Жамбыл облысы Тұрар Рысқұлов аудандық «Сұлтан» орталық мешітінің наиб имамы Джадраев Сұлтаншәріп қажы ауылдық мешіт имамдарына «Ислам және адал қоғам» жылы аясында «Отбасылық тәрбие және адал қоғам» атты семинар өтті. Семинарда отбасылық тәрбиені қалай жүйелеу керек, ата-ананың бала алдындағы құрметін сақтай білуі жайында кеңінен баяндап жеткізді.
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Сендерден әрбірің бақташысыңдар, әрі әрқайсың өз қарамағыңдағы үшін жауаптысыңдар» деген. Бұл хадис адал қоғам құру әр адамнан басталатынын көрсетеді. Әке – отбасына, басшы – халқына, ұстаз – шәкіртке адал болуы тиіс. Тізімді біраз жерге дейін ұзарта беруге болады. Бірақ мақсат ол емес, мақсат – осы бір ұлы іске әрбір жеке адам өзінен бастап кірісуі маңызды екеніне назар аударту.
Адалдық – бұл иманмен нығаятын, әділетпен басқарылатын және ең бастысы тәрбиемен бойға сіңетін қасиет. Мұндай қоғамда адамдар Алланың разылығын бірінші орынға қояды, бір-біріне қиянат жасамайды. Адал қоғам – дүниелік табыстан бұрын ақыреттік жауапкершілікті ұмытпаған қоғам. Ал иман мен адалдық үстем болған жерде береке мен тыныштық орнайды. Осындай берекелі қоғам болуымызды Жаратқан нәсіп етсін!
Қуаныш Түзелбеков
Рысқұлов аудандық мешіттің баспасөз қызметі



21 Шілде 2026
5 Сафар 1448

