Құрбан айт – мұсылман қауымы үшін аса қасиетті әрі ұлық мерекелердің бірі. Бұл күндер – адам баласын мейірімге, жанашырлыққа, бауырмалдыққа үндейтін ерекше мереке. Құрбан айттың түпкі мәні тек құрбан шалумен ғана шектелмейді. Оның астарында Аллаға деген шынайы ықылас, пенденің тақуалығы мен адамгершілік қасиеттері жатыр.
Қасиетті Құрбан айт мерекесінің тарихы Ибраһим пайғамбардың (а.с.) Алланың әміріне толық мойынсұнып, баласын құрбан етуге даяр болған оқиғасымен байланысты. Пенденің шынайы ықыласы мен адалдығын көрген Жаратушы оның орнына құрбандыққа мал түсірген. Осы оқиға мұсылман жұртшылығына үлкен өнеге болып, бүгінгі күнге дейін жалғасып келеді.
Құрбан айт күндері мұсылмандар айт намазын оқып, бір-біріне ізгі тілектерін арнайды. Сонымен қатар жағдайы бар азаматтар құрбан шалып, оның етін мұқтаж жандарға, көршілер мен туыстарға таратады. Бұл – қоғамдағы мейірімділік пен қамқорлықтың айқын көрінісі. Әсіресе көмекке мұқтаж отбасыларға қолдау көрсету – Ислам дінінің басты құндылықтарының бірі.
Қазақ халқы да ежелден Құрбан айтты ерекше құрметпен қарсы алған. Айт күндері үлкендерге сәлем беріп, ағайын-туыс бір-бірінің үйіне барып, ақ дастарқан жайылған. Ұлттық ойындар ұйымдастырылып, балаларға сыйлықтар берілген. Бұл – халқымыздың дін мен дәстүрді қатар ұстанғанының белгісі.
Бүгінде елімізде Құрбан айт кең көлемде аталып өтуде. Мешіттерде уағыз-насихаттар айтылып, қайырымдылық шаралары ұйымдастырылуда. Бұл – қоғамдағы бірлік пен ынтымақты арттыруға үлкен ықпал етеді.
Құрбан айт – тек діни мереке емес, ол адамдар арасындағы татулықты, сыйластықты және жанашырлықты күшейтетін рухани мейрам. Сондықтан әрбір мұсылман бұл күндерді жақсылық жасап, ізгі амалдармен өткізуге тырысуы қажет.
Ұлық мереке әр шаңыраққа береке, амандық және молшылық әкелсін. Құрбан айтымыз қабыл болсын!
Омар Асқарбек Серікұлы
Аудандық Қаратау қажы би мешітінің наиб имамы


16 Маусым 2026
30 Зуль-хиджа 1447

