Дұға етпеу қайғылардың ең үлкені

Дұға етпеу қайғылардың ең үлкені

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Дұға – тілеу, жалынып-жалбарыну, сұрау дегенді білдіреді. Кез-келген адамның өз қалауларының жүзеге асуы үшін немесе басқа адамның өз тілегеніне қауышуы үшін Алла та’алаға жалбарынуы деген сөз. Алла та’ала Мүмин сүресінің алпысыншы аятында: «Маған таза (ықыласты)жүректеріңмен дұға етіңдер. Дұғаларыңды қабыл етемін.» деп бұйырған. Пайғамбарымыз “саллАлла алейһи уәсәлләм”: «Алла та’аланы ұмытып, ғафлетпен (ықылассыздықпен) етілген дұға қабыл болмайды.» деген.

Дұғаның қабыл болып-болмағанына емес, дұға еткенде орындалуы керек болған шарттарының орындалып-орындалмағанына алаңдау керек. Өйткені, шарттарына сай жасалған дұға міндетті түрде қабыл болады. Мұны аяттар мен хадис шәрифтер білдіруде. Хазреті Мәулана Халид Бағдади былай дейді: «Тек қана  дұға етіп өз-өзімізді алдамайық. Алла та’аланың жаратқан заңдылықтарына мойынсұнбай, себептеріне жабыспай, еңбек етпей дұға ету мұғжиза тілеу деген сөз. Мұсылмандық әрі еңбек етумен, әрі дұға етумен жүзеге асады. Әуелі себебіне жабысу керек (яғни мақсатыңа қауыштыратын себептерді орындау керек), одан кейін дұға ету керек.»

Хазреті Имам Ғазали: «Дұғаның әдептерінің бірі – өзіңнің әлсіз екеніңді білдіру, тұнық оймен, хушумен (ықыласпен, кемшіліксіз, басқа еш нәрсе ойламай, беріліп), Аллаһтан қорқып, дұғаңның қабыл болатынын үміт етіп, тілеуіңді тұрақты түрде жалбарынып сұрау.” деген.

Құл барлық уақытта Иесіне, Жаратқанына мұқтаж. Алла та’ала барлық нәрсені себептермен байланыстырып жаратқаны үшін, себептерге жабысу әмір етілді. Себептерге жабысамыз және дұға етеміз. Өйткені дұға етуімізді Өзі қалауда және әмір етуде. Ниғметке кенелген уақытымызда да, бәлеге ұшыраған уақытымызда да дұға етуіміз әмір етілді.

Хазреті Имам Раббани былай дейді: «Дұға етуіміз әмір етілді. Құлдың Раббысына дұға етуі, жалынып-жалбарынуы,сыйынуы, жылауы Раббысына ұнамды келеді.»

Бәле келгенде Алла та’алаға жалбарынбау, дұға етпеу – келген бәледен де үлкен өкініш, одан да өткен қасірет болып табылады. Хазреті Мұхаммед Масум былай дейді: “Бәле Алла та’аладан келеді. Бәледен құтқаратын да Алла та’ала. Әр қайсысының белгілі уақыты бар. Уақыттарын өзгерту мүмкін емес. Шағымдану пайда бермейді. Оған сыйынып дұға етілсе, ешқандай да қайғы-қасірет қалмайды. Дұға етпеу – қайғылардың ең үлкені.”

Шарттарына сай жасалған дұғаның нәтижесінен алаңдамау керек және бұл жөнінде асықпау керек. Бір күні Пайғамбарымыз: «Құл күнә істемейінше немесе сила-и рахимді тәрк етпейінше (туыстарымен ара-қатынасын үзбейінше) және асықпайынша дұғасы қабыл болады.» деп бұйырған. Сол жердегі сахабалардың кейбіреулері: “Йа Расулаллаһ, асығу қалай болады?” деп сұрағанында, пайғамбарымыз: «Дұға еттім бірақ қабыл болғанын көрмедім деп, дұға етуді ығыстырып қояды.» деп жауап берді.

Дұға еткенде Алла та’аланың сүйікті құлдарын ортаға қойып, олардың құрметі үшін деп дұға ету керек. Өйткені Пайғамбарымыз: «”Аллаһүммә инни әсәлукә билхаққиссә’илинә аләйкә”, яғни “Йа Раббым! Сенен сұрағанда тілегенін берген адамдарыңның құрметі үшін сұраймын” деп дұға ететін және осылай дұға етіңдер!» деп айтатын.

Хазреті Абдулқадир Гәйлани былай дейді: «Алла та’аладан дүние мен ахыреттің жақсылықтарын тіле. “Мен тілеп жүрмін, бірақ Алла та’ала бермей жатыр, енді бұдан кейін тілемеймін” деуші болма. Дұға етуді тоқтатпа. Егер тілеген нәрсең әзелде тағдырыңа жазылған болса, тілегеніңнен кейін Алла та’ала оны саған береді. Егер ол сұраған ризқың әзелде тағдырыңа жазылмаған болса, Алла та’ала сені ол нәрсеге мұқтаж етпейді және Өзінен келгендерге разылық білдіру ниғметін ихсан етеді. Егер Алла та’ала сен үшін кедейлік пен ауру-сырқат қалаған болса, сен кедейлік пен ауру-сырқаттан құтылу үшін Алла та’алаға жалбарынасың. Сонда Алла та’ала саған сені разы ететін және қанағаттандыратын хал береді. Егер әзелде қарыз болуың жазылған болса және сен сол қарыздан құтылу үшін дұға етсең, Алла та’ала сенің қарыз алған адамыңды сенімен жаман мәміледе болу халінен бастартқызады. Тіпті қарызыңды азайтып немесе қарызыңды түгелдей саған сыйлау халіне ауыстырады. Егер бұл дүниеде қарыз болған халіңнен құтқармаса, мұның орнына көп сауап береді.»

Бір күні хазреті Ахмед бин Аләуидің бір шәкіртінің баласы қайтыс болады. Шәкірті бұған қатты қайғырады. Баласын құшағына алып, ұстазының алдына әкеледі де: “Ұстазым, Алла та’алаға дұға етіңізші, баламды тірілтсін немесе менің де жанымды алсын” дейді. Хазреті Ахмед бин Аләуи шәкіртіне: “Сен үшін қайырлы болатын дұға етемін. Балам, тағдырға разы болуың керек. Алла та’ала бұл балаңды саған аманат етіп берді. Енді, қайта алып жатқанында саған көп сауап, жақсылық береді, саған аяушылық көрсетіп дұрыс жолда ілгерілеуіңді, жоғары дәрежеге көтерілуіңді ихсан етеді. Мұндай мейрімділікке және ихсанға қауыша алу үшін сабыр етіп, Оның жазғанын ұнатуың керек. Ашуланып, айқай-шу шығарсаң сауапқа қауыша алмайсың. Оның әміріне разы болып, маңдайыңа жазылғанға разылық білдіруің керек.” деп жауап береді де дұға етеді.

Дұға етуді тастамау керек, бірақ, шарттарына сай етіп жасау керек. Өйткені хазреті Али Рамитани былай дейді: «Дұғаларыңның қабыл болуы үшін, Алла та’алаға ешқашан қарсы келмеген тілдеріңмен дұға етіңдер.»

Хазреті Яхья бин Маин да: “Алла та’алаға мойнсұну қазынаға ұқсайды. Бұл қазынаның кілті – дұға. Бұл кілттің тісі – халал азық.” деген.

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: