Дінімізде адамға оның бұл дүниеде де арғы өмірде де артынан сауабы тоқтамай, үздіксіз жеткізіліп тұратын бір ізгі амал бар. Ол "Садақа жәрия" деп аталады. Садақа жәрияның қасиеттері мен маңыздылықтары көптеген хадистерде келтірілген. Соның ішінде Әбу Һурәйрадан р.ғ. келтірілген хадисте Пайғамбарымыз с.ғ.с.: "Адам баласы дүние салғаннан соң амал дәптері жабылады. Бірақ мынадай үш кісінің амал дәптерлері қиямет күніне дейін жабылмайды: Біріншісі, Садақа жария. Жол, көпір, мешіт, оқу орны т.б. тәрізді адамдарға пайдасын тиетін іс-амалдар жасаған адам. Екіншісі, Пайдалы ілім қалдырған кісі (яғни кітап жазып, құнды еңбектер қалдырса, шәкірт тәрбиелесе және Үшіншісі, өзінің артынан дұға тілейтін игі перзент қалдырған кісі". (Муслим)
Садақа жәрия тек бір нәрсемен ғана шектелмейді, ол сондай ұзағынан үздіксіз өз пайдаларын тигізіп тұратын амал. Айтар болсақ, мектеп салу, кітапхана салу, мешіт салу, кітап жазу, көпір салу, аурухана салу, құдық қазу, тал егу сияқты сауаптары ұрпақтан ұрпаққа жалғасып тұратын амалдарды жатқызуымызға болады.
Садақа жәрия жасау үшін бай немесе әл-ауқаты болу да шарт емес. Тек әркімнің өзінің мүмкіндігінен туындайтын амал. Бір жұтым су берсең де, бір дана құрма садақа етсең де Алла қабыл етеді. Солардың бірі - көшет отырғызу, айналаны бау-бақшаға айналдыру. Адам баласы бұл дүниеден еш нәрсені өзімен бірге алып кете алмайды. Ал бірақ та артынан нендей нәрселер қалдыруы маңызды мәселе. Сонымен, "Жақсыдан бақ қалады" деген даналықпен айтылған сөзге оралайық. Бір қарағанда, көшет отырғызу қарапайым ғана бір іс болып көрінуі мүмкін. Ал енді мағынасына қарасақ, бұл сөз терең бір мағынаға ие болып табылады. Тал дегеніміз, ол жеміс, ол көлеңке, ол отын және сондай ақ ол таза ауа һәм берекенің көзі.
Аталарымыз ертеректе көктем мезгілі келген кезде көктем айларын қуаныш-шаттықпен, мейірімділікпен қарсы алушы еді. Сол мезетке амандықпен жеткендері үшін Раббысына шүкірлік айтып, ізгі ниеттерімен жерге түрлі дақылдар, жеміс беретін де, жеміс бермейтін де тал-тарақтардың түр-түрлерін отырғызатын еді.
Әли р.ғ. риуаят етіп айтады, Пайғамбарымыз с.ғ.с.: "Әр мұсылман адам қандай да бір көшет егетін болса, оның жемісінен, көлеңкесінен адамдар қолданатын болса, еккен кісі үшін бұл еңбегі садақа жәрия болып саналады",- деген. Бүгін отырғызған көшет, тал ертең көлеңке, сая береді, жемістері адамдар мен құстарға тарту етілсе садақа болып есептеледі. Рамазан айы көктем айына тұспа-тұс келгендіктен әрқайсымыз шамамыз келгенше, мүмкіндіктерімізге қарай үйлерімізге, мешіттеріміздің маңайларына көшеттер отырғызатын сәттер де келді. Адам сауапты амалды іздеп жүріп орындағаны абзал. Тал отырғызудың сауабы мол. Бір рет ғана еткен еңбегіміздің жүз жылдық сауаптары болатынын естен шығармағанымыз абзал. Мұсылман адам қоршаған ортаның да табиғаттың көркеюінің де маңыздылығын біліп, өз үлесін қосып жүруі керек.
Күндердің бір күнінде адамдар жасы ұлғайып, қарттық келген бір кісінің машақатпен көшет отырғызып жатқанын көреді. Адамдар: "Уа, қария! Жасыңыз да келген екен, соған қарамай, тал отырғызып әбігерсіз, демалсаңыз болмас па еді?!" дейді. Тал отырғызып жатқан үлкен кісі танымал сахаба Әбу Дарда р.ғ. екен. Сол кездегі Әбу Дарданың р.ғ.берген жауабы: "Пайғамбарымыз с.ғ.с. маған өсиет етіп: "Егер қиямет қайым болайын деп жатқан болып жатса да, қайсыбіріңіздің қолыңызда отырғызайын деп тұрған көшетіңіз болса, оны отырғызып үлгеріңіз" деген еді,"- деп, жауап беріпті.
Демек, тал егу болсын, мейлі егін егу болсын, мейлі қандай да жақсылықтар болсын әрбірін дер кезінде орындау әрі тоқтамау керектігі, тіпті қияметке дейін болса орындап үлгеру керектігі маңызды екендігін түсінеміз.
Қорытынды ретінде айтарымыз, көктем - жаңару айы. Көктем айында және де жүріп жатқан қасиетті рамазан айында ағаш отырғызып сауапты амалдарға ие болайық. Халқымызда: "Ауа адамсыз өмір сүре алады, адам ауасыз өмір сүре алмайды", деген нақыл сөз бар. Адамзат баласы өз тарихында осы күнге дейін әлі ағаштан артық ауаны тазартатын бірде-бір қондырғы ойлап таба алған жоқ екен. Бұл да бір Алланың Құдіреті!
Ұстап жатқан оразаларыңыз қабыл болсын!
Үмбет Сабырханов
Әл-Хақ мешітінің имамы
Рысқұлов ауданы


18 Наурыз 2026
29 Рамадан 1447

