Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен ел Тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай 35 мың отбасыға көмек көрсетуді мақсат еткен «Рамазан сыйы» қайырымдылық марафоны бастау алды.
Қайырымдылық марафонын ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша өкілдігі де өткізіп, өңір мешіттері игі іске қолдау білдірді. Игі бастама аясында әлеуметтік жағдайы төмен, көпбалалы және мұқтаж отбасыларға облыс бойынша 200 дана азық-түлік себеттері үлестірілді.
Айта кетейік, қайырымдылық марафоны қасиетті Рамазан айының соңына дейін жалғасып, жалпы саны 35 мың отбасыға азық-түлік себеттерін жеткізу көзделген. Бүгінгі сауапты шараға облыстың барлық өңіріндегі мешіт имамдары, «Зекет және қайырымдылық» қорының қызметкерлері мен еріктілері, дін жанашырлары мен демеуші азаматтар атсалысты.
Отбасыларға ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша бас имамы Асқар Зәкіржанұлы мен «Зекет және қайырымдылық» қорының Жамбыл облысындағы жетекшісі Ержан Маханұлы «Рамазан сыйын» табыстап, жиналған жұртшылықты Рамазан айымен құттықтады.
Ұйымдастырушылар алдағы уақытта да республика бойынша мұқтаж жандарға қолдау көрсету жұмыстары жалғасатынын жеткізді.
“Һибатулла Тарази” мешітінің баспасөз қызметі



26 Ақпан 2026
9 Рамадан 1447

