Адам нәпсіне бағынған сайын ешнәрсеге қанағаттанбайды, ешнәрсеге разы да болмайды, нақтырақ айтқанда разы бола алмайды. Өйткені, адамның нәпсі тәңір болуға ұмтылады. Өзімен тең дәрежелі адамдардың болуын да көтере алмайды. Сол үшін де қолдағы бар нәрсеге қанағат ете алмайды, көзі әрқашан өзгенің мал-мүлкі мен мансабында болады. Дүние-мүлік, мансап, лауазым тұрғысынан өзінен жоғарыларды көргенде көре алмаушылықтан жүйкесі жұқарады. Оларды қызғанып, жамандап, ғайбат етеді. Қателік артынан қателік жасайды. Өзінің де өзгенің де жанына тыныштық бермейді. Ал негізінде пайғамбарымыз “саллАллаһу алейһи уәсәлләм” былай деп бұйырған: «Дінде (дін істерінде) өзіңнен төмен болған адамға қарама, өйткені менменсініп өзіңді опат қыласың. Дін жағынан өзіңнен жоғары болған адамға қара, өйткені ол сенен де қайырлы. Дүние-мүлкі көп болған адамға қарама, Алла та’аланың берген несібесіне наразылық еткен боласың. Азығын қиналып, маңдай термен тауып жүрген адамға қара, сонда Алла та’аланың саған берген ниғметіне шүкір етесің».
Дініміздің ғұламалары шәкірттеріне әрдайым былай деп насихат айтқан: “Дүние-мүлкі сендердікінен аз, жағдайы төмен болғандарға қараңдар. Сонда қолдарыңдағыға және осы жағдайларыңа шүкір етесіңдер. Ал, ақырет үшін мұның терісін істеңдер. Ақырет үшін бейнеттеніп бергеніне шүкір етумен қатар одан да көбін тілеңдер. Ақыреті бізден жоғары, үстем болғандарға қарап солар сияқты болуға тырысыңдар. Олар (ақыреті үстем болғандар) – Әһли сүннет ғұламалары. Осылай еткенде әрі өздеріңді менменсінуден құтқарып, тәкаппарлыққа түспейсіңдер, әрі дұрыс жолдағылардың ізімен жүрген боласыңдар”.
Мал-мүліктің, ақшаның көп болуы, лауазым, мансаптың жоғары болуы адамды бақытқа апармайды, мәңгілік азаптан құтқармайды. Бұлар Алла та’аланың разылығына сай қолданылса есебі болады, кері жағдайда азабы болады. Өйткені пайғамбарымыз “саллАллаһу алейһи уәсәлләм”: «Дүниесі тыныш болған адамның дінінде ақау болады.» деген. Ислам ғұламалары бұл хадис шәрифті: “дүние ләззаттарына қауышу үшін исламның шектеуінен сырқа шыққан адам ақырет ләззаттарына қауыша алмайды” деп түсіндірген.
Хазреті Абдуррахман бин Мәһди: “Кімде кім ілім жағынан өзінен үстем адаммен кезіксе, мұны бір олжа деп білуі керек. Өйткені, оның ілімінен пайдаланады. Өзімен ілімі тең адаммен кезіксе, білгендерін бір-біріне үйретіп, бір-бірінен пайдаланады. Өзінен ілімі төмен болған адаммен кезіксе, қарапайымдылық танытып, білгендерін оған үйретеді.” дей отырып, адамның кез-келген жағдайдан пайдалана алатындығын және осылайша бақытқа қауыша алатындығын білдіруде.
Хазреті Уәһб бин Мүнәббиһ: “Мына үш нәрсе зұлымдық болып табылады: Өзінен үстем адамдарға қарсы келіп, бұйрықтарын орындамау. Өзінен төмендерге күшін қолданып ақыларын жерге таптау. Залымдарға жәрдем ету” – дейді.
Хазреті Әбу Бәкір Уәррақ былай дейді: “Құл жасырын болсын, ашық болсын барлық уақытта Алла та’аланың әмірлеріне бағынады. Оның әмірінен шықпайды. Жамандық жасағанға жақсылықпен жауап береді, нәпсінің қалауларына ермейді, ниғмет берілген уақытта шүкір етеді, қиналғанында сабыр етеді. Өзінен төмендерге ізет көрсетеді. Ақыл сұрап келгендердің сөзіне құлақ асады.”
Хазреті Әбу Сүлейман Дарани: “Дүниені қуған адамнан дүние қашады, одан қашқан адамды қуады. Қашқан адамды ұстап алса жарақаттайды. Дүниені қалап, оған байланған адамды өлтіреді. Өйткені дүниемен күресуге болмайды. Күрескен адамды жеңеді, жауырынын жерге тигізеді. Дүниеге байлану – Алла та’аланың разылығына қауышуға кедергі болатын перде. Ал ақыретті ойлау көңілдің жандануына себеп болады. Дүние махаббаты орныққан көңілден ақырет ойы көшіп кетеді.” деген.
Дүниеге қол жеткізу үшін дінін беру – ақылды адамның жасайтын ісі емес. Дініміздің ғұламалары: “Сухбати ағниядан, яғни дүниеге берілген адамның әңгімесінен қашу керек.” деген. Олай болса оларға еліктеп, өзін бақытсыз ету ақылды адамның ісі емес. Хазреті Әбу Сүлейман Дарани: “Ақыретті ойлау ақылдылықтың және көңілдің тірі екендігінің белгісі. Әйел, бала-шаға, мал-мүлік сияқты айналаңдағылардан қай-бірі сені Алла та’аланы еске алудан шалғытатын болса, ол қайырсыз (жақсы емес). Алла та’аланы танып білгеннен кейін, өзгеге мойын бұрмаңдар.” деп бұйырған.
Хазреті Жәлаләддин Дәуани жүріс-тұрыс әдептерін және адамдардың арасында орындалуы керек әдептерді түсіндіріп жатып: “Бір жиынға барғанда өзінен төмен немесе жоғары болғандардың орнына отырмау керек. Бірақ ол жиналыстағылардың ең үлкені болса, қалаған жеріне отыруына болады. Бұл орындарға байқамай отырып қойған болса, есіне түскен кезде ыңғайлы бір орынға ауысуы керек. Ол жерде бос орын болмаса ешкімді ыңғайсыз жағдайға түсірмей кері қайтуы керек.” дейді.
Хазреті Мұхаммед бин Алийан: “Жомарт адам өзінің жомарттығын төмен деп санамайынша және өзін қабыл еткен адамды жоғары деп санамайынша сопы бола алмайды.” дей отырып жасағандарымызды көп деп білудің және өзгелердің мал-мүлкіне, мансабына көз тігудің жаман нәрсе екендігін түсіндіруде және жан рахатының, шынайы бақыттың қайда екендігін бізге көрсетуде.
Хазреті Имам Шафии былай деген: “Ілім үйренуді өзін жоғары санау үшін қалағандардың ешқайсысы құтылмаған. Бірақ ілім үйренуді қарапайымдылық үшін және адамдарға қызмет ету үшін қалағандар әлбетте құтылады.”