Даналық пен дарақылық - тектілердің тілегі

Даналық пен дарақылық - тектілердің тілегі

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Аса қамқор ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын!

Қазақ әр-қашанда Исламмен көркейген, өскен халықтың бірі.  Байыппен бағамдаңыз, Жаратушының ұлы сыйы - санамен саралаңыз, адамға қашан да дін керек екен. Дін болғанда да - Хақтың діні. Бабалар сенімге селқос қарамады. Мұсылманшылыққа мығым болды. Ғибратты ғұмыр кешті. Мұсылман қазақты діні мен тілінен айыру мүмкін болмады. Дін мен тіл жанашыры Ахмет Байтұрсынұлы мұны кесіп айтқан: «Қазақты діннен айыруға болмаса, жазуынан да айыруға болмайтын жұмыс. Дінмен байланысқан жазу - дін жоғалмайды», «Тұрады ұят тұрған жерде иман,  Әдебі пайғамбардың бұған илан. Оқымысты былай дейді: «Көптеген кісілердің пікірінше, дін адамзатқа тән нәрсе емес, өз алдына жеке пайда болған нәрсе делінеді. Бұлардың ойынша, дін мумин делінген нәрсе, ғылыми түрде (айтқанда) сену, илану деп қарайды... Олар айтқандай болса, дін кісіні сақтай алмайды, керісінше, діннің өзін кісілер сақтау керек болады. Мұндай дін ақиқат ғылым, біліммен бірге жасай алмайды. Біреулер халық көзі неғұрлым ашыла түссе, діннің де тынысы тарыла түседі дейді. Алайда Құран Кәрімнің айтуынша, дін жалған нәрсе емес, ағайындардың шын табиғи сенімі. Бұған қарағанда ешқандай адам дінсіз өмір сүре алмайды. ... Дін адамдарға мұқтаж емес, адам дінге мұқтаж, адамдарды дін ғана дүниеге мәлім етеді.

      Ислам қауымындағы бірқатар адамдар нақты, ақиқат дін жолын тұтпай, дінді теріс ұғушылар пікірін малданып, қараңғылыққа, надандыққа қарай бет алды. ...Біздің халқымыз ақиқат дінді ұстаса, біз надан, жалқау боп қараңғылықта қалмаған болар едік. Ұрлық, қиянат, арақ ішу, карта ойнау сияқты халықты бұзатын қылықтан ада болар едік. Демек, шын дінді тұтсақ, әлем алдында масқара болмаймыз. Ақиқат дін жолымен тапқан игіліктеріміз адал болады да, өзге жолмен тапқан нәрселеріміз арам болады.
Қайдағы бір ескі ырым-жырымға сыйынып дін жасау лайықсыз. ...Ақиқат дін еш адамның желеп-жебеуіне мұқтаж емес» Иә, кейбір адамдардың дінге мойынсұнбау кесірінен қоғамда надандық белең алды. Елде дінсіздік жайлаған кезде қазақтың қамын ойлап қартайған қарт данышпан Абай:
«...Ел бұзылса, құрады шайтан өрмек,

Періште төменшіктеп,  қайғы жемек.

Өзімнің иттігімнен болды демей,

Жеңді ғой деп шайтанға болар көмек» - деп толғанса керек. Мұқағалидың да:

 «Құбылаға бет алып қол қусырып, 

Сәждеге бас қоятын қайда күнім?» - деуі де ақиқатты аңсаудан, өмірдің болмашы қызықтарына алданбаудан туған дүние еді. Осыдан кейін ақын-жырауларымыз мұсылманшылықты ұстанбады деп қалай айта аламыз?.. Олардың тыныс-тіршілігі иманға орныққан, қанға сіңген, дәстүрге үйлескен, асыл дінмен астасып жатты. Иә, салтпен сабақтасқан Ислам құндылықтарын құлатпады. Құндылық құласа, былай айтқанда, дін болмаса дым болмайтынын білген еді.

Біз сөз қадірін білген халықпыз.

«Айтар сөзді сайлап  алғын ақылмен,

Жауабың дөп, қатар түссін нақылмен», - дейді Жүсіп Баласағұни бабамыз. Қазақ тура сөзбен төрелік айтып, даналықпен дау шешкен.

Ислам дінін қабылдағаннан кейін мұсылман қазақтың рухани, мәдени өмірінде жаңа бетбұрыстар болды. Ислам құндылықтары халқымыздың тілі мен тіршілігінде көрініс тауып, салтпен сабақтасып, әдемі үйлесіп жатты. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) іс-әрекеттері мен тағылымды тәрбиесі ұлтымыздың болмысына, өн бойына сіңісіп кеткен. 

Халық ауыз әдебиетінің ойсалар озық саласы - мақал-мәтелдерде көтерілген тақырып, айтылар ой, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) даналығымен үндесуі соның дәлелі дер едік. Мақал - халықтың моральдық кодексі, тәлімі мол тәрбие қағидасы. Күнделікті айтып жүрген нақыл сөздерді Алла Елшісінің (с.ғ.с.) хадисінен табамыз. Бір қызығы, мақал-мәтелдердің кейбіреуі әрі тілдік, әрі мағына жағынан да хадис мәтіндерімен бірдей.    Ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с.) тек дін мәселесінде емес, өмірдің әр саласында үмбетіне үлгі-өнеге болған. Мысалы, әлеуметтік салаға қатысты Хақ Елшісі (с.ғ.с.) бір өсиетінде былай дейді: «Үйден бұрын көрші тап, жолға шықпай тұрып жолдас тап» Халқымыз осы хадисті нақылға айналдырып: «Сапарға шықпас бұрын серігіңді сайла, үй алмас бұрын көршіңді ойла», - деген. Хадисте: «Асықпау - Рахманнан (Алладан), асығу - шайтаннан», - делінсе, халық арасында: «Асыққан шайтанның ісі», - деген нақыл кең тараған. Тағы бір мысал. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) күллі адам баласына: «Кеңес қылған ел азбас», - деп өсиет етсе, осы хадисті халқымыз да өмірінің өзегіне айналдырып, бертін келе мақал ретінде айтылып, тіпті қасына ұйқасын келтіріп былай деген: «Кеңес қылған ел азбас, кеңінен пішкен тон тозбас».

Бұл - ел арасында көп айтылатын нақылға қатысты біз келтірген хадистердің бір парасы ғана. Хадистің негізінде, мағынасында туындаған мақал-мәтелдер де жетерлік. Осыдан кейін қазақ асыл дін - Исламнан алыс болды деп қалай айта аламыз? 

Қазақты Құдайым өзінің дінімен дәріптеп мұсылмандықты үйреткен. Құдайым біздерді Исламнан айырмасын.  

Азамат Мұратбекұлы

Жамбыл аудандық «Бәйдібек» мешітінің найб имамы

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: