«Дәстүріңді баққаның – үмітіңді жаққаның». Салт-дәстүріне, ұлттық ерекшеліктеріне ерекше мән берген елдің іргесі берік, келешегі кемел болады. Өзге елге барғанда өз жұртыңның артықшылығы мен ерекшелігін айқын байқайсың. Бұл – Жаратушының әр халыққа берген өзіндік белгілері мен хикметінің көрінісі.
Адамзаттың асылы Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мұсылмандардың өзге халықтардың теріс әдет-ғұрыптарына еруіне тыйым салған. Өйткені өзгенің қаңсығын таңсық көріп, өзіндегі рухани құндылықтарды аяқ асты еткен кезде иман әлсірейді. Осы орайда Қордай ауданында аудан әжелерінің ұсынысымен ұйымдастырылған ауызашар дастарханы өтті. Іс-шараға ауданның бас имамы Азамат Берікұлы қатысып, жамағатқа уағыз-насихат айтып, дұға жасады. Берекелі басқосу ақ батамен басталып, кең дастархан басында рухани әңгімелермен жалғасты.
“Дін мен дәстүр” сабақтастығы тақырыбынан сұрақтар қойылып, белсенді қатысушыларға сыйлықтар берілді және алғыс айтылды. Жиналған жамағат бір-біріне ізгі тілектерін білдіріп, қасиетті Рамазан айының берекесін бірге бөлісті. Баршамыздың ізгі амалдарымыз қабыл болсын!
Аудандық «Қордай» мешітінің баспасөз қызметі



10 Наурыз 2026
21 Рамадан 1447

