Мухаррам айының оныншы күні – Ашура күні деп аталады. Мухаррам айы – Құран кәрімде құрметтелген төрт айдың бірі. Мухаррам айының бірінші күні ораза тұту ол жылдың барлығын оразамен өткізгенмен бірдей болады. Бір хадис шәрифте былай делінеді:«Рамазаннан кейінгі ең құнды ораза – мухаррам айында тұтылған ораза болып табылады.» (Муслим)
Бұл айдың ең қадірлі түні – Ашура түні. Алла та’ала көп дұғаларды Ашура күні қабыл еткен. Хазреті Адамның тәубесінің қабыл болуы, хазреті Нұхтың топаннан құтылуы, хазреті Юнустың балықтың қарнынан шығуы, хазреті Ибраһимнің отта жанбауы, хазреті Идристің тірідей көкке көтерілуі, хазреті Яқубтың ұлы хазреті Юсуфқа қауышуы, хазреті Юсуфтың құдықтан шығуы, хазреті Әййубтың аурудан құтылуы, хазреті Мұсаның қызыл теңізден өтуі, хазреті Исаның туылуы және өлімнен құтылып тірідей көкке көтерілуі Ашура күні болған.
Хадис шәрифте былай делінеді:
«Ашура күні Нұх алейһиссаламның кемесі Жуди тауына отырды. Ол күні Нұх және қасындағылар, Алла та’алаға шүкір ету үшін ораза тұтқан еді. Жануарлар да ешнәрсе жемеген еді. Алла та’ала теңізді Бәни Исраил қауымы үшін ашура күні жарды. Және ашура күні Алла та’ала Адам алейһиссаламның және Юнус алейһиссалам қауымының тәубесін қабыл етті. Ибраһим алейһиссалам да осы күні туылды.» (Табарани)
Ертеден бері Қурайш қауымы да, Расулуллаһ та ашура күні ораза тұтатын еді. Мәдинаға келгенде де осы күні ораза тұтты және басқаларға да тұтуы үшін әмір етті. (Бұхари, Мүслим, Тирмизи, Әбу Дауд)
Мәдинада ашура күні ораза тұтқан пайғамбарымыз яһудилердің де ораза тұтқандарын көріп “неге ораза тұттыңдар?” деп сұрады. Олар “Аллаһтың исраил ұлдарын дұшпаннан құтқарған күні, Мұса бұл күні ораза тұтқаны үшін тұттық” деді. Расулуллаһ алейһиссалам мұсылмандардың бұл күні ораза тұтуларының себебін түсіндіру үшін “Мен Мұса алейһиссаламға сендерден де лайықтымын” деп бұйырды. (Бұхари, Муслим, Әбу Дауд)
Бұл күні жасалатын амалдар:
1) Ашура күні ораза тұту сүннет болып табылады. Хадис шәрифте былай делінеді:
«Ашура күні ораза тұтқан адамның бір жылдық күнәлары кешіріледі.»(Мүслим, Тирмизи, И. Ахмед, Табарани)
«Ашура күні ораза тұтқан адам ол жылы тұта алмаған (нәпіл)оразаларының сауабына қауышады.» (Дәйләми)
«Ашура күнінен бір күн бұрын, бір күн кейін ораза тұтыңдар, яһудилерге ұқсамаңдар.» (И. Ахмед)
«Ашураның құндылығынан пайдаланыңдар! Бұл қасиетті күнде ораза тұтқан адам періштелер, пайғамбарлар, шәһидтер және салихтердің ғибадаттарындай сауапқа қауышады.» (Шира)
(Тек қана Ашура күні ораза тұту мәкрух болады. Алдыңғы бір күнмен немесе кейінгі бір күнмен қосып тұту керек!)
Пайғамбарымыз осы күні түс уақытында былай деп бұйырды:
«Бәріне естіртіңдер! Бүгін бір нәрсе жеген адам, кешке дейін ешнәрсе жемесін, аузы берік секілді жүрсін! Әлі ешнәрсе жемеген адам ораза тұтсын! Өйткені бүгін ашура күні.» (Бұхари, Муслим, Әбу Дауд)
Пайғамбарымыз осы күні бір құрманы мүбәрәк аузымен суландырып балалардың аузына беретін. Балалар расулуллаһтың мұғжизасы ретінде кешке дейін ешнәрсе ішіп-жемейтін еді. Бұл күнде кейбір жануарлар да ешнәрсе жемей жүретіні білдірілген. Бір аңшы ашура күні бір киікті ұстап алады. Киік балаларын емізіп кешке қайтып келуі үшін расулуллаһ алейһиссаламнан шапағат сұрайды. Аңшы киікке кешке дейін қалмай емізіп дереу қайтып келуін айтқанда, киік “Бүгін ашура күні. Бұл күннің құрметіне балаларымызды емізбейміз. Сондықтан мен кешке келу үшін рұқсат сұрадым” дейді. Мұны естіген аңшы киікті пайғамбарымызға сыйға береді. Пайғамбарымыз киікті босатып жібереді.
2) “Сила-и рахим” жасау керек. Яғни туыстарға қонаққа барып, оларға сыйлық беріп, әртүрлі көмектермен көңілдерін аулау керек. Хадис шәрифте «Сила-и рахимді тәрк еткен адам, ашура күні туыстарына қонаққа барса, Яхйа және Иса алейһиссаламның сауабындай сауапқа қауышады» деп бұйырылды. (Шира)
3) Ілім үйрену керек! Хадис шәрифте: «Ашура күні ілім үйреніліп жатқан немесе Алла та’ала зікір етіліп жатқан жерде біраз отырған адам жәннатқа кіреді» деп бұйырылды. Бұл түні ілім ретінде әһли сүннет кітабын (мәселен “Намаз кітабын”) оқу керек. Сонымен қатар Құран кәрім оқу керек, намаздан қазасы бар адам қаза намаздарын оқуы керек. (Шира)
4) Садақа беру сүннет, яғни ғибадат. Хадис шәрифте: «Ашура күні түйірдей садақа берген адам Ухуд тауындай сауапқа қауышады» делінген. (Шира)
Емдік ниетпен сүрме жағып жүрген адам бұл күні де сүрме жағуына болады. Хадис шәрифте: «Ашура күні исмид сүрмесін жаққан адам көз ауруын көрмейді» делінеді. (Хаким)
5) Көп сәлем беру керек. Хадис шәрифте: «Ашура күні он мұсылманға сәлем берген адам бүкіл мұсылмандарға сәлем бергендей сауапқа қауышады»деп бұйырылды. (Шира)
6) Отбасын, бала-шағасын қуанту керек! Хадис шәрифте: «Ашура күні жанұясының напақасын мол ұстаған адамның бүкіл бір жылғы напақасы мол болады» делінеді. (Бәйһақи)
7) Ғұсыл алу керек. Хадис шәрифте: «Ашура күні ғұсыл алған мұсылман күнәлардан тазарады» деп бұйырылды. (Шира)
(Бұл сауаптар сенімі дұрыс, яғни әһли сүннет болған, намазын оқитын және харамдардан сақтанатын мұсылман үшін. Бұларға мән бермейтін адам ашура күні бір емес, бірнеше рет ғұсыл алса да күнәлары кешірілмейді.)
Хазреті Хусейн 10 мухаррамда шәһид етілді. Бұл ұлы имамның шәһид болуы әрине бүкіл мұсылмандар үшін үлкен қайғы. Хазреті Омар, хазреті Осман, хазреті Әли және хазреті Хамзаның шәһид етілуі де осы секілді үлкен қайғы. Бірақ пайғамбарымыз хазреті Хамзаның шәһид етілген күнінде аза (траур) тұтпады. Аза тұтуды да әмір етпеді. Аза тұту тыйым болмағанда, бәрінен бұрын пайғамбарымыздың өлімі үшін аза тұтылатын еді. Хадис шәрифтерде былай делінеді:
«Аза тұтқан адам өлмей тұрып тәубе етпесе, қияметте ауыр азап көреді.»(Муслим)
«Адамды күпірге тартатын екі нәрсе бар. Біріншісі: біреудің ата-тегіне сөгу, екіншісі: өлі үшін аза тұту.» (Мүслим)
Ашура күні оқылатын дұға
Хадис шәрифте былай делінген:
«Кімде-кім мухаррам айының алғашқы күнінде төмендегі дұғаны 3 рет оқыса, Алла Та’ала ол адамды келесі мухаррам айына дейін барлық бәле-жаладан сақтайды:
Әлхамдулилләһи Раббил-аләмин. Уассалату уәссәламу ала сәйидина Мухаммадин уә ала алиһи уә сахбиһи әжмаин. Алламма әнтәл-әбадиул-қадим, әл-хайул карим, әл-ханнан, әл-мәннан. Һазиһи сәнәтун жәдидәтун. Әсәлука фиһәл-исмәтә минәшшайтанирражим, уәл аунә ала һазиһиннәфсил-әммарати биссуи уәл-иштиғалә бимә юқаррибуни иләйкә, йа зәл-жәлали уәл-икрам, бирахматикә йа әрхамаррахимин. Уә саллАлла уә сәлләмә ала сәйидина уә нәбиинә Мухаммедин уә ала алиһи уә сахбиһи уә әһли бәйтиһи әжмаин».
Шахабиддин Сухрауарди былай дейді: «Кім бұл дұғаны ашура күні (мухаррам айының 10-күні) 3 рет оқыса, өлімнен де қорғайды. Өйткені, сол жылы өлетін адамға қандай да бір себеппен бұл дұғаны оқу нәсіп болмайды».