Жуалы ауданы, Бауыржан Момышұлы ауылындағы орталық «Толымбай тегі Зиябек» мешітінде жұма намазының алдында уағыз айтылды. Ауданның бас имамы Есет Тұрдыбайұлы жамағатқа «Жан рахаты – Алланы еске алудан тұрады» тақырыбында насихат айтты.
Уағыз барысында Алла Тағаланы еске алу үшін уақыт пен жағдайға ешқандай шектеу қойылмағаны, адамның Алланы отырған кезінде де, тұрған кезінде де, жалғыз әрі көпшілікпен бірге болғанда да еске алуына рұқсат етілгені баяндалды.
Сонымен қатар бас имам ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Егер жәннат бақшаларының жанынан өтсеңдер, одан ләззат алыңдар», – деген хадисін келтірді. Сахабалар: «Жәннат бақшалары дегеніміз не?» – деп сұрағанда, Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алланы еске алатын мәжілістер», – деп жауап бергені айтылды (имам Термизи риуаяты).
Уағыз соңында бас имам: «Алла Тағала баршамызды Өзін әрдайым еске алып, дәріптейтін құлдарының қатарынан етіп, қасиетті жұма күнгі дұға-тілектерімізді қабыл етсін!» – деп ізгі тілегін білдірді.
Жуалы аудандық мешітінің баспасөз қызметі.


24 Маусым 2026
8 Мухаррам 1448

