай iстер жақсы?» — деп сұрады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) тiлiн шығарып, үстiне cаусағын қойып, тiлге сақ болу дегендей ишара еттi. Кейiн: «Кiмде-кiм жамандықтан сақтануды қаласа, тiлiне сақ болуды ләзiм тұтсын», — дедi. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) күнәнiң көпшiлiгi тiлден болатындығын ескертiп: «Шынында, Адам баласы күнәнiң көбiсiн тiлiнен табады», — дейдi.

Бұрынғы пайғамбарлардың үмбеттерi өз пайғамбарларынан жәннатқа алып баратын амалдар жайында сұрағанда да, барлығы бiрiншi болып тiлге сақ болуды айтқан. Мысалы, Исадан (ғ.с.): «Уа, Иса, бiзге жәннатқа алып баратын амалды көрсет», — дегенде, Иса пайғамбар үмбетіне: «Еш сөйлемеңдер», — дедi. Үмбеті: «Бiз сөйлемей жүре алмаймыз», — дегенде: «Олай болса, тек қана жақсы сөз сөйлеңдер», — деп бұйырды.

Дәуiт пайғамбардың баласы Сүлеймен де адамдарға: «Егер сөйлеу күмiс болатын болса, сөйлемей тыныш тұру — алтын», — деп түсiндiрдi. Тура сол сияқты Пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.ғ.с.) бiр кiсi келiп: «Әй, Мұхаммед! Маған менi жәннатқа кiргiзетiн амалдарды айт!» — деп сұрады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) ол кiсiге былай дедi: «Аш қалғанға тағам, шөлдегенге сусын бер, жақсылыққа бұйыр, жамандықтан қайтар. Егер бұған да шамаң келмесе, онда жақсы сөз айт, жаман сөзден тiлiңдi сақта!» Және бiр хадисінде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кiмнiң сөзi көбейсе, қателесуi де көп болады. Кiмде-кiмнiң қателесуі көбейсе, күнәсi көбейедi. Кiмнiң күнәсi көп болса, тозаққа лайық болады», — деген.

Өткен ғұламаларымыз және басқа да кiсiлер тiлден сақ болу жайында дана сөздерiн айтып кеткен. Әбубәкір Сыддық өзiн көп сөйлеуден тыю үшiн аузына кiшкентай тас салып жүреді екен. Сұраған адамдарға қолымен көрсетiп: «Бұл тастардың маған келтiрген пайдасы көп», — деп жауап бередi екен. Тауус деген кiсi: «Менiң тiлiм — бiр жыртқыш аң. Егер бетiмен жiберсем, өзiмдi жеп қояды», — деген. Кейбiр ғұламаларымыз: «Сөйлемей тыныш тұру адамға екi жақсылық әкеледi: бiрiншiсi — дiнiнде аман болады, екiншiсi — қасындағы бауырынан ақылдырақ болады», — деген.

Ата-бабаларымыз: «Екi нәпсiсiн тыйған адам әулие болар», — деген екен. Расында, тiлiн жамандықтан сақтаған адам екi дүниеде де ұлық дәрежелi болады. Cебебi тiлге сақ болу тiлдiң апаты болған — қателесу, жалған сөйлеу, өсек айту, сөз тасу, өзiн адамдарға көрсетiп сөйлеу, екiжүздiлiк, жаман сөздi сөйлеу, өзiн ақтап сөйлеу, дұрыс болмаған сөздерге кiрiсiп кету, бiреудi жамандағанда асырып жiберу, тiлiмен адамдарға азар беру және бiреудiң абыройын айрандай төгу сияқты жамандықтардан сақтайды. Бұл апаттар тiлге жеңiл болғанымен, иесiне жаратылыс жағынан және шайтан тарапынан жамандықтардың келуiне үлкен себеп болады. Көбiнесе адам баласы осы айтылып өткен iстерге кiрiсе кеткенде өзiн тоқтатып қалуға шамасы жетпей қалады. Кейiн көңiлiне айтқысы келген сөздi айта салады, айтқысы келмеген сөздi айтпай қояды. Сондықтан да шариғатымыз тiлге сақ болып, тыныш тұрудың қасиетi ұлық деген. Сондай-ақ тiлге ие болу әрдайым салмақты болуды, ойлануды, бұл дүниеде және ақыретте есеп берудiң қиыншылығынан аман сақтап қалуды өз iшiне қамтиды.

Алла Тағала Құран Кәрiмде «Қаф» сүресiнiң 18-аятында: «Аузынан бiр сөз шығарса болды, алдында аңдушы дайын», — деген.

Осы аяттың өзi бiздерге орынсыз сөйлемей, үнсiздiк сақтаудың ләзiм екендiгiне дәлел болады. Негiзiнде сөздiң өзi төртке бөлiнедi:

  1. Анық зиян.

  2. Таза пайда.

  3. Пайдасы да, зияны да бар.

  4. Пайдасы да, зияны да жоқ.

Осылардың ішінен анық зияны барынан тiлiмiздi сақтауымыз қажет. Зияны да, пайдасы да барынан да тiлiмiзге ие болуымыз керек. Себебi жақсы сөзге жаман сөз араласса, ол жақсылықты еш қылады. Ал ендi пайдасы да, зияны да жоқ сөздерден де сақ болу жөн болады. Өйткенi пайдасыз сөздермен шұғылдану уақытты зая кетiредi. Нәтижесiнде, бiрiншiден, ақыретте уақытты бекерге өткiзгенiне жауап берсе, екiншiден, сауаптың орнына пайдасыз нәрсе iстеген болады.

Тiлдi сақтау қажет болған жамандықтың бiрi — ғайбат, өсек айту. Ғайбат — ауыр күнәлардың бiрi. Ғайбат — бiр кiсiнiң өзi жоқта сыртынан айыбын айту.

Алла Тағала Құран Кәрiмде ғайбаттың жамандығын келтiредi және ғайбат етушiнi өлiктiң етiн жеген адамға теңестiрген. Алла Тағала Құранда «Хұжұрат» сүресiнiң 12-аятында: «Бiреудi біреу ғайбаттамасын. Бiреулерiң өлген туысының етiн жеудi жақсы көре ме? Әрине, оны жек көрiп жиіркенесіңдер», — деген. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Мұсылманның мұсылманға қаны, малы және абыройын төгуі — харам», — деген.

Алла Тағала Мұса пайғамбарға түсiрген бiр уахиында: «Әй, Мұса! Кiмде-кiм ғайбат еткенiне тәубе етiп дүниеден өтсе, пейiшке ең ақырында кiредi. Ал кiмде-кiм ғайбат етiп, тәубе етпей дүниеден өтетiн болса, тозаққа бiрiншi болып кiредi», — деген. Хазiретi Омардың (р.а.): «Алланы зiкiр етiңдер — шипа болады, адамдарды ғайбат етпеңдер — дерт болады», — дегенiндей, Алланы көп еске алып, адамдарды ғайбат етуден сақтайық. Алладан ғибадатқа тауфиқ беруiн сұраймыз.

Тiлдi сақтау қажет болған екiншi нәрсе — жалған сөйлеу. Жалған сөйлеу — барлық жамандықтың негiзi. Жалған сөйлеу барлық iстердi бұзады және өз иесiнiң абыройын айрандай төгедi. Ондай кiсiлер адамдардың сенiмiнен шығады, өтірікші атанады. Адам баласы басқа адамдармен қарым-қатынас жасағанда, сауда-саттықта, жалпы қандай iсте болмасын сенiмге ие болуы керек. Ал жалған сөйлеу сенiмнен айырады. Сондықтан да Алла Тағала өтірікшiлердi жолдан адасқандардың қатарына қосады.

Алла Тағала Құран Кәрiмнiң «Зүмәр» сүресiнiң 3-аятында: «Расында, Алла өтірікші әрі өте қарсы болғанды тура жолға салмайды», — деген. Өтiрiк сөйлеу — ауыр күнә. Бiрақ кей жерлерде, мысалы, екi адам ұрысып қалса татуластыру үшiн, соғыста және ерлi-зайыптылар жанжалдасып қалса жарастыру үшiн өтiрiк айтуға рұқсат етiледi. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Адамдардың арасын түзету үшiн жақсы сөздердi тауып сөйлеген адам өтiрiкшi емес», — деген. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) мұсылмандарды екiжүздiлiктiң белгiсi болған жалған сөйлеуден сақтандырған. Шыншылдық жақсылыққа алып баратындығын нұсқай отырып, тура сөздi болуға үндеп: «Шыншылдық — жақсылыққа, iзгiлiк жәннатқа алып барады. Кiмде-кiм шындықты айта берсе, Алланың алдында Сиддиқ, яғни турашыл, шыншыл деп жазылады. Өтiрiк жамандыққа, жамандық тозаққа жетелейдi. Кiмде-кiм өтiрiктi көп сөйлесе, Алла алдында жалғаншы деп жазылады», — деген.

Құрметтi оқырман! Жоғарыда айтылған жаман сипаттардың қайсысын алатын болсақ та, тілмен жүзеге асатынын байқаймыз. Демек, тілдің зарары адамның жүрегiн қарайтып, иман нұрын өшiредi. Өйткенi бұл нәрселер тек қана айып немесе күнә ғана емес, адамды тозаққа алып баратын шайтанның айлаларынан болып саналады. Сол үшiн де Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Мүміннiң жүрегiнде бұл сипаттар болмайды», — деген. Яғни мүмін пенденің жүрегiнде иман мен жоғарыда айтып өтiлген жаман сипаттар бiрiкпейдi. Алла Тағала барлығымыздың жүрегiмiздi арам нәрселерден сақтап, көкейiмiздi иман нұрымен нұрландырсын!

Үмбет Сабырханов

«Әл-Хақ» мешітінің имамы

Рысқұлов ауданы

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: