Жуалы: Ынсап пен шүкір – нығметті арттыратын қасиет

Жуалы: Ынсап пен шүкір – нығметті арттыратын қасиет

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Жуалы ауданы, Бауыржан Момышұлы ауылындағы «Толымбай тегі Зиябек» мешітінде жұма намазы оқылып, жамағатқа «Ынсап пен шүкір – нығметті арттыратын қасиет» тақырыбында тағылымды насихат айтылды.

Жұма уағызында аудан имамы Есет Тұрдыбайұлы адам баласына берілген барлық нығметтің Алла Тағаланың аманаты екенін ерекше атап өтті.

«Біз бұл өмірде иеленіп жүрген денсаулығымызды, мал-мүлкімізді, бала-шағамызды, сүйікті жарымызды өзіміздікі деп есептейміз. Алайда дүниедегі барлық игілік – Алла Тағаланың бізге уақытша пайдалануға берген аманаты ғана. Бір күні Жаратушы Өз аманатын қайтарып алса, тағдырға наразылық білдіріп, ынсаптан айырылуға болмайды. Өйткені барлық мүліктің шынайы Иесі – Алла Тағала», – деді уағызшы.

Сонымен қатар қазақ даналарының ынсап пен шүкіршілік туралы өсиеттеріне тоқталып, ынсапсыздықтың адамды сорға ұрындыратынын, ал шүкіршілік берекенің бастауы екенін жеткізді. Хакім Абайдың қарасөзінен мысал келтіріп:

«Егер ісім өнсін десеңіз, ретімен істеңіз. Нәпсінің қалауына ермей, ынсапты серік етіңіз. Ынсап, ұят, терең ой – адамды кемелдікке жеткізетін қасиеттер», – деген сөздерінің мәнін түсіндірді.

Уағыз барысында шүкіршіліктің үш көрінісі кеңінен баяндалды:

шүкірді тілмен айту;

шүкірді амалмен көрсету;

жүректегі шүкіршілік сезімін күшейтетін ізгі істерді көбейту.

Насихат соңында жамағат қолдағы бар нығметтің қадірін біліп, әрдайым шүкіршілік етудің маңыздылығына шақырылды. Өйткені шүкіршілік – өмірге береке дарытып, жүрекке қанағат сыйлайтын ұлы қасиет. Алла Тағала Қасиетті Құранда уәде еткендей, шүкір еткен құлдарының нығметін арттырады.

Жиын соңында Есет Тұрдыбайұлы: «Жаратқан Алла баршамызды ынсапты құлдарының қатарынан етіп, әрбір сәтіне шүкір ететін шынайы пенделерінен болуды нәсіп етсін!» – деп ақ батасын берді.

Жуалы аудандық мешітінің баспасөз қызметі.

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: