Жамбыл облысы, Тараз қаласындағы «Нәметбай» мешітінде «Рамазанға дайындық» тақырыбында рухани іс-шара ұйымдастырылды. Кешті мешіт ұстазы, араб тілі, Құран және ислам негіздері пәндерінің оқытушысы Арыстанова Лейла ұстаз өткізді.
Кездесуге 25 әйел жамағаты қатысып, қасиетті Рамазан айына дайындық барысы жайлы ой бөлісті. Әрбір қатысушы өзінің рухани жоспары, қойған мақсаты мен ниеті туралы айтып, ортаға ерекше шабыт сыйлады.
Іс-шара өтетін зал Рамазан айының рухына сай көркем безендірілді. Ай пішінді әшекейлер, шамдар мен үйлесімді дастархан – барлығы да қасиетті айдың лебін сездіріп тұрды. Бұл кеш білім мен бауырмалдықты тоғыстырған тағылымды жиын болды.
Семинар барысында Арыстанова Лейла Рамазанға дайындықтың маңыздылығын кеңінен түсіндіріп, ниетті дұрыстау, құлшылыққа алдын ала жоспар құру, Құранмен байланысты күшейту, нәпсіні тәрбиелеу және садақа мен ізгі амалдарды көбейту мәселелеріне тоқталды. Рамазан – тек ораза айы емес, рухани жаңғыру мен жүрек тәрбиесінің айы екені ерекше атап өтілді.
Іс-шара соңында қатысушылар бір-біріне жылы лебіздерін білдіріп, алдағы қасиетті айды берекелі өткізуге ниет танытты. Мұндай рухани кездесулер әйел жамағатының бірлігін арттырып, имандылықты нығайтуға оң ықпал етеді.
Жамбыл облыстық мешітінің баспасөз қызметі.



12 Наурыз 2026
23 Рамадан 1447

