Жамбыл облысы Байзақ ауданы Сарыкемер ауылы «Ар Рахман» мешітінің жамағатына оңалту бөлімінің жетекшісі Азамат Боранбайұлы деструктивті діни ағымдардың қоғам мен дәстүрлі дінге тигізетін кері әсері жөнінде насихат айтты. Кездесу барысында Ислам дінінің бейбітшілік пен бірлікке негізделгені, ал түрлі жат ағымдардың адамдарды адастырып, қоғамның тұтастығына сызат түсіретіні түсіндірілді.
Насихат барысында жамағатқа діни мәселелерде сенімді дереккөздерге жүгіну, ресми діни мекемелердің ұстанымдарын басшылыққа алу және күмәнді ақпараттардан сақ болу қажеттігі айтылды. Сонымен қатар ата-бабадан жалғасқан дәстүрлі құндылықтарды сақтау мен діни сауаттылықты арттырудың маңыздылығы кеңінен түсіндірілді.
Жиын соңында қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, тиісті жауаптарын алды. Жамағат жат ағымдардың алдын алуда мұндай кездесулердің маңызы зор екенін атап өтті.


26 Маусым 2026
10 Мухаррам 1448

