Қажылық

Қажылық

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Қажылық - жылдың белгілі күндерінде Қағбаны және айналасындағы қасиетті жерлерді ғибадат ниетімен зиярат ету.

 

Бір күні Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.):
- Исламда ең абзал амал қандай? - деп сұрады.
- Аллаһқа және Елшісіне (с.ғ.с.) иман келтіру, - деді.
- Одан кейін ше?
- Аллаһ жолында жиһад ету.
- Одан кейін қандай? - деп тағы сұрағанда:
- Қабыл болған қажылық, - деп жауап берді.

 

Аллаһ тағала былай дейді:

 

«Қажылық және умраны Аллаһ үшін толық орындаңдар» («Бақара» сүресі, 196-аят).
Қажылықтың пайдасы

 

Сөз бен амалдарымызға ерекше мұқият болуға үйретеді;
Бауырмалдық сезімді күшейтіп, барлығымыз Аллаһ Елшісінің (с.ғ.с.) үмметі екенімізді еске салады;
Жүректерімізді жібітіп, күнәларымыз кешіріледі.


Қажылық - жаман әдеттерімізді тастап, көркем мінез-құлық қалыптастыруымыз үшін үлкен мүмкіншілік. Өйткені, ихрам кигеннен көптеген пендешілік әрекеттерді тоқтатуға міндеттісіз. Тіпті, өсімдікті жұлудың, тігісті киім киюдің, иіссу жағудың да жазасы бар. Дәлірек айтқанда Аллаһтың әмірі мен тыйым салғандарына басқа күндерге қарағанда да ерекше ұқыптылық танытамыз. Сүйікті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай дейді:


«Жаман сөз айтпастан және үлкен күнә жасамай қажылық жасаған адам анасынан жаңа туғандай үйіне күнәсіз оралады» (Бухари, Хаж 4).
Қажылық күндері дүниенің әр тарапынан түсі мен тілі, ұлты мен әдет ғұрпы, ділі мен талғамы әртүрлі миллиондаған мұсылмандар бір жерге жиналып, құлшылық етеді. Мына жалғанда жалғыз емес екеніңді сезіне түсесің. Олардың кейбіреуімен танысып, сұхбаттасып, түрлі тақырыптарда пікір алмасасың. Жамағатпен намаз оқып, басқа да қажылық құлшылықтарын бірге жасаймыз. Бұл бауырмашылдық сезімдерімізді күшейтіп, бір үммет екендігімізді еске салады.

 

Аллаһ тағала былай дейді:

 

«Шын мәнінде иман келтірген мүміндер туыс» («Хужурат» сүресі, 10-аят).
Қажылықтың ішінде тәуәп, сағи, уақфа, шайтанға тас лақтыру секілді ғибадаттар бар. Бұл сауап алуымызға бастап, әрі бізді күнәлардан арылтады.
Сүйікті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) : «Исламға кіру, көшу (хижрат жасау) және қажылық жасау өткен күнәларды кешіреді»,- деген (Мүслім, «Иман» 192).
Қажылық шамамен бір ай уақыт ішінде жүзеге асады, әсіресе бұл рухани болмысымызды шыңдайтын құлшылық. Қажылықтағы әрбір амалымыз құлшылық. Тәуәп, намаз оқу, Құран оқу мен тыңдау, Аллаһты зікір ету барлығы-барлығы сауабы шексіз ғибадаттар. Қажылық адам баласын рухани кемелдендіріп, тәубеге бастайды. Сондай-ақ, бұл үлкен тәрбие мектебі. Ал, «Қабыл болған қажылықтың сыйы - тек ғана жәннат», -дейді Аллаһ Елшісі (с.ғ.с.) өз хадисінде.

 

Қажылық кімдерге парыз?

 

Аллаһ тағала Құран кәрімде былай бұйырады:

 

«Мұнда келуге шамасы келген адамның бәрі Аллаһ үшін сол үйді (Қағбаны) қаж етуге қарыздар» ( «әл -Имран» сүресі, 97-аят).

 

Мұсылман;
Ақыл-есі дұрыс (денсаулығы да болуы керек);
Балиғат жасына жеткен;
Бас бостандығы бар;
Жол жүру үшін тәуелсіз болған;
Қажылық шығындары мен отбасының күнкөрісіне жетерлік қаражаты жеткілікті;
Жол сенімділігі болған ( яғни, жол ашық болу керек) адамдарға - қажылық парыз.
Қажылық парыздары

 

Қажылықта ихрам кию, Арафатта уақфа жасау, Қағбаны тәуәп ету парыз.

 

Қажылық ғибадатындағы міндеттер
Қажылық ғибадатын орындау үшін атқаруымыз қажет негізгі міндеттер бар. Бұлар ихрам, тәуәп, сағи, уақфа, шайтанға тас ату, құрбан шалу және шаш алдыру (қысқарту).


Ихрам - қажылық немесе умра жасайтын адамның басқа уақыттарда адал болып есептелетін іс-әрекеттерінің белгілі бір уақыт харам болуы. Қажылық пен умраға ниет етіп, тәлбие айту арқылы ихрамға кірген болып есептеледі. Ихрамға кірерде, ер адамдар үстіндегі барлық киімдерін шешіп «Изар» және «Рида» деп аталатын екі бөлік шүберекпен оранады. Әйелдер үшін ихрам секілді арнайы киім жоқ. Жабылуға лайық әр киімді ихрам ретінде қолданады.


Ихрамға кіретін орын - миқат шекарасына кірместен бұрын тырнақтарын алып, денесін тазартады. Мүмкіндік болса ғұсыл алғаны абзал, болмаса дәрет алады. Миқат аумағынан бастап дауыстап тәлбие айтуды бастайды.


Тәлбиенің мәтіні: «Ләббәйк, Аллаһуммә ләббәйкә лә шәрикәләкә ләббәйк, иннәлхамдә уән-ниғмәтә ләкә уәл-мүлк, лә шәрикәлә»

 

Миқат аймақтары

 

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) умра және қажылық амалдарын өтеуге ниеттенген адамдарға бес мекенді ихрам киетін жер ретінде белгілеп кеткен. Бұл мекендер:

 

1. Зул-хуләйфа. Ол - Мәдина қаласына жақын маңда орналасқан. Мәдина тарапынан қажылыққа келе жатқан адамдар ихрам киімін осында киеді. Бұл орын Меккеден 450 шақырым жерде орналасқан. Қазіргі кезде бұл аймақ «Әбяр али» деп аталады.

 

2. Әл-жухфа. Ол - Рабиғ қаласына жақын маңда орналасқан ауыл. Бұл жерден Мысыр, Шам (Иордания, Сирия, Палестина, Ливан) тарапынан қажылыққа келе жатқан адамдар ихрам киеді. Ол Меккеден 183 шақырым.

 

3. Қарнул мәнәзил. Нәжд (Сауд Арабиясының орталық және шығыс аудандары) тарапынан қажылыққа келе жатқан адамдардың ихрам киетін жері. Ол Меккеден 75 шақырым. Қазір бұл жер «әс-Сәйлул кәбир» деп аталады.

 

4. Яләмләм. Иемен тарапынан қажылыққа келе жатқан адамдардың ихрам киетін орны. Ол Меккеден 92 шақырым.

 

5. Зәту ирқ. Ирак тарапынан қажылыққа келе жатқан адамдардың ихрам киетін жері. Меккеден 94 шақырым.

 

Ихрам киген адамға тыйым салынады:

 

Тырнақ алуға; қырынуға; иіссу жағуға; Мекке мен оның айналасындағы өсімдіктерді жұлуға; тігісті киім киюге болмайды.

 

Осылардың бірін жасап қойса, жаза ретінде кедейлерге садақа береді, не құрбан шалады.

 

Тәуәп - Қағбаны жеті рет айналу. Әрбір айналым «Шаут» деп аталады.

 

Сағи - қажылық немесе умра кезінде Сафа мен Мәруа төбелері арасында жүру. Бұл екі арадағы барып -келу Сафадан Мәруаға төрт, Мәруадан Сафаға үш реттен жүреді. Барлығы 7 рет. Сафадан басталып, Мәруамен бітеді.


Уақфа - Арафа күні бесін уақытынан күн батқанға дейін ихрам киіммен Арафатта болу. Бұл «Арафат уақфасы» деп аталады. Бұл қияметтегі маһшарды еске түсіреді. Мұнда күн батқанға дейін Аллаһтан истиғфар тілеп, күнәларымыздың кешірілуін жалбарынып сұраймыз. Бұл жерде бесін және екінті намаздарын жамағатпен бесін уақытысында біріктіріп оқиды. Күн батқаннан кейін ақшам намазын оқымастан Мұздалифаға барады. Онда ақшам және құптан намаздарын құптан уақытында оқиды. Осында түнеп, шайтанға тас лақтыру үшін тас жинайды. Таң намазынан кейін аз уақыт дұға жасалады.
Құрбан айт күндері үлкен, орташа және кіші жамаратқа тас лақтырады. Ихрамды шешпей тұрып құрбандық шалу уәжіп. Ал, ихрамнан шықпас бұрын ерлер шашын толық алдырады немесе қысқартады. Әйелдер болса ұшынан қияды. Парыз тәуәбы жасалғаннан кейін қажылық аяқталады.

 


Қажылық әдептері

 

1. Қажылық, не умра жасаушы кісі Аллаһқа жақындауды ниет етіп, мақтангершілікке, жалған атаққа және көзбояушылыққа жол бермеуі керек.

 

2. Алған қарыздарын өтеп, қолында аманат заттар болса иесіне қайтарған, не сапарға шығып бара жатқанын ескерткені жөн.

 

3. Өткен күнәларына өкініп тәубеге келу және ондай күнәларды қайталамауға шешім қабылдау.

 

4. Біреулерге қатысты әділетсіздік жасаған болса, оның орнын толтырып, кешірім сұрау.

 

5. Халал қаражатпен жолға шығу.

 

6. Барлық күнә атаулыдан бойын аулақ салу, ешкімге зиян тигізбеу, балағаттамау, сыртынан тілдемеу, дауласпау және өтірік айтпау.

 

7. Қажылық пен умра үкімдерін мұқият орындауы тиіс.

 

8. Барлық парыздарына, оның ішінде бас уақыт намазды жамағатпен оқуға көңіл бөлу, Құран оқу, зікір ету, дұға жасау, адамдарға қарайласу, мұқтаждарға көмек қолын созу, кедей-кепшікке садақа тарату, жақсылыққа бұйырып, теріс істерден қайтару сияқты сауапты іс-амалдарды көбейту.

 

9. Жолсерік ретінде ізгі, салиқалы адамды жолдас ету.

 

10. Сабырлылық, кешірімшілдік, жайсаңдық, жұмсақтық, байсалдылық, кішіпейілділік, жомарттық, әділдік, мейірімділік, аманатшылдық, шыншылдық, ұялшақтық сияқты көркем мінезді болу.

 

11. Сапарға шығар алдында отбасына Аллаһқа бойсұнуда болуды табыстау.

 

12. Сүннетке сай дұғаларды, соның қатарында сапар барысында айтылатын дұғаларды қалдырмай айтып жүру.

 

Қажылық ғибадатына қатысты орындар

 

Қажылықты дұрыс түсініп, құлшылықты рет-ретімен атқару үшін ғибадат ететін орындарды біліп алған абзал;
әл-Харам мешіті қасиетті Қағбаны айнала орналасқан. Мұнда оқылған бір намаз басқа мешіттерде оқылған намаздардан 100 мың есе артық екенін Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өз хадисінде айтып кеткен. Сондықтан, қажыға барғандар бұл мүмкіндікті тиімді пайдаланып, намаздарын еселей түскені абзал.
Қағба - жер бетінде Аллаһқа ғибадат жасау мақсатымен соғылған алғашқы ғимарат. «Аллаһға құлшылық жасайтын үй» мағынасында, Қағбаға «Бәйтуллаһ» - «Аллаһтың үйі» деп те айтылады. Құран кәрімде:

 

«Негізінде адам баласы үшін тұңғыш салынған үй (Қағба) Меккеде» («әл- Имран» сүресі, 96-аят).
Хәжәрул Әсуәд - қара тас деген мағынаны білдіреді. Бұл тасты Қағбаның күншығыс жағындағы бұрышына хазреті Ибраһим (ғ.с.) қойған. Тәуәп осы бұрыштан басталып, әр айналымда оған сәлем береді.


Ибраһим мақамы - хазреті Ибраһимнің (ғ.с.) Қағбаны тұрғызғаннан кейінгі қажылыққа адамдарды шақырған кезде үстіне шыққан тастың тұрған жері. Тәуәп етіп болғаннан кейін оның жанына барып екі рәкат намаз оқу - сүннет. Аллаһ тағала бұл жайында Құранда былай дейді:

 

 


«Кезінде үйді (Қағбаны) адамдар жиналатын орын және тыныштық мекені етіп бердік. Тәуәп етушілер, бас иіп сәжде жасайтындар үшін Қағбаны таза ұстауды Ибраһим мен Исмаил екеуіне тапсырдық» («Бақара» сүресі, 125-аят).
Арафат - бүкіл қажылардың Арафа күні уақфа жасайтын жері яғни барлығы бірге Аллаһқа жалбарынып дұға, ғибадат жасау үшін өткізетін жазық дала. Арафаттағы төбеге «Жәбәлур-Рахма», «Мейірімділік төбесі» деген атау берілген. Хазреті Адам (ғ.с.) мен Хауа анамыз Арафатта кездесіп, Аллаһтан кешірім сұраған. Сүйікті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) : «Қажылық - Арафат»,- деген. (Тирмизи, «Хаж» 57).
Мұздалифа - Арафат пен Мина арасындағы жазық. Оған Арафаның кешінде түнеп, Құрбан айт күндері шайтанға атылатын тас жинап алынады. Аллаһ тағала былай дейді:

 

 

«Қашан Арафаттан қайтсаңдар Машхарул Харамның қасында Аллаһты еске алыңдар» ( «Бақара» сүресі, 198-аят).
Мина - Құрбан айт күндері құрбан шалынатын және шайтанға тас ататын жер. Хазреті Ибраһим (ғ.с.) ұлы Исмаилды (ғ.с.) құрбандыққа шалу үшін Минаға әкелген.
Сафа мен Мәруа - Қағбаның күншығысындағы 200 метрдей жерде орналасқан екі төбе. Екеуінің арақашықтығы 350 метрге таяу.

 

«Сафа мен Мәруада жүру Тәңірі жазған жоралғы. Кім қажылық немесе умра жасайтын болса ол екеуіне соғып, жоралғы жасаса, оның артықтығы жоқ» («Бақара» сүресі, 158-аят).

 

Зиярат жасайтын орындар

 

Меккеде:
Хира үңгірі - Меккеге жақын жердегі Нұр тауындағы үңгір. Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) «Оқы!» деген алғашқы уаҺи әмірі осы жерде келген.

 

Сәуір үңгірі - Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Меккеден Мәдинаға қоныс аудару кезінде үш күн жасырынған. Меккелік мүшіріктер Сәуір үңгіріне тақап келіп, Аллаһ Елшісін (с.ғ.с.) және досы Әбу Бәкірді (р.а.) көре алмады. Өйткені үңгірдің аузына өрмекші өрмек құрып, бір көгершін де сол жерге ұя салған еді. Мұны көрген мүшіріктер үңгірге назар аудармастан кері қайтқан болатын.


Мәдинада:
Мәдина шаһары Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) қоныс аударған және қайтыс болғанға дейін өмір сүрген қасиетті мекен. Аллаһ Елшісінің (с.ғ.с.) мұнда қоныс аударуы қалаға береке әкелді. Сол себепті «жарық қала, нұрлы қала» деген мағынада Мәдина Мүнаууара деп аталады.
Меккелік пұтқа табынушылар Пайғамбарымызды (с.ғ.с.) өлтіруді жоспарлағанда Мәдина халқы «Тала-әл бәдру әләйнә» (Ай туды үстімізге) деп қуанышпен сағына қарсы алып, барымен бөлісті. Аллаһ Елшісі (с.ғ.с.) Мәдинаны ерекше жақсы көрген, қабірі де сонда.


Нәбәуи мешіті - Расулуллаһтың (с.ғ.с.) Мәдина Мүнаууараға келгеннен кейін тұрғызған ғибадат орны. Бұл мешітті тұрғызу барысында Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өзі де еңбек етті. Аллаһ Елшісі (с.ғ.с.) мұнда ардақты сахабаларға он жыл намаз оқытқан. Олар Расулулаһтың (с.ғ.с.) сұхбаттарын тыңдап, шариғат мәселелеріне терең бойлап, көркем мінезді бойларына сіңірді. Аллаһтың сүйікті Елшісі(с.ғ.с.) : «Әл-Харамда оқылатын намаздан басқа менің мешітімде оқылатын бір намаз басқа мешіттерде оқылатын мың намаздан да қайырлы», -дейді. (Мүслім, Хаж 94).
Рауза Мұтаһһара - Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) қабірі жатқан жер, Нәбәуи мешітіндегі жасыл күмбездің астында. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) жанында хазреті Әбу Бәкір (р.а.) мен Омардың (р.а.) да сүйегі жатыр. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) бейітін зиярат ету үлкен сауапты іс. Бұл жөнінде сүйікті Нәби (с.ғ.с.) былай дейді: «Мені қайтыс болғанымнан кейін зиярат еткен кісі тірі кезімде зиярат еткендей болады» (Бәйһаки, «Шуабул Иман» VІ 48). Аллаһ Елішісінің (с.ғ.с.) қабірін зиярат етудің әдебі:
Нәбәуи мешітінің есігінен үнсіз, ұқыптылықпен және құрметпен ішке кіреміз. Рауза Мұтаһһараға жақындап, Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) салауат айтып, сәлем береміз. Хазреті Әбу Бәкір (р.а.) мен Омарға (р.а.) да сәлем беріп, зияратымызды аяқтаймыз.


Жәннатул Бақи - Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мешітіне қарама-қарсы тұрған қабірстан. Аллаһ Елшісін (с.ғ.с.) көру бақытына ие болған, Оның сұхбаттарын тыңдаған және ислам үшін жандарын қиған және түрлі қиындықтарды бастарынан өткізген мыңдаған сахабалар осында жерленген. Сондай-ақ, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) әйелі мен қыздары, ұрпақтарынан шыққан кейбір ислам ғалымдарының да қабірі осы жерде. Расулуллаһ (с.ғ.с.) жиі-жиі Бақи мазарын зиярат ететін, қайтыс болған мұсылмандарға дұға жасайтын.
Құба мешіті. Расуллуллаһтың (с.ғ.с.) Меккеден Мәдинаға қоныс аударғанда ең алғашқы салдырған құлшылық үйі.
Ухуд шейіттері жатқан мазар. Ухыд соғысында қаза болған сахабалар жатқан жер. Мәдинаның сыртында осы аттас таудың баурайында.

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: