Исламдағы сауда әдебі

Исламдағы сауда әдебі

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Ислам діні адамның дүниелік және ақыреттік өмірін реттейтін кемел дін. Сондықтан мұсылманның құлшылығы ғана емес, күнделікті тұрмыс-тіршілігі, қарым-қатынасы, табыс табу жолдары да шариғат талаптарына сай болуы қажет. Солардың ішінде сауда-саттық мәселесі ерекше орын алады. Өйткені адамдардың басым бөлігі ризық-несібесін сауда, кәсіпкерлік және түрлі қызмет түрлері арқылы табады.

Ислам шариғаты адал сауданы құптап, оны ризық табудың ең абзал жолдарының бірі ретінде көрсетеді. Алла Тағала Құран Кәрімде: «Алла сауданы халал, ал өсімді харам етті» (Бақара сүресі, 275-аят) деп бұйырған. Бұл аят сауданың адам өміріндегі маңызын және оның шариғаттағы орнын айқындайды. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен игілігі болсын)  пайғамбарлық келмей тұрып-ақ сенімді әрі адал саудагер ретінде танылған. Халық оны «Әл-Әмин» – «Сенімді адам» деп атаған. Бұл мұсылман кәсіпкер мен саудагер үшін үлкен өнеге болып табылады.

Исламдағы сауда әдебінің ең басты қағидаларының бірі – адалдық. Саудагер тауардың жақсы жағын ғана емес, кемшілігін де жасырмай айтуы керек. Сатып алушыны алдау, өтірік жарнама жасау, сапасыз затты сапалы деп сату немесе таразыдан жеу – ауыр күнәлардың қатарына жатады. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен игілігі болсын): «Кім бізді алдаса, ол бізден емес» деп ескерткен.

Саудадағы тағы бір маңызды қасиет – әділдік. Мұсылман адам бағаны негізсіз көтеріп, халықтың мұқтаждығын пайдаланып пайда табуға ұмтылмауы тиіс. Әділ сауда қоғамда сенім мен тұрақтылықтың қалыптасуына ықпал етеді. Сондай-ақ исламда аманатқа беріктік жоғары бағаланады. Саудагер өзіне тапсырылған ақшаны, тауарды немесе келісімді адал орындауы қажет. Аманатқа қиянат жасау – мұсылманның көркем мінезіне жат қылық.

Исламда көркем мінезбен сауда жасауға ерекше көңіл бөлінеді. Сатып алушымен сыпайы сөйлесу, мәміле барысында сабыр сақтау, қажет жағдайда жеңілдік жасау – мұсылман саудагердің белгілері. Хадисте: «Алла Тағала сатқанда, сатып алғанда және қарызын талап еткенде кеңшілік танытқан адамға рақым етсін» делінген.

Саудада ант-су ішуді әдетке айналдыру да құпталмайды. Кейбір адамдар тауарын өткізу үшін жиі ант етеді. Мұндай әрекет уақытша пайда әкелгенімен, сауданың берекесін кетіреді. Сондықтан мұсылман саудагердің сөзі шындыққа негізделіп, антсыз-ақ сенім тудыруы керек.

Ислам өсімқорлыққа, алаяқтыққа, парақорлыққа және адамдардың ақысын жеуге қатаң тыйым салады. Өйткені мұндай істер қоғамда әділетсіздік пен өшпенділік туғызады. Ал адал еңбек пен адал сауда адамдар арасында сенім мен бауырмалдықты нығайтады. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен игілігі болсын) адал саудагердің дәрежесі өте жоғары болатынын айтып: «Адал әрі сенімді саудагер Қиямет күні пайғамбарлармен, шыншылдармен және шәһидтермен бірге болады» деп сүйіншілеген. Бұл хадис мұсылман адам үшін сауданың тек табыс көзі ғана емес, сауап пен Алланың разылығына жетудің де жолы екенін көрсетеді.

Қорыта айтқанда, Исламдағы сауда әдебі адалдыққа, әділдікке, аманатшылдыққа, шынайылыққа және көркем мінезге негізделген. Мұсылман адам кәсібінде осы қағидаларды ұстанса, оның тапқан табысы берекелі болып, қоғамға пайдасы тиеді әрі Алла Тағаланың разылығына бөленеді. Сондықтан әрбір мұсылман сауда жасағанда шариғат талаптарын басшылыққа алып, адал кәсіп жүргізуге ұмтылуы қажет.

Нұрмухамед Сәбитұлы

Қордай ауданы, Қордай ауылы

«Рахман» мешіті имамы 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: