Асыл дініміз бен дәстүрімізді қатар алып ұштастырып жүрген дана халқымыз көрші ақысына да айналып өтпепті.Салт-дәстүрлеріміздегі көптеген әдет-ғұрыптарды шариғатымыздан, яғни ислам дінінен алған қазағымыз көрші ақысына өте қатты мән берген.
Сол себепті болар, «Алыстағы ағайыннан жақындағы көрші артық» деп, көршінің дәрежесін ағайыннан да жоғары қойған. Олай деуіміздің өз себебі бар. Әдетте кісі жақын көршісінің үйінде не болып жатқанын біледі. Келімді- кетімді кісісін көреді. Қандай да бір қиындыққа тап болғанда,ең алдымен көмекке келетін – көрші. Өйткені алыстағы ағайын ат терлетіп келемін дегенше, жаныңдағы көршің келіп бір жүгіңді көтерісіп тұратыны айтпаса да түсінікті. Басыңа келген қуанышты да алдымен ортақтасып, шашуын ала жүгіретін – көрші!
Осы тұрғыдан дініміз көрші ақысына айрықша мән беріп,көршімен тату тәтті болуды,оның қайғы-қуанышына ортақтасуды, қателіктері болса кешіріп, ішер асыңмен бөлісуді де насихаттайды. Бұл жайында Әнәс ибн Мәліктен жеткен риуаятта Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен игілігі болсын): «Жанындағы көршісі аш болып тұра, өзі тоқ болған адамды маған иман келтірді деп есептеуге болмайды», – деген.Сондықтан да қиыншылық, жоқшылық уақыттарда көршіге қарайласу -имандылықтың белгісі. Көршіге бас сұғып, хал-жағдай сұрасып тұрудың өзі өте сауапты іс және міндетті болып саналады.
Көршіңізбен жақсы болудан кем болып қалмайсыз. Дана халқымыз: «Жақсы болсаң көршіңмен, кем болмайсың еншіңнен», деп көршімен жақсы болудың қайтарымы тек жақсылық боларын айтып кеткен. Бұл жайында дінімізде де, Қасиетті Құран Кәрімнің «Ән Ниса» сүресінің 16-аятында: «Аллаға құлшылық етіңдер, Оған ешқандай серік қоспаңдар. Ата-аналарың мен жетімдерге, жақындарыңа, міскіндерге, туысқан көршілерге, туыс емес көршілерге жақсылық жасаңдар»,– делінген.
Қазақта керемет нақыл, дана сөз бар: «Көрші ақысы – Тәңір ақысы». Бұл сөз көршілер арасындағы татулықты, сыйластықты және бір-бірінің алдындағы адамгершілік міндеттердің жоғары деңгейде екенін көрсетеді. Халқымыз: «Көршіні ешкім таңдамайды Құдай қосады» деп есептеген. Іргелес қоныстанған адамды мейлі ол өзге ұлт өкілі болсын немесе өзге дін өкілі болса да, Құдай қосқан көршім деп жақсы мәмледе болған. «Ағайынның аты озғанша, көршіңнің тайы озсын», «Үй алма, көрші ал» деген сияқты халық даналығының үлгілері осының дәлелі болса керек. Жақсы көрші-үйлері, жерлері немесе мекен-жайлары іргелес орналасып, бір-бірімен күнделікті көріседі, араласып және әртүрлі өмірлік жағдайда бір-біріне демеу болады, бір-біріне бауыр тусытан да жақын болып кетеді.
Ата-бабамыз бұл адамдарды күнде көріп, кездесетін болғандықтан «көрші» деп атап кеткен. Сондықтан да көрші ақысы турасында Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен игілігі болсын): «Аллаға жәнн ақырет күніне иман келтірген адам көршісіне зиян келтірмесін»-деген.
Халқымыздың басынан неше түрлі зобалаңдар өтті, түрлі ашаршылықтарды бастан кешірді. Сол жылдары өздерінің үйелмелі-сүйелмелі 6–7 баласы бола тұра, бір тостаған тамағын өз балаларының аузынан жырып көршісінің баласына беріп отырған асыл аналарымыз асқан жомарттығымен, даналықтарымен көрші ақысының сондай жоғары екендігінің сара жолын салып кеткен десек артық болмас. Сонау қысылтаяң ел басына күн туған заманда, бір-біріне қарайласып жан бақты, аман қалды. Бір күлше нанды бөліп жеп, бір сиырдың сүтін бөліп ішкен көршілердің арқасында қазақтың іргесі шетінемей, бүгінге дейін жалғанғандығы да осы көрші ақысының арқасы болар.Тіпті ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен игілігі болсын) өз көршісінің дінсіз, өзін жек көретіндігіне қарамастан, оған керемет жақсы қарым-қатынас жасауы, соның салдарынан көршісі иман келтіріп, кәлима айтуы, көршіңіздің дінсіз болса да онымен жақсы мәмледе болу керектігін айқындай түседі.Демек, көршіге қайырымды болу, қонақжай, жәрдемшіл болу, кешірімді болу – осы өмірде де, арғы өмірде де пайдасы болары сөзсіз.
Көршілеріне жаман қарым-қатынас жасағандарды халқымыз: «Жаман атқа жал бітсе, жанына торсық байлатпас, жаман адамға мал бітсе, қасына қоңсы қондырмас»,– деп қатты сынға алған. Оның адамгершілікке де, мұсылмандыққа да сыймайтындығын ескерткен.Көршіге жаман мәміле жасауға қатаң түрде тыйым салынған. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен игілігі болсын) бір хадисінде тіпті үйді, қораны сатарда әуелі қабырғалас көршісімен ақылдасуды бұйырады.Сонымен қатар көршің жаман адам болса да, қандай да бір зиян тигізіп жатса да, сабыр етуге шақырады. Адам баласы өзінің күнделікті өмірінде қаласын-қаламасын, бәрібір әрдайым байланыста болып тұратын топтың бірі-көршілер болғандықтан,көршілерімізбен жақсы қарым-қатынаста болайық!
Саламат Аманбаев
Қордай ауданы, Әлжан ана ауылы
«Құдайберген» мешіті имамы


26 Маусым 2026
10 Мухаррам 1448

