Қордай ауданының бас имамы Азамат Берікұлы әйел-қыздар жамағатына Рамазан айының ұлықтығы мен рухани пайдасы туралы тағылымды уағыз-насихат айтты. Ораза айы – күнәдан тазару, нәпсіні тәрбиелеу, сабыр мен шүкірді арттыру айы. Мұхаммед пайғамбар (оған Алланың салауаты мен игілігі болсын) былай дейді: «Ораза – қалқан. Пенде ораза ұстаумен тозаққа қалқан қояды». Осы хадистегі «қалқан» – мұсылманның сабыры мен шыдамдылығы. Тағы бір хадисте: «Ораза – сабырдың, сабыр болса – иманның жартысы», – делінген.
Демек, ораза – иманнан туындайтын құлшылық. Иман адамды күнә мен қылмыстан тыяды, ашуды ақылға жеңдіріп, көркем мінезге жетелейді. Аштық пен шөл кезінде нәпсі әлсіреп, жүрек жұмсарады. Мұндай сәтте сабыр сақтау жеңілдей түседі. Кенеттен кездесетін қиындықтарға төзімділік танытуда оразаның берер пайдасы мол екені атап өтілді. Уағыз соңында бас имам жамағатқа ізгі тілегін білдіріп, баршамызға Алланың берекесі мен қорғауы нәсіп болуын тіледі.
Аудандық «Қордай» мешіті баспасөз қызметі



04 Март 2026
15 Рамадан 1447

