Жамбыл облысы Тұрар Рысқұлов аудандық «Сұлтан» орталық мешітінің наиб имамы Джадраев Сұлтаншәріп қажы Каменка ауылдық «Бәйдібек баба» мешітінде жұма уағызын айтып, артынан медреседе білім алуға үгіттеп, насихат жүргізді. Діни білім алудың артықшылығы, ғалымдардың дәрежесі жайында айтып, асыл дінді үйренуге, білім алуға, әдеп-ахлақты үйренуге шақырып, қызықтырды.
Шариғат ілімі дегеніміз – бүкіл дүниені кім жаратқандығын, қандай мақсатпен жаратқандығын, қалай жаратқандығын және сол дүниеде өмір сүру жолдарын үйрететін ғылым. Шариғи білімді меңгерген адам алдымен өзін жаратқан Раббысын таниды. Сондай-ақ, өлімнен кейін де өмір бар екенін, адам өзі Алланың алдында істеген істері үшін сұраққа тартылатынын біледі. Сондықтан, Алланың бекіткен адал заңын бұл дүниеде берік ұстануға тырысады. Шариғат ілімі адамды сауапты іс жасауға итермелейді, күнәдан алыстады. Осы арқылы қоғам түзеледі. Дінді меңгерген адам айналасындағыларға құрметпен қарап, олардың көңіліне қаяу түсірмеуге тырысады. Әрдайым жақсылық жасауға жақын тұрады.
Шариғат білімі адамды өмір бойы мазалайтын маңызды сұрақтарға нақты жауап алуға мүмкіндік береді. Мысалы, бүгінде көп адам Алланың бар екенін және бір екенін білсе де, өмірдің мәні неде екенін, өзінің не үшін жаратылғанын, Құдайға деген құлшылықтың не үшін жасалынатынын біле бермейді. Ал, «Зәрият» сүресінің 56-аятында «Мен жындар мен адамзатты тек өзіме ғибадат жасау үшін жараттым» делінген. Яғни, шариғи білім сіздің өміріңіздің шамшырағы.
Қуаныш Түзелбеков
Рысқұлов аудандық мешіттің баспасөз қызметі



21 Шілде 2026
5 Сафар 1448

