Уақып – рухани инвестиция

Уақып – рухани инвестиция

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

 Қазіргі заманда «инвестиция» деген сөзді естігенде көпшілігіміздің ойымызға ақша, бизнес, табыс келеді. Бірі пәтер алады, бірі жер алады, енді бірі болашағына қаржы жинайды. Бірақ адамдардың көбі ең маңызды инвестицияны ұмытып жатады. Ол – ақыретке жасалатын инвестиция.

 Ислам бізге сондай мүмкіндік береді. Ол – уақып. Уақып дегеніміз – жай ғана садақа емес, бұл – үздіксіз пайда әкелетін рухани инвестиция. Сен бір игілік жасайсың, ал оның сауабы сен дүниеден өткеннен кейін де тоқтамай жалғасып тұрады. Дүниелік инвестицияда әрқашан тәуекел бар: ақша жоғалуы мүмкін, бизнес жүрмей қалуы мүмкін. Ал уақыпта ешқандай шығын жоқ. Керісінше, Алла Тағала оның сауабын еселеп қайтарады. Ендеше, әрбір адам өзіне сұрақ қоюы керек: мен тек дүниеге инвестиция жасап жүрмін бе, әлде ақыретіме де үлес қосып жатырмын ба?

 Уақып – исламдағы ерекше садақа түрі. Ол «садақа жария», яғни тоқтамайтын садақа деп аталады. Адамзаттың Асылы Мұхаммед Мұстафа пайғамбарымыз (с.ғ.с) былай деген:

  «Адам баласы қайтыс болғанда, оның амал дәптері үш нәрседен басқа жағдайда жабылады: садақа жария, пайдалы білім және өзіне дұға ететін ізгі ұрпақ».

(Сахих Муслим, №1631)

 Бұл хадиске тереңірек үңілсек, үлкен ақиқат ашылады. Адам қайтыс болғаннан кейін оның амалдары тоқтайды. Енді ол намаз оқи алмайды, ораза ұстай алмайды, садақа бере алмайды. Бірақ дәл осы хадисте үш амал тоқтамайтыны айтылған. Соның бірі – садақа жария, яғни уақып. Яғни сен бір игілік жасап кетсең, ол адамдарға пайда беріп тұрса — сен қабірде жатсаң да сауап алып жатасың.

Мысалы, бір құдық қаздырдың, мешіт салдың немесе білім қалдырдың. Сен жоқсың, бірақ адамдар сол игілікті пайдаланып жатыр. Әрбір пайда – сенің сауап дәптеріңе жазылып жатыр. Бұл – шынайы рухани инвестиция. Алла Тағала Құранда қайырымдылықтың қандай дәрежеде көбейетінін былай баяндайды:

«Алла жолында малдарын жұмсағандардың мысалы – әрбір масағында жүз дәні бар жеті масақ өсірген дән сияқты».

(Бақара, 261-аят)

 Бұл аят бізге бір нәрсені ұқтырады: Алла жолында берілген нәрсе ешқашан жоғалмайды. Керісінше, ол еселеніп, көбейіп қайтады. Бір ғана жақсылық жеті жүз есе болып қайтуы мүмкін. Ал егер ол уақып болса, яғни жылдар бойы адамдарға пайда әкелетін болса — оның сауабы қаншалықты болатынын елестетіп көр!

Сахабалар осыны жақсы түсінген.Тіпті ардақты сахаба Омар ибн әл-Хаттаб (р.а.) Хайбардан жер алған кезде, Адамзаттың Асылы Мұхаммед Мұстафа пайғамбарымыздан (с.ғ.с) оны қалай дұрыс пайдалануды сұрайды. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с) былай дейді:

«Қаласаң, оның негізін сақтап, пайдасын садақа ет».

 (Сахих әл-Бухари, №2737; Сахих Муслим, №1632)

 Бұл – уақыптың нақты үлгісі. Яғни мүліктің өзін сақтайсың, бірақ оның пайдасын адамдарға бересің. Сахаба Омар ибн әл-Хаттаб (р.а.) осы кеңесті қабылдап, жерін уақып етеді. Себебі ол дүниенің өткінші екенін, ал сауаптың мәңгі екенін түсінді. Бүгін біз де осыны ойлауымыз керек. Біз жинап жүрген дүние бізбен бірге қабірге кірмейді. Бірақ уақып – сенің артыңнан келіп тұратын сауап. Қорытындылай келе, уақып – мұсылманның ақыретке жасаған ең тиімді инвестициясы. Ол адам қайтыс болғаннан кейін де сауаптың тоқтамай жазылуына себеп болады. Бұл – дүниеден кетсең де, игілігіңнің жалғасуы. Сондықтан әрқайсымыз өзімізге сұрақ қояйық: Мен артымда не қалдырамын?

 Уақытша дүние ме, әлде мәңгі сауап па? Бүгін кішкентайдан бастауға болады: бір кітап сыйлау, бір құдыққа үлес қосу, білім тарату, мешітке көмектесу. Мүмкін ол сенің ең үлкен құтқарушы амалың болар.

 Уақып жаса — өйткені бұл сенің мәңгілікке салған инвестицияң.

Абибулла Әлинұр

«Сарысу аудандық» мешітінің наиб имам

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: