ЛУДОМАНИЯНЫҢ ДАУАСЫ БАР МА?

ЛУДОМАНИЯНЫҢ ДАУАСЫ БАР МА?

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

       Лудомания, яғни ойынқұмарлық – қоғамды құлдыратып, берекелі отбасылардың шырқын бұзып, ел тыныштығына сызат түсіретін қауіпті дерт. Егер адам нәпсісіне ие бола алмаса, оның түрлі күнәлі істерге бейім келетіні анық. Солардың бірі – осы ойынқұмарлық. Бұл – оңайлықпен емделмейтін рухани сырқаттардың бірі. Құмар ойынға әуестік Құран Кәрімде де, Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінде де қатаң тыйым салынған, үлкен күнәлардың қатарына жатқызылған. Дін ғалымдары құмар ойынды «кездейсоқ ұтысқа үміттеніп, ақша немесе құнды зат тігу арқылы ұту не ұтылу» деп сипаттайды. Оның үлкен күнә саналуының басты себебі – тек жеке адамға емес, тұтас қоғамға зиян келтіруінде.

     Адам бірден ойынқұмар болып кетпейді. Ешкім де туабітті құмарпаз емес. Көбіне бәрі жеңіл жолмен табыс табуға деген әуестіктен басталады. Бүгінде құмар ойынның түрі өзгерген: бұрын казино, карта ойындары болса, қазір смартфон мен интернет арқылы кез келген уақытта қолжетімді. Әлеуметтік желілердегі түрлі «ұтыс ойындары» мен онлайн бәс тігулер де осының бір көрінісі. Әсіресе букмекерлік кеңселер мен онлайн спорттық бәс тігу кең етек жайып отыр. Жарнамалардың көптігі де адамдарды осы жолға итермелейді. Заң бойынша кейбір құмар ойын түрлеріне тыйым салынғанымен, букмекерлік қызметтердің жарнамасы әлі де белсенді.

   Психолог мамандардың айтуынша, адамдардың құмар ойынға тәуелді болуының себептері әртүрлі: өмірдің қызықсыз көрінуі, эмоция іздеу, тәуекелден ләззат алу, ішкі бос кеңістікті толтыруға ұмтылу. Мұндай жағдайда жай ғана ақыл-кеңес жеткіліксіз, кәсіби психолог көмегі қажет. Ертерек қолға алынған ем нәтижелі болады. Дегенмен, бұл дерттен айыққан жандар да бар. Ал кейбіреулер барынан айырылып, қарызға батып, отбасы мен абыройынан айырылып жатқан жағдайлар да аз емес. Құмар ойын адамды бір күнәдан екінші күнәға жетелеп, ақырында рухани әрі әлеуметтік күйреуге алып келеді.

     Дін  тұрғысынан қарағанда, бұл мәселеден шығудың жолы бар. Ең алдымен адам өзінің қателігін мойындап, тәубеге келуі керек. Нәпсіні тізгіндеу – басты қадам. Сонымен қатар арнайы оңалту орталықтарына жүгіну, діни білімін арттыру, ортасын өзгерту – маңызды шаралар. Тағы бір маңызды нәрсе – жақындарының қолдауы. Отбасы мен достардың жанашырлығы адамды қайта жолға салуға үлкен көмек береді. Сонымен қатар қоғам мен мемлекет деңгейінде де алдын алу шаралары күшейтілуі тиіс.

         Құмар ойын – Исламда харам етілген іс. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кім досына: “Жүр, құмар ойын ойнайық” десе, садақа берсін», – деген. Бұл хадис құмар ойынға шақырудың өзі күнә екенін көрсетеді. Алайда  адам қанша күнә жасаса да, тәубе есігі жабық емес. Құран Кәрімде: «Құлдарыма айт: Мен – аса кешірімді, ерекше мейірімдімін» делінген. Демек, шынайы өкініп, Алладан кешірім сұраған жан үшін әрқашан үміт бар. Жұрек  соғып тұрған кезде үміт үзілмейді. Адамдар кешірмесе де, Алла кешіреді. Ең бастысы – шынайы тәубе, нық ниет және дұрыс жолға қайтуға талпыныс.

Нұрсұлтан Атанбаев

Қордай ауданы, Өтеген ауылы

«Өтеген» мешіті

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: