Жуалы ауданының Теріс және Бақалы ауылдарындағы «Мырзахмет ата» мешітінде жұма намазы оқылып, жамағатқа «Ынсап пен шүкір – нығметті арттыратын қасиет» тақырыбында тағылымды уағыз айтылды.
Уағыз барысында аудан мешітінің молдасы Тимур Садвакасұлы ынсап пен шүкірдің мұсылман өміріндегі маңызына тоқталды.
«Ынсап – өзгенің ақысын білу, қолдағы барына қанағат ету және нәпсінің шексіз қалауларына тосқауыл қоя білу. Ал шүкір – Алла Тағаланың берген сансыз нығметтерін жүрекпен сезініп, тілмен айтып, іс-әрекетпен, яғни құлшылық арқылы көрсету. Бұл екі қасиет адам бойында тоғысқанда өмірге береке орнайды. Ал береке бар жерде нығметтің де арта түсетіні сөзсіз», – деді ол.
Сондай-ақ уағызда Алла Тағаланың адам баласын әрдайым шүкіршілік етуге үндейтіні, қасиетті Құранда шүкірдің маңызын айқындайтын көптеген аяттар келтірілгені айтылды. Нұх (ғ.с.) пен Ибраһим (ғ.с.) пайғамбарлардың шүкіршіл болғандары мысал ретінде баяндалып, Алланың шүкір еткен құлдарын мадақтап, оларды таңдаулы пенделерінің қатарына қосатыны ерекше атап өтілді.
Осыған байланысты қасиетті Құранның «Бақара» сүресінің 152-аятындағы:
«...Маған шүкір етіңдер, әсте күпірлік етпеңдер» (وَاشْكُرُوا لِي وَلَا تَكْفُرُونِ),
деген аят келтіріліп, жамағатқа шүкіршіліктің маңызы түсіндірілді.
Уағыз соңында Алла Тағаланың шүкіршілікті Өзінің кеңшілігі мен нығметінің артуына, сондай-ақ берілген игіліктің сақталуына себеп еткені айтылды. Сонымен қатар Алланың көркем есімдерінің бірі – әш-Шәкур, яғни аз амалға мол сауап беріп, құлдарының шүкірін қабыл етуші екені түсіндірілді.
Жамағатқа әрбір мұсылманның ынсап пен шүкірді өмірлік ұстанымына айналдырып, Алланың берген нығметтеріне әрдайым ризашылық білдіруі керектігі насихатталды.
Жуалы аудандық мешітінің баспасөз қызметі.


10 Шілде 2026
24 Мухаррам 1448

