Ислам және отбасы.

Ислам және отбасы.

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

«Отан - отбасынан басталады» демекші, жанұя қоғамның ең маңызды құрылымы. Сондықтан да Ислам отбасына көп көңіл бөледі. Исламда неке - екі жанның қасиетті одағы, сенімділіктің бастауы. Жанұяда ең әуелі сенім мен сыйластық, сезім мен сүйіспеншілік болса, жұбайлар өмірінің шырайы артып, кездеспей қоймайтын тіршіліктің ащысы мен тұщысын, суығы мен ыстығын, қайғысы мен қуанышын бірге бөлісіп, қандай жағдайда болсын, босағасы берік болмақ.

 

Аллаһ Тағала қасиетті Құранның Бақара сүресінің 187-аятында: «Олар сендер үшін киім, сендер олар үшін киімсіңдер» - деген. Киім адамды сырт көзден, суық пен желден қорғап, адамның кемшілігін жасырып тұратыны белгілі. Ер мен әйелді Аллаһ Тағала бірін-бірі қорғап, кемшіліктерін жасыратын киімге теңеп отыр. Сондай - ақ, Рум сүресінің 21-аятында: «Сендерге олардан тыныштық табуларың үшін өздеріңнен жұбайлар жаратып, араларыңда махаббат пен мейірімділік пайда қылғандығы да Оның белгілерінен. Сөз жоқ, осыларда ойланған ел үшін белгілер бар» - дейді. Аяттан байқағанымыздай ер мен әйел бір-бірі үшін жаратылғандықтан, өз теңін тауып, отбасын құрғанда жандары тыныштық тауып, бақытты ғұмырдың алғышарттарына қол жеткізеді.

 
Қазіргі таңда үйленетін боз балаларымыз көбінесе әйелдің сұлулығы мен дүниесіне қарайды. Бұлардың уақытша екенін аңғара бермейді. Егер ерлі-зайыптылар өмірлерін дүниеге, нәпсіқұмарлыққа негіздеп үйленсе, бір-біріне деген махаббаты қу дүниеге ауып, ақыры ажырасып тынуы әбден мүмкін. Сондықтан да, ер кісі өмірлік жан-жарын таңдауда, аяғын шалыс баспау үшін Пайғамбарымыздың (с.а.у.): «Бір кісі әйел затына төрт ерекшелігі үшін некеленеді. Дүние-мүлкі, тектілігі, сұлулығы және діндарлығы үшін үйленеді. Сен бұлардан діндар болғанын таңда, үйің берекеттенсін» - деген насихатына көңіл бөлген абзал.


«Ерлер - әйелдердің билеушісі» деп, Ниса сүресінің 34-аятында баян етілгендей, Ислам діні жанұяның отағасы, басқарушы ретінде хұқықты ер кісіге беріп отыр. Бұл жерде әйел затына төмен қарап, ер кісіні жоғары санап тұрғаны жоқ. Қайта, Ислам діні - ер кісінің игі бастамаларына әйелді қолдаушы, ақылшы етіп, сенімді сүйеуші ретінде көрсетеді.


Ер кісі - ең әуелі отбасының намысын қорғау, әйелінің, бала-шағасының напақасын тауып беру, үйге қажетті нәрселерді және сыртқы ауыр немесе жеңіл істердің барлығын қамтамасыз етуді міндеттейді. Өйткені, Құранда Бақара сүресінің 233-аятында «... Ананың тиісті қорегі мен киімі баланың әкесіне жүктеледі ...» - десе, хадисте Муғауия бин Хайда (р.а) Пағамбарымызға (с.а.у.) келіп: «Уа, Расулаллаһ! Әйелдердің біздің мойнымыздағы ақысы не?» - деп сұрағанда, Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Ішіп-жегенің сияқты оны да ішіп-жегізесің, кигенің сияқты оны да киіндіресің, сосын істегендеріңді еш міндетсінбейсің» -деген.


Ал, әйел заты - әуелі күйеуіне бойұсынуы тиіс, содан кейін өз намысын, бала-шағасының, сондай - ақ үйі мен мал-мүлкін қорғап отыруға міндетті. Пайғамбарымыз (с.а.у): «Әйел бес уақыт намазын оқыса, рамазан айында оразасын тұтса, ар-намысын қорғап және күйеуіне мойынсұнатын болса жәннәт есіктерінен қалағанына кіреді» - деп, әйел кісінің міндетін дөп басып көрсеткен.


Ерлі-зайыптылар қарым-қатынаста жақсы мәміледе болуы, бір-біріне уәжіб саналады. Ислам ілімі отбасындағы мәселелерді ер мен әйел бірге ойласып, ақылдасып шешім қабылдауға шақырады.
Ер кісі- ең алдымен әйелін Аллаһтың берген аманаты ретінде қабылдауы қажет. Ер кісі зайыбын нақақтан-нақақ жазғыруына, балағаттауына және қол жұмсауына болмайды. Құран Кәрімнің Ниса сүресінің 19-аятында: «... Олармен жақсы мәміледе болыңдар ...» - деп үндесе, хадисте «Әйелдердің ақыларын орындауда Аллаһтан қорқыңдар! Сендер әйелдеріңді Аллаһтың бір аманаты деп алдыңдар» - деген. Сонымен қоса, жанұясын және жан-жарын діни тұрғыда тәрбиелеп, жақсы мінез-құлыққа үгіттеп, олардың құлшылықты орындап, орындамағандықтарын бақылап, кемшіліктерін түзетіп отыруы тиіс. Ақыретте отбасының ахуалына жауапты екенін ескерткені жөн.


Әйел кісі - әуелі жұбайының рұқсатынсыз бөгде жерлерге баруына болмайды. Барынша күйеуінің көңілінен шығуы керек. Құранда Бақара сүресінің 228-аятында «Ерлердің әйелдердегі ақысы сияқты, әйелдердің де ерлерде белгілі ақылары бар» - деген. Әйел заты үй берекесінің ұйытқысы, яғни, берекесін келтіретін де, кетіретін де және күйеуін тамаша адам қылатын да, немесе ада қылатын да әйел десек қателеспейміз. Сонымен қатар, әйел кісіде жұбайының тапқан табысын ысырап етпей орны-орнымен жұмсау, үй тіршілігін тиянақтап орындау және иман жүзді ұрпақ тәрбиелеу, т.б. сол сияқты міндеттер бар.


Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Барлығың да бақташы секілдісіңдер және барлықтарың қоластыларыңдағылар үшін жауап бересіңдер. Басшы - бақташы. Ер адам - отбасының бақташысы. Әйел - ерінің шаңырағы мен балаларының бақташысы. Қысқасы, әрбірің бақташысыңдар және өздеріңе бағынышты жандар үшін жауаптысыңдар» - деп, ерлі-зайыптылардың міндеттерін ашық-айқын көрсеткен.


Ислам отбасының ең әуелі сенім мен сүйіспеншілік және түсіністік негізінде құрылғанын қалайды. Бақытты отбасы болашақта ұлы тұлғалардың дүниеге келуіне қабілетті болмақ. Ендеше, елдің, ұлттың болашағы әр отбасында шешіледі, негізі қаланады.


«Әулие ата» мешітінің Бас имамы
Ахметжан қажы Пірәліұлы

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: