Тараз қаласына белгілі дінтанушы, Республикалық ақпараттық-насихат тобының мүшесі Арман Қуанышбаев арнайы сапармен келді. Сапар аясында білікті ұстаз шаһардағы «Әзрет Әли» мешітінде болып, жергілікті жамағатпен жүздесті. Өнегелі кездесуге діни тағылым алып, көкейкесті сауалдарына жауап іздеген қалың бұқара көптеп жиналды.
Аталған мешіттің имамы Рысбай Еспенбетов жамағатқа ұстазды тағы да арнайы түрде таныстырып, сапарлатып келген ардақты ұстазға игі ілтипатын білдірді.
Ыстық ықыласқа толы жүздесу барысында ұстаз бүгінгі күннің ең өзекті мәселесі — ғаламтор кеңістігіндегі ақпарат тасқыны мен оны сүзгіден өткізу жайында салиқалы насихат айтты. Арман Қуанышбаев виртуалды әлемдегі желдей ескен әрбір мәліметке сене бермей, ақ пен қараны ажыратуда мұсылман баласына тән қырағылық пен парасаттылық таныту қажеттігін ерекше атап өтті. Санаға сәуле шашқан ғибратты кездесу соңында жамағат білікті маманның насихатын ұйып тыңдап, рухани азық алып қайтты.
"Һибатулла Тарази" мешітінің баспасөз қызметі



17 Шілде 2026
1 Сафар 1448

