Ислам дінінде адамның дүниеден өтуі оның жауапкершілігінің толық аяқталғанын білдірмейді. Егер марқұмның тірі кезінде адамдарға немесе Алла Тағала алдындағы өтелмеген міндеттері болса, оларды өтеу мәселесі ерекше маңызға ие. Сондықтан шариғатта қайтыс болған адамның қарызын өтеу – артында қалған туыстарының және мұрагерлерінің басты міндеттерінің бірі ретінде қарастырылады. Қазақ халқы да ежелден бұл мәселеге ерекше мән беріп, «қарызбен кеткен адамның рухы тыныш болмайды» деген түсінікті ұстанған.
«Дін мен дәстүр» кітабында адамды соңғы сапарға шығарып салу рәсімдері баяндалып, жаназа намазы алдында имамның жамағаттан: «Марқұмның қарызы бар ма еді?» деп бірнеше рет сұрайтыны айтылған. Егер қарызы анықталса, оны өтеу артында қалған жақындарына аманат етіледі. Бұл – марқұмның ақыреттегі жауапкершілігін жеңілдетуге бағытталған исламдық қағида.
Ислам шариғаты бойынша ең алдымен марқұмның қалдырған мал-мүлкінен жерлеу шығындары өтеледі. Одан кейін оның тірі кезінде алған қарыздары қайтарылады. Тек осыдан соң ғана өсиеті орындалып, қалған мұрасы мұрагерлеріне шариғат талаптарына сай бөлінеді. Бұл тәртіп адамның өзгенің ақысын жемеуіне және дүниеден адал кетуіне бағытталған.
Қарыз тек ақшалай міндетпен ғана шектелмейді. Адамның Алла алдындағы өтелмеген парыздары да бар. Егер кісі нәзір еткен оразасын немесе белгілі бір діни міндетін орындай алмай дүниеден өтсе, оның жақындары сол ғибадатты оның атынан орындауына болады. Кітапта Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алланың борышын өтеу бәрінен де лайық» деген хадисі келтіріліп, қайтыс болған адамның нәзір оразасы мен қажылығының орнына жақындарының орындауына рұқсат етілгені баяндалады.
Қазақ халқының жерлеу дәстүрінде «жыртыс тарату» рәсімі де кездеседі. «Дін мен дәстүр» кітабында жыртыстың тек естелік немесе кәде емес, марқұмның тірі кезінде адамдармен болған алыс-берісі мен ықтимал ақыларының өтеуі ретінде берілгені түсіндіріледі. Яғни, бұл рәсімнің түпкі мақсаты – марқұмның ешкімнің алдында қарыз болып қалмауын тілеу.
Сонымен қатар исламда қайтыс болған адамның артынан дұға жасау, Құран бағыштау, садақа беру – сауапты амалдардың қатарына жатады. Бұл амалдар марқұмның дәрежесінің көтерілуіне себеп болады деп үміт етіледі. Кітапта ханафи және басқа да ғұламалардың пікірлері келтіріліп, Құран оқу мен дұғаның сауабы өлген адамға жететіні айтылған.
Қазақ дәстүрінде қаралы үйге келген адамдардың марқұмға дұға жасап, оның жақсы қасиеттерін еске алуы, артында қалған жақындарына көңіл айтуы да ислам әдебімен сабақтас. Бұл – дүниеден өткен адамды құрметтеу ғана емес, тірілерге өнеге болатын ізгі амал.
Қорыта айтқанда, өлген адамның қарызын өтеу – Исламдағы ең маңызды міндеттердің бірі. Пенденің адамдар алдындағы берешегі қайтарылып, Алла алдындағы міндеттері қолдан келгенше өтелуге тиіс. Құран бағыштау, дұға жасау, садақа беру және марқұмның қарызын өтеу арқылы тірілер оған құрмет көрсетіп, ақыреттік жағдайының жеңілдеуін тілейді. Осындай ізгі амалдар ислам діні мен қазақ халқының дәстүрінде өзара сабақтасып, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келеді.
Ержан Көшкімбай
Мойынқұм ауданының бас имамы


16 Шілде 2026
30 Мухаррам 1448

