Тараз қаласының ҚМДБ өкілдігіне қарасты «Ар-Рахман Ар-Рахим» мешітінің әйелдер секторында ұстаз Зора Айдарованың жетекшілігімен Қасиетті Құранды оқуды бастаған шәкірттерді марапаттауға арналған салтанатты іс-шара өтті.
Мерекелік бағдарлама мазмұнды әрі тағылымға толы болды. Қонақтарға Исламдағы ананың мәртебесі, ата-анаға құрмет көрсетудің маңыздылығы туралы өнегелі көріністер ұсынылды. Сондай-ақ, әділетсіздік пен әділдік тақырыбын қозғайтын тәрбиелік қойылымдар көрсетілді. Ислам тақырыбындағы викториналар көпшіліктің ерекше қызығушылығын тудырып, дұрыс жауап берген қатысушыларға естелік сыйлықтар табысталды.
Іс-шара барысында шәкірттерге діни білім алуға деген ынтасы мен талпынысы үшін Қасиетті Құран кітаптары мен алғыс хаттар табыс етілді. Мереке жылы атмосферада өтіп, тағылымды насихаттар мен ізгі тілектерге ұласты.
Іс-шараның құрметті қонақтары ретінде ұстаздар Зейнеп Үсенова, Жанат Күшербаева, Жайна Бекназарова және Салтанат Мұрзаева қатысты. Олар шәкірттерді жеткен жетістіктерімен құттықтап, білім жолында табандылық танытып, Құран іліміне берік болуларына тілектестік білдірді.
Іс-шара соңында қонақтарға дастарқан жайылып, қатысушылар жылы әрі достық қарым-қатынас аясында еркін сұхбат құруға мүмкіндік алды.
Алла Тағала ұйымдастырушылардың, ұстаздардың және шәкірттердің барлық игі еңбектерін қабыл етіп, Қасиетті Құранды олардың жүректерінің нұрына, екі дүниедегі өмірлерінің шамшырағына айналдырсын. Әмин.
Қалалық «Әулие-ата мешітінің баспасөз қызметі



15 Шілде 2026
29 Мухаррам 1448

