Қордай ауданы, Ауқатты ауылындағы «Нұр Ислам» мешітінде шығыс аймағына қарасты имамдарға арналған Құран тәжуиді бойынша семинар ұйымдастырылды. Аталған семинар дін қызметкерлерінің Құран оқу мәдениетін жетілдіру, тәжуид қағидаларын терең меңгерту және өзара тәжірибе алмасуын нығайту мақсатында өткізілді.
Семинарды «Өтеген» мешітінің ұстазы Атанбаев Нұрсұлтан жүргізді. Бағдарлама барысында Құран Кәрімді тәжуид талаптарына сай дұрыс оқу, әріптердің махраждары мен сипаттарын сақтау, созылыңқылықтар, ықылас пен көркем оқу әдебі кеңінен түсіндірілді. Тәжірибелік бөлімде әрбір имам Құран аяттарын оқып, ұстаз тарапынан жеке-жеке түзетулер мен әдістемелік кеңестер алды. Сонымен қатар жиі кездесетін қателіктер талданып, оларды болдырмау жолдары түсіндірілді. Қатысушылар өзара пікір алмасып, тәжірибелерімен бөлісіп, көкейлеріндегі сұрақтарға жауап алды.
Семинар барысында Құранды дұрыс оқу – имамның ең маңызды міндеттерінің бірі екені айтылып, мешіт жамағатына сапалы діни қызмет көрсету үшін білімді ұдайы жетілдірудің маңыздылығы ерекше атап өтілді. Осындай тағылымды басқосулар имамдардың кәсіби біліктілігін арттыруға, Құранға деген құрметті нығайтуға, тәжуид ілімін терең меңгеруге және аудан мешіттеріндегі діни-ағарту жұмыстарының сапасын арттыруға оң ықпал етеді.
Шара соңында қатысушылар семинарды ұйымдастырушыларға ризашылықтарын білдіріп, алдағы уақытта да осындай білім жетілдіру бағытындағы кездесулердің жалғасын табуына тілектестік білдірді.
Аудандық «Қордай» мешіті баспасөз қызметі


15 Шілде 2026
29 Мухаррам 1448

