Жанжалдасу жақсы емес

Жанжалдасу жақсы емес

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Ұрыс-жанжал Алла Тағаланың ұнатпайтын амалдарына жатады. Құран Кәрімде ұрысқа, жанжалға жақын адам жайында да айтылып өткен.

Абдуллаһ ибн Аббастан р.ғ. риуаят етілген хадисте Пайғамбарымыз с.ғ.с. Абдул-Қайс қабиласынан бір кісіге: "Сенің бойыңда Алла  жақсы көретін екі жақсы қасиет бар; ол - мейірімділік және сабырлылық", деді.

Пайғамбарымыз с.ғ.с. адамдарға біреуде өз хақысы бола тұра сабыр етіп, ашуланбай, ұрыс-керістен аулақ болған, әрі кешіріп жіберген, татулық жағына шыққан адамдар үшін Алладан үлкен жақсылықтар бар екендігін көп айтып жүретін болған. Сол үшін пенде әркез ұрыстан, түрлі дау-дамайдан өзін алшақ ұстауы керек. Кейде үлкенді үлкен демей, кішіні кіші демей бетінен алып, жаға жыртысып жататын әйел адамдарды, жастарымызды да көріп жатамыз. Білуіміз керек, бұл шариғат құптаған іс емес. "Бір күнгі ұрыс - қырық күнгі несібені қайтарады" дегендей, түрлі ұрыстардан, дау-дамайлардан, жанжалдардан аулақ болу отбасылар арасында да қатаң сақталуы керек. Өйткені оны көрген ұрпақ ертең соны жасауына неғайбыл. Біздер қайта дауласқан, ұрысқан екі тарапты татуластыруға әрекет жасауымыз керек. Бұл өте сауабы мол амал. Хадистерде айтылады, Пайғамбарымызға с.ғ.с екі ренжіскен адам бір-бірлерінен шағым айтып келген кезде Пайғамбарымыз с.ғ.с "Екеуіңдікі де дұрыс"-деп жауап беріп, екі тарапты ынтымаққа, достыққа шақырған." (Бұхари)

Біздер мынаны білуіміз керек, Ислам діні адамзат баласын тату-тәтті, тыныштықпен ғұмыр кешуге шақырады. Ғұламалар Құран Кәрімнің 50 - ден астам сүрелерінің аяттарында тыныштық пен бауырмашылық жайында айтылғандығын айтады.

Соның ішінде Бақара сүресінің 208-ші аятында:"Әй мүміндер! Исламға бүтіндей кіріңдер.Шайтанның ізіне ермеңдер. Өйткені ол, сендерге ашық дұшпан", дейді. (Бақара сүресі, 208 аят).

Тыныштық пен татулықтың үлкен нығмет екендігін айтқан Пайғамбарымыз с.ғ.с. да: "Алладан кешірімділік, тыныштық пен амандықты сұраңдар. Өйткені, адамға иманнан кейін тыныштық, татулық пен амандықтықтан абзалырақ нығмет берілген жоқ",- деген. (Сүнән әт-Тирмизи, 3558).

Алла Тағала қасиетті Құранда "Әли Ғымран" сүресінінің, 103-аятында:

"Сондай-ақ өздеріңе Алланың берген нығметін еске алыңдар. Өйткені сендер бір-біріңе дұшпан едіңдер, жүректеріңнің арасын жарастырды, Оның игілігімен бауырға айналдыңдар",- деп мұсылмандардың өзара бауыр, туыс екенін айтқан. Сонымен қатар дінімізде мұсылмандар өзара атқаруы қажет болған ақылар мен әдептер бар. Ол ақыларды орындау арқылы мұсылмандар өзара ынтымақ пен бірлікте, береке мен татулықта болады.

Пайғамбарымыз с.ғ.с.: "Мұсылманның мұсылманға деген бес ақысы бар: сәлем берсе қайтару, ауырса халін сұрау, жаназасына қатысу, шақырса бару, тушкірсе жақсылық тілеу",- деген  (Бұхари риуаяты).

Бір ғалым өз шәкірттерінен сұрапты:

-Адамдар неге бір-бірлерімен ренжісіп, ұрысып, жанжалдасып жатқан кездерінде дауыстарын қатты шығарып (айқайлап, бақырып) ұрысып жатады?

-Өйткені олар орталарындағы тыныштықты жоғалтты деп жауап беріпті шәкірттерінің бірі.  

-Олар айқайлап ұрыспаса да жақын жерден бір-бірлерінің сөздерін еститін ғой, мұның сыры неде? депті ғалым.

Шәкірттері өздерінің түрлі ойларын айтып жатты.

Сол кезде ғалым:

-"Адамдар бір-бірлерімен өзара ұрысқан кезде олардың жүректері бір-бірлерінен ұзақтап, алшақтап кетеді, сол олар бір-бірлеріне қатты бақырып, айғайлап ұрысады. Ал егер олар бір-бірлеріне мейірімділікпен қарайтын болса, жылы-жылы сөздерін арнайтын болса, онда олардың жүректері бір-бірлеріне өте жақын болады. Жәй дауыспен айтылған сөздің өзі түсінікті болып, естіліп тұрады. Сол үшін әр адаммен ара қашықтықтарыңды алшақтатпаңдар, ұрыспаңдар, дауласпаңдар! Бір алыстаған жүректің қайта жақындауы өте қиынға соғады.Мұның сыры осында!" деген екен ғалым..

Ғалымның жоғарыдағы айтқан хикметтің сөзінен кейін, атам қазақтың:

"Ашу-дұшпан, ақыл-дос,

Ақылыңа ақыл қос" деген, қанатты сөзі де бекер айтылмағандығын аңғарамыз.

Құрметті жамағат! Бұл өмірде татулықтан асқан бақыт жоқ. Берекенің бастауы ауызбіршілікте, ынтымақта. Ит ұсталынған үйлерге (үй сыртынан тыс) періштелер кірмейтіні, жоламайтыны секілді ұрыс, жанжал болған ортаға да, үйлерге де періштелер кірмейтінін естен шығармағанымыз абзал.

Үмбет Сабырханов

"Әл-Хақ" мешітінің имамы

Рысқұлов ауданы

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: