Жамбыл облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінде аймақ имамдарының кәсіби біліктілігін арттыруға бағытталған маңызды семинар болып өтті. Рухани шараға белгілі дінтанушы, Республикалық ақпараттық-насихат тобының мүшесі Арман Қуанышбаев арнайы келіп қатысты.
Алқалы жиынды Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Жамбыл облысы бойынша бас имамы Асқар Зәкіржанов ашып беріп, өңірдегі дін қызметкерлерінің жұмысына сәттілік тілеп, ақ батасын берді.
Басқосу барысында білікті ұстаз Арман Қуанышбаев мешітте дәріс беру мен шәкірт тәрбиелеу ісіне, оларға дұрыс бағыт-бағдар сілтеудің маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар, әрбір дін қызметкері өз иығында үлкен жауапкершілік тұрғанын, әрдайым имам екенін ұмытпай, артында тұтас дін абыройы бар екенін сезінуі тиіс екенін қадап айтты.
Насихат аясында мешіттің ішкі-сыртқы тазалығы мен тәртібін сақтау мәселесі де сөз болып, бұл бағыттағы жұмыстарды жандандыру қажеттігі тілге тиек болды.
"Һибатулла Тарази" мешітінің баспасөз қызметі



18 Шілде 2026
2 Сафар 1448

