«ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» – ТАЗАЛЫҚ ПЕН ТАҒЫЛЫМ ҮНДЕГЕН ИГІ БАСТАМА

«ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» – ТАЗАЛЫҚ ПЕН ТАҒЫЛЫМ ҮНДЕГЕН ИГІ БАСТАМА

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылғы 2 қыркүйекте Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясының маңыздылығына ерекше тоқталған болатын. Президент атап өткендей, бұл – уақытша науқан емес, жыл бойы жалғасатын, қоғам санасын жаңғыртатын маңызды жоба.

Осы игі бастамадан шет қалмай, ҚМДБ-ға қарасты облыстық орталық «Һибатулла Тарази» мешіті мен медресе-колледж ұжымы да тазалық шарасына белсене атсалысты. Аталған мекемелерде ауқымды сенбілік ұйымдастырылып, қоршаған ортаны көркейту бағытында нақты жұмыстар жүргізілді.

ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша бас имамы Асқар Зәкіржанұлы мен оқу орнының директоры Жарбол Ақжігіттің бастамасымен мешіт қызметкерлері, ұстаздар және студенттер бір кісідей жұмылып, ғимараттардың ауласына тазалық жұмыстарын жүргізді. Атап айтқанда, аула аумақтары күл-қоқыстан тазартылып, ағаштар әктеліп, айнала ретке келтірілді. Бұл – тек тазалық шарасы ғана емес, жауапкершілік пен ортақ іске деген жанашырлықтың жарқын көрінісі болды.

Сенбілік барысында қатысушылар табиғатты аялау – әрбір азаматтың парызы екенін терең түсініп, экологиялық мәдениетті қалыптастырудың маңызын іс жүзінде көрсетті. Әсіресе жастардың белсенділігі – болашақтың тазалығы мен тәртібі бүгінгі тәрбиеден басталатынын айқындай түсті.

«Таза Қазақстан» акциясы – қоғамды тазалыққа үндейтін ғана емес, ұлттық құндылықтарды жаңғыртып, «адал адам – адал еңбек – адал табыс» қағидатын дәріптейтін маңызды бастама. Осындай игі істер арқылы әрбір азамат туған жеріне деген сүйіспеншілігін нақты әрекетпен дәлелдей алады.

Бірлік бар жерде – тірлік бар. Ендеше, баршаңызды «Таза Қазақстан» акциясына үн қосып, ортақ үйіміз – туған өлкемізді таза ұстауға шақырамыз!

«Һибатулла Тарази» мешітінің баспасөз қызметі

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: