Адам баласының рухани кемелденуі біліммен басталады. Білімнің ішінде жүректі тәрбиелейтін, мінезді түзейтін, адамды ізгілікке жетелейтін ілімнің орны ерекше. Сол ілімнің ең маңыздысы – діни сауаттылық.
Діни сауаттылық адамға тек құлшылық жасауды ғана үйретпейді. Ол адамды сабырлы болуға, әділ сөйлеуге, ата-ананы құрметтеуге және қоғамға пайдалы тұлға болуға баулиды.
Ислам діні білімге ерекше мән берген ұлы дін. Қасиетті Құранның алғашқы аятының өзі “Оқы!” деп басталуы бекер емес. Алла Тағала Құранда: “Білетіндер мен білмейтіндер тең бе?” деп баяндайды. Бұл аят білім иесінің дәрежесі әрдайым жоғары болатынын көрсетеді.
Діни сауаты бар адам әрбір ісінің жауапкершілігін сезінеді. Ол жүрегіне иман ұялатып, жамандықтан бойын аулақ ұстайды. Себебі жүректе иман болған жерде мейірім мен ұят бірге жүреді. Қазіргі қоғамда жастардың түрлі теріс ағымдардың жетегінде кетуі діни білімнің таяздығынан туындайды.
Діннің шынайы мәнін түсінбеген жан жалған ұранға тез алданады. Сондықтан дұрыс діни білім алу – уақыт талабы. Пайғамбарымыз Мұхаммед пайғамбар: “Білім алу әрбір мұсылманға парыз” деген хадис қалдырған. Бұл хадис ер мен әйелге бірдей қатысты айтылған үлкен өсиет.
Діни сауаттылық адамды көркем мінезге тәрбиелейді. Көркем мінез – адам бойындағы ең асыл қасиет. Әдептілік пен кішіпейілділік те діни тәрбиеден бастау алады. Құранда: “Расында, Алла әділдік пен игілікті бұйырады” деп айтылған. Осы аят мұсылманның өмірлік ұстанымына айналуы тиіс. Өйткені әділдік бар жерде татулық орнайды. Татулық орнаған қоғамда береке болады.
Діни сауатты адам өзгенің ақысын жемейді. Ол аманатқа қиянат жасаудан қорқады. Өйткені Алланың алдында әр ісі үшін жауап беретінін біледі. Ислам діні адамның сыртқы бейнесінен бұрын ішкі жан дүниесіне мән береді. Жүрегі таза адамның сөзі де, ісі де таза болады. Пайғамбарымыз Мұхаммед пайғамбар: “Сендердің ең жақсыларың – мінезі көркем болғандарың” деген. Бұл хадис адамшылықтың өлшемі байлықта емес, мінезде екенін аңғартады.
Діни сауаттылық отбасындағы тәрбиенің де өзегіне айналуы керек. Себебі бала ата-анасының ісінен өнеге алады. Егер отбасында мейірім мен имандылық болса, тәрбиелі ұрпақ қалыптасады. Ал тәрбиелі ұрпақ – елдің жарқын болашағы.
Жастарға дінді қорқыныш арқылы емес, даналықпен түсіндіру маңызды. Сонда ғана олардың жүрегінде дінге деген сүйіспеншілік қалыптасады. Діни сауаттылық адамды жалқаулықтан, бос уақытты ысырап етуден сақтайды. Ол адамға уақыттың қадірін, өмірдің мәнін ұғындырады. Рухани тәрбиесі мықты адам қандай қиындық болса да үмітін жоғалтпайды. Өйткені ол әр сынақтың артында жеңілдік бар екеніне сенеді.
Діни сауаттылық – тұлғаны кемелдікке бастайтын рухани шамшырақ.
Бекназарова Жайна Сапарбековна
Жамбыл ауданы "Бәйдібек" мешітінің ұстазы


16 Маусым 2026
30 Зуль-хиджа 1447

