Ата-ананың қадірі

Ата-ананың қадірі

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Ата-ана – өмірдегі ең қымбат, ең асыл жандар. Олардың орнын ешкім баса алмайды. «Ата-ана» дегеніміз – біздің осы өмірге келуімізге себепші болған, бізді бағып-қағып, тәрбиелеген, бар мейірімін төккен жандар. Сондықтан да асыл дінімізде Алла Тағала ең алдымен Өзіне құлшылық етуді, содан кейін пайғамбарына (с.ғ.с.), одан соң ата-анаға жақсылық жасауды бұйырған.

Шынында да, дүниеде жақсылық жасауға ең лайықты жандар – ата-ана. Исламда ата-анаға құрмет көрсету – ең ұлы әдептердің бірі. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен игілігі болсын) хадисінде: «Ауыр күнәлардың ең үлкендері – Аллаға серік қосу, ата-ананы құрметтемеу, адам өлтіру және жалған ант беру» (Бухари), – деп ескерткен. Қасиетті Құранда да бұл жайында анық айтылған. «Лұқман» сүресінің 14-аятында: «Маған және ата-анаңа шүкіршілік ет! Ақырында Маған қайтасыңдар» – делінген.

Ал «Исра» сүресінің 23-аятында:

«Раббың бір Өзіне ғана құлшылық етуді және ата-анаға жақсылық жасауды бұйырды. Егер олардың біреуі немесе екеуі сенің қолыңда қартайса, оларға “түу” деп те айтпа, зекіп ұрыспа, керісінше, оларға көркем сөз сөйле», – деп әмір етілген.

Бұл аяттар ата-ананың дәрежесінің қаншалықты жоғары екенін айқын көрсетеді. Тіпті «түу» деп айту сияқты ең кіші реніштің өзі құпталмайды.

Қазақ халқы да ата-ананы құрметтеуді ерекше бағалаған. «Әке тұрып ұл сөйлегеннен без, шеше тұрып қыз сөйлегеннен без» – деп, балаға әдеп үйреткен. Себебі отбасының тірегі – әке мен ана. Олар барын баласына арнап, «мен кимегенді балам кисін, мен ішпегенді балам ішсін» деп, бар өмірін ұрпағына арнайды. Ата-ана үшін баласының бақыты – ең үлкен бақыт. «Сенің аяғыңа кірген тікен, менің маңдайыма кірсін», «Жаман болсаң да аман бол» – деген сөздер ата-ананың шексіз махаббатын білдіреді. Шынында да, ата-ананың берген тәрбиесін мың мектеп те бере алмайды. Ата-ананың қадірін білмеген адам елінің қадірін де білмейді. Сондықтан халқымыз ұрпақ тәрбиесін әрқашан бірінші орынға қойған. Қазақта: «Атаңа не істесең, алдыңа сол келеді» деген нақыл бар. Бұл – тәрбиенің айнасы. Бала ата-анасына қалай қараса, ертең өз баласынан да сондай қарым-қатынас көреді. Өкінішке қарай, қазіргі таңда кейбір жандар ата-анасын ренжітіп, тіпті қарттар үйіне тапсырып жатқан жағдайлар да кездеседі. Алайда мұндай қателіктің салдарын көбіне адам кеш түсінеді. Сол себепті:

«Ата-ананың қадірін балалы болғанда білесің» – деп бекер айтылмаған. Қазақ халқы ешқашан қарт ата-анасын тастамаған. «Әкең жынды болса да, байлап бақ» – деген сөздің астарында үлкен жауапкершілік жатыр. Дінімізде: «Ата-ананың разылығы – Алланың разылығы» делінген. Сондықтан ата-анасын ренжіткен адамның ісі берекелі болмайды. Ал ата-ананың баласына жасаған дұғасы – қабыл болатын дұға. Ата-анасы тірі адам – қорғаны бар адам. Себебі олардың ақ батасы перзентін әрдайым қорғап тұрады. Ата-ананы сыйлау – әрбір адамның басты міндеті. Бұл – адамзатпен бірге келе жатқан мәңгілік құндылық.

Перзенттің ата-анасына ізет көрсетуі – оның адамгершілігінің белгісі. Перзент – жеміс, ата-ана – сол жемісті өсірген ағаш іспетті. Ағашқа күтім жасалса, жемісі де тәтті болады. Сол сияқты ата-анаға құрмет көрсеткен баланың өмірі де берекелі болады. Қазақ халқы: «Бала – бауыр етің», «Балалы үй – базар» – деп, ұрпақты өмірдің жалғасы деп таныған. Ата-ана – әр отбасының алтын қазығы. Оларға деген сүйіспеншілік жүректен шығуы керек. Өйткені жүректен шыққан сезім ғана жүрекке жетеді. Халқымызда баланың ата-ана алдындағы парызын өтеуі «ана сүтін ақтау» деп аталады.

Ал: «Әкеге бағыну – Тәңірге бағыну» – деген сөз әкенің орнын айқындайды. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен игілігі болсын): «Салиқалы ұрпақ – ата-анасы тірі кезінде құрмет көрсетіп, қайтыс болғаннан кейін де оларға дұға жасап жүретін ұрпақ», – деген.

Қорытындылай келе, ата-ананың ақысын толық өтеу мүмкін емес. Бірақ оларды сыйлау, құрметтеу, қызмет ету – әрбір перзенттің қасиетті борышы. Сондықтан ата-ананы ардақтап, разылығын алуға тырысайық.

Саламат Аманбаев

Жамбыл облысы, Қордай ауданы,

Әлжан ауылдық «Құдайберген» мешітінің имамы 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: