Құрбан айт – мұсылман әлеміндегі ең ұлық мерекелердің бірі. Бұл мейрам тек діни рәсімдермен ғана шектелмей, адамзатқа мейірімділік, жанашырлық, бауырмалдық секілді асыл қасиеттерді насихаттайтын ерекше күндер. Құрбан айт – жүректерге жылулық сыйлайтын, адамдарды жақындастыратын, қоғамда ізгілікті арттыратын рухани мереке.
Құрбан айт – Алла Тағаланың разылығы үшін құрбан шалу арқылы пенденің ықыласы мен тақуалығын көрсетеді. Бұл күндердің негізінде ұлы сынақ пен шынайы мойынсұнушылық жатыр. Ибраһим пайғамбардың (оған Алланың сәлемі болсын) Алланың әміріне толық бағынуы – осы мейрамның түпкі мәнін айқындайды.
Қасиетті Құранда былай делінеді: «(Шындығына келсек), құрбандыққа шалған малыңның еті де, қаны да әсте Аллаға жетпейді, Оған сендерден жететін тек тақуалық қана. Міне, осылайша өздеріңді тура жолға салғаны үшін Алланы (сөз әрі іс жүзінде) ұлықтап, ұлылығын баршаға жар саларсыңдар деп, Хақ тағала сол жануарларды сендерге бағынышты етіп, еріктеріңе берді. (Уа, Мұхаммед!) Ендеше, игі істер істейтін мұхсиндерді сүйіншіле» («Хаж» сүресі, 37-аят). Бұл аят құрбан шалудың басты мақсаты – ет немесе қан емес, адамның жүрегіндегі ықылас, шынайы ниет екенін көрсетеді.
Құрбан шалу – мейірімділіктің көрінісі. Кейбір адамдар құрбан шалуды қате түсініп, оны қатігездікпен байланыстырады. Алайда исламда құрбан шалу – ешқашан жауыздық емес. Керісінше, бұл – мейірімділік пен жанашырлықтың айқын көрінісі. Себебі құрбандыққа шалынған малдың еті мұқтаж жандарға, көршілерге, туыстарға таратылады. Осы арқылы қоғамда қамқорлық пен теңдік орнайды. Бай мен кедейдің арасы жақындап, адамдар бір-біріне жанашыр бола түседі. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімдекім құрбан шалу мүмкіндігі бола тұра оны шалмаса, біздің мешітімізге жақындамасын», – деген. Бұл хадис құрбан шалудың маңыздылығын көрсетеді әрі оның қоғам үшін үлкен игілік екенін білдіреді.
Құрбан айт – туыстық қатынасты нығайтатын, адамдарды бір-біріне жақындататын ерекше мейрам. Бұл күндері адамдар бір-бірін кешіріп, өкпе-реніштерін ұмытып, татуласады. Туыстар бір-бірінің үйіне барып, амандасып, сый-құрмет көрсетеді. Қазақ халқы да ежелден: «Ағайын тату болса – ат көп, абысын тату болса – ас көп» деп, туыстық қарым-қатынастың маңызын ерекше бағалаған. Исламда да туыстық байланысты сақтау – үлкен сауапты іс. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кім ризық-несібесінің кеңейіп, ғұмырының ұзақ болуын қаласа, туыстық қатынасын үзбесін», – деген.
Құрбан айт осы қасиетті байланысты нығайтатын, адамдарды бір-біріне жақындататын ерекше мүмкіндік. Мейірімділік пен кешірімділіктің мерекесі. Бұл мейрам – тек құрбан шалу емес, жүректі тазарту, кешірімді болу, өзгеге жақсылық жасау уақыты. Адамдар жетім-жесірге көмектесіп, мұқтаж жандарға қолұшын береді. Бұл – нағыз мейірімділіктің белгісі.
Құранда Алла Тағала: «(Дұшпанмен соғысу шығынсыз болмайды. Дұшпанға төтеп бере алу үшін алдымен қару-жарақтарың сақадай сай болуы керек). Олай болса, қолдарыңдағы дүние-мүліктен Алла жолында жұмсаңдар және (сараңдық қылып) өз бастарыңды қауіп-қатерге тікпеңдер. Әрдайым жақсылық жасаңдар, істеріңді барынша тиянақты етіп істеңдер. Шүбәсіз, Алла (әр ісі тиянақты, игілікке жаны құмар) ізгі жандарды жақсы көреді» («Бақара» сүресі, 195-аят) дейді. Осы аят әрбір мұсылманды игі істерге шақырады. Құрбан айт – осы жақсылықтарды еселеп жасауға берілген мүмкіндік.
Құрбандық – рухани тазару жолы. Құрбан шалу – адамның нәпсісін тәрбиелеп, Аллаға жақындауына себеп болатын амал. Бұл – тек материалдық емес, рухани құрбандық. Адам өзінің дүниеге деген байланысын әлсіретіп, Жаратушыға деген сүйіспеншілігін арттырады. Құрбан айт – қоғамдағы бірлікті нығайтатын мереке. Бұл күндері адамдар бір-біріне көмектесіп, ортақ қуанышқа бөленеді. Әсіресе, жағдайы төмен отбасылар үшін бұл мейрам – үлкен қуаныш. Қазақ халқы «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деп ізгілікті дәріптеуді насихаттаған. Құрбан айт – осы игі дәстүрлерді жандандыратын, адамдарды жақсылыққа жетелейтін ерекше кезең.
Түйіндей келе, Құрбан айт – мейірім мен қайырымдылықтың, кешірім мен татулықтың, бауырмалдық пен бірліктің мерекесі. Бұл мейрам әрбір адамның жүрегіне жылулық ұялатып, қоғамда ізгілік пен жанашырлықты арттырады.
Құрбан шалу – жауыздық емес, керісінше, Аллаға деген ықыластың, адамдарға деген қамқорлықтың белгісі. Бұл күндері жасалған әрбір жақсылық – үлкен сауапқа кенелтеді.
Сондықтан Құрбан айт – тек діни мейрам ғана емес, адамгершілік пен мейірімділіктің ұлы мектебі.
Бейбіт ЖАНСАРИН,
Ұлытау облысының бас имамы


27 Мамыр 2026
10 Зуль-хиджа 1447

