Дін мен дәстүр – құстың қос қанаты секілді, ұлтымыздың рухани болмысын құрайтын, бірін-бірі толықтырып тұратын егіз ұғым. Қазіргі қоғамда «дін дәстүрді жоққа шығарады» немесе «дәстүр дінге қайшы» деген сыңаржақ, қате түсініктердің бой көрсетіп қалатыны жасырын емес. Алайда, тарих таразысына салсақ, Ислам діні халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан, адамзатқа зияны жоқ, игілік пен адамгершілікке негізделген әдет-ғұрыптарын ешқашан теріске шығармаған. Керісінше, оны «ғүрф» (ізгі әдет-ғұрып) ретінде қабылдап, ислам құқығының (шариғаттың) жанама қайнар көздерінің бірі ретінде бекіткен.
Ұлт ретінде сақталып, ел ретінде еңсе көтеруіміздің басты сыры – біздің ғасырлар бойы қалыптасқан бірегей рухани кодымызда. Ал сол кодтың алтын өзегі – дін мен дәстүрдің сабақтастығы. Дәстүр – ұлттың мінезі, мәдениеті мен тұрмыс-салты болса, дін – сол мінезді иман нұрымен тәрбиелеп, дұрыс бағытқа салып тұратын компас іспетті.
Қазақ даласына Ислам діні келгенде, ол күшпен емес, халқымыздың ізгі салт-санасымен, кең пейілімен бітеқайнасып, жүрекке жылы қабылданды. Бүгінгі жаһандану заманында осы екі құндылықты бір-біріне қарсы қою, немесе «бірінсіз бірі өмір сүре алады» деп ойлау – ұлттық болмысымызды тамырынан балталаумен тең қауіпті қадам.
Ислам діні жергілікті халықтардың мәдениетін толығымен жойып, бәрін бір қалыпқа салуды мақсат етпейді. Қайта, адамгершілікке, әділдікке және табиғи болмысқа қайшы келмейтін кез келген жақсы дәстүрді құптайды, оған кеңістік береді.
Алла Тағала қасиетті Құранның «Ағраф» сүресі, 199-аятында Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) былай деп бұйырған: «Кешірімділік жолын ұстан, ғұрыппен (жақсылықпен, ізгі әдет-ғұрыппен) әмір ет және надандардан теріс айнал!»
Бұл аяттағы «ғұрып» сөзі – адамдар арасында жақсы деп танылған, шариғаттың негізгі қағидаларына (Аллаға серік қосу, харам амалдар жасау сияқты) қайшы келмейтін әдет-салттарды білдіреді. Қазақтың үлкенді сыйлауы, келіннің сәлем салуы, туыстық қатынасты үзбеуі, жетімін жылатпауы – осы Құран нұсқаған ізгі ғұрыптың өміршең көріністері.
Ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өміріне үңілсек, оның да араб халқының Исламға дейінгі ізгі салттарын (мысалы, қонақжайлылық, сертке беріктік, әлсіздерге қарайласу) сол қалпында қалдырып, тіпті оларды мақтан тұтқанын көреміз. Осыған сүйенген фиқһ (ислам құқығы) ғалымдары: «Әдет-ғұрып – үкім шығаруда негізге алынады» деген іргелі фиқһтық ережені бекіткен.
Сондықтан да қазақтың әрбір дерлік салтының астарынан Исламның иісі аңқып, иманның нұры көрініп тұрады. Бұған күнделікті өміріміз бен тарихымыздан бірнеше нақты дәлел келтіруге болады:
Қонақжайлылық және «Құдайы қонақ»: Қазақ үйіне келген кез келген жолаушыны «Құдайы қонақ» деп атап, үйдің ең сыйлы жері – төріне шығарған, барымен базарлап ең тәттісін алдына тосқан. Бұл – Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Кімде-кім Аллаға және ақырет күніне иман келтірген болса, қонағын сыйласын» (Имам Бухари) деген хадисінің қазақ тұрмысына әбден сіңіп, мінезге айналған тікелей көрінісі.
Тұсаукесер салты: Бала қаз-қаз тұрып, алғашқы қадамын басқанда, оның тұсауын ала жіппен кеседі. Бұл жіптің ақ пен қарадан өрілуі – баланың болашақта «ешкімнің ала жібін аттамасын», яғни біреудің хақына кірмесін, қиянат пен ұрлық жасамасын деген терең ниеттен туған. Бұл – Исламдағы харам мен адалды ажырату, өзгенің мүлкіне қол сұқпау туралы перзент санасына құйылатын алғашқы ұлы тәрбие сағаты.
Сәлемдесу және үлкенді сыйлау: Қазақтың «Ассалаумағалейкум» деп оң қолын кеудесіне қойып, ілтипатпен сәлем беруі, үлкеннің алдын кесіп өтпеуі – діндегі әдептіліктің (әдәб) шыңы. Хадисте: «Кішілерімізге мейірімділік танытпаған және үлкендеріміздің хақын білмеген (сыйламаған) адам бізден емес» (Имам Термизи) делінген. Демек, үлкенді құрметтеу – ұлттық тәрбиеміз бен діни міндетіміздің тоғысқан тұсы.
Қорыта айтқанда, дін – бұл мәңгілік бәйтеректің берік тамыры болса, дәстүр – сол ағаштың жайқалған жапырағы мен берекелі жемісі. Тамырсыз ағаш кеуіп қалатыны секілді, діни негізі жоқ дәстүр де өзінің рухани мәнін жоғалтып, уақыт өте келе құрғақ ырым-жырымға айналады. Ал жапырақсыз тамырдың сұрықсыз көрінетіні сияқты, ұлттық дәстүрден, халықтың төл мәдениетінен ажыраған дін де жат болып көрініп, жүректерге жылулық ұялата алмайды.
Қазіргі таңда біздің қоғамға керегі – соқыр сенім мен радикализмге де, дінді мүлдем жоққа шығаратын нигилизм мен атеизмге де бой алдырмай, бабаларымыз ұстанған салиқалы «орта жолды» (васатия) берік ұстану. Дәстүрімізді дінімізбен суарып, дінімізді дәстүрімізбен көркемдегенде ғана ішкі бірлігіміз бекем, рухани іргетасымыз мықты, болашағымыз жарқын болмақ.
Ержан Көшкімбай,
Мойынқұм ауданының бас имамы


16 Шілде 2026
30 Мухаррам 1448

