Ислам діні адамдардың арасындағы татулық пен сыйластыққа ерекше мән береді. Дінімізде көршімен жақсы қарым-қатынаста болу үлкен маңызға ие. Өйткені көрші – күн сайын жүздесетін, қуаныш пен қиындықта жанымыздан табылатын адам. Көрші ақысы – мұсылманның міндеттерінің бірі. Адам өз көршісіне жақсылық жасап, оған зиян келтірмеуге, қиын кезде қолдау көрсетуге және қуанышына ортақтасуға тиіс.
Пайғамбарымыз Мұхамед (оған Алланың салауаты мен игілігі болсын): «Көршісі оның жамандығынан аман болмаған адам жәннатқа кірмейді», – деп ескерткен. Бұл хадис көршіге зиян келтірудің қаншалықты ауыр күнә екенін көрсетеді. Тағы бір хадисте: Пайғамбарымыз Мұхамед (оған Алланың салауаты мен игілігі болсын): «Аллаға және Ақырет күніне иман келтірген адам көршісіне зиян тигізбесін», – деген. Көршіге зиян тигізу тек қол жұмсау немесе мүлкін бүлдіру ғана емес. Қатты дауыс шығарып мазасын алу, ғайбаттау, ренжіту, жолын бөгеу, көлігін ыңғайсыз жерге қою, қоқыс тастау сияқты әрекеттер де көршіге жасалған зиянға жатады.
Бір күні бір кісі Пайғамбарымыздан (оған Алланың салауаты мен игілігі болсын) көп намаз оқып, ораза ұстайтын, бірақ көршілерін тілімен ренжітетін әйел туралы сұрағанда, ол кісінің жағдайының ауыр екенін ескерткен. Бұл ғибадатпен қатар адамдардың ақысын сақтау да маңызды екенін көрсетеді.
Кейде адам Алла алдында үлкен сауаптарға жетемін деп ойлайды, алайда көршісінің көңілін қалдырып, оның ақысын жесе, көптеген жақсылықтарынан айырылып қалуы мүмкін. Сондықтан әр мұсылман: «Менен көршім разы ма? Мен оған зиянымды тигізіп жүрген жоқпын ба?» деп өзін жиі есепке тартып отырғаны жөн. Жақсы көрші – Алланың үлкен нығметтерінің бірі. Көршінің хал-жағдайын сұрап тұру, қажет кезінде көмектесу, ауырса көңілін сұрау, қуанышына ортақтасу – мұсылманның көркем мінезінің белгісі. Көрші қандай ұлттан, қандай діннен болса да, оған құрметпен қарау – Ислам әдебінің талабы.
Бүгінгі қоғамда кейде адамдар бір қабырғада тұрып, бір-бірін танымай жатады. Сондықтан көршілік қарым-қатынасты нығайтуға күш салуымыз керек. Өйткені тату көршілік – береке мен бірліктің негізі. Жақсы көрші болу – имандылықтың белгісі. Көршімізге жақсылық жасап, оған ауыртпалық түсірмейік. Сонда қоғамымызда береке, отбасымызда тыныштық, жүрегімізде мейірім артады. Алла Тағала баршамызға көршінің ақысын толық өтейтін, адамдарға пайдасы тиетін құлдарынан болуды нәсіп етсін. Әмин.
Нурмухамед Кеулимжаев
«РАХМАН» мешітінің имамы


16 Маусым 2026
30 Зуль-хиджа 1447

