#ҚОРДАЙ: ОБЛЫСТЫҚ ӘЙЕЛ-ҚЫЗДАР ФОРУМЫ ӨТТІ

#ҚОРДАЙ: ОБЛЫСТЫҚ ӘЙЕЛ-ҚЫЗДАР ФОРУМЫ ӨТТІ

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Адамзат баласының рухани кемелденуі мен ұлттық құндылықтарды ұлықтауда әйел затының, соның ішінде болашақ ана — қыз бала тәрбиесінің орны орасан зор. Осы орайда, Қордай ауданының бас имамы Азамат Берікұлының бастамасымен өңірдегі әйел-қыздар жамағатына арналған ауқымды рухани-танымдық жиын ұйымдастырылды.

Алқалы шараның шымылдығын аудандық «Қордай» мешітінің наиб имамы Зейне Жұмабайұлы ашып, қасиетті Құран аяттарын оқып, жиынның берекесін тілеп, дұға жасады.

«Қыз бала тәрбиесі — ұлт тәрбиесі» деген атаумен өткен бұл форумға елімізге белгілі исламтанушы, білікті ұстаз, Түркістан облысы әйел-қыздар секторының жетекшісі Еңлік Мұратқызы арнайы шақырылып, ғибратты уағыз-насихат айтты. Ауқымды шараға Жамбыл облысына қарасты қала және барлық аудандардан келген діни саланың білікті ұстаздары, ақ жаулықты аналар мен бойжеткен қыздар қатысып, отбасылық құндылықтар төңірегінде салмақты ой қозғады.

Жиын барысында ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша Әйел-қыздар секторының жетекшісі Жазира Иманалиева аймақтағы әйелдер қауымының рухани сауаттылығын арттыру бағытындағы жұмыстардың маңызына тоқталса, Қордай ауданының ұстазы Эльмира Есімқараева қыз баланың ұлттық уызға қанып өсуінде мұндай басқосулардың септігі мол екенін жеткізді. Форумның басты спикері Еңлік Мұратқызы шариғат пен салт-дәстүр сабақтастығын, заманауи қоғамдағы қыз тәрбиесінің өзекті тұстарын ашып көрсетіп, ана мен бала арасындағы рухани байланыс пен отбасы берекесі туралы тұшымды ой өрбітті.

Сананы сілкінткен тағылымды шара соңында қатысушылар көкейкесті сауалдарына жауап алып, рухани азық сыйлаған ұйымдастырушылар қауымына үлкен ризашылықтарын білдірді.

Аудандық "Қордай" мешітінің баспасөз қызметі

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: