Жамбыл облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінің шәкірттеріне арналған Құранға түсуге орай тағылымы терең рухани кеш ұйымдастырылды. Иман мен білімді ұштастырған бұл игі шара Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Жамбыл облысы бойынша әйел-қыздар секторының бастамасымен өтті.
Рухани басқосу қасиетті Құран аяттарын оқумен басталып, жиналған жамағаттың жүрегіне тыныштық пен нұр сыйлады. Алла сөзінен бастау алған кештің әрбір сәті шәкірттер үшін ерекше толғанысқа толы болды.
Бұл күні «Һибатулла Тарази» мешітінде білім алып жүрген 50 шәкірт Құран әліппесін толық меңгеріп, қасиетті Құранға түсті. Діни білім жолындағы алғашқы үлкен белесті еңсерген шәкірттерге арнайы алғыс хаттар табысталып, еңбектері мен ынта-жігері жоғары бағаланды. Құранға түскен шәкірттердің жүзінен қуаныш пен мақтаныш сезімі анық байқалды. Бұл – тек шәкірттер үшін ғана емес, ұстаздары мен ата-аналары үшін де үлкен рухани қуаныш.
Кеш барысында білікті ұстаздар тағылымды уағыз-насихат айтып, жамағатқа терең ой салды. Ұстаз Камила Мырзабайева «Исламдағы тұлға және отбасы дисциплинасы» тақырыбында сөз сөйлеп, мұсылман адам үшін тәртіп, жауапкершілік пен көркем мінездің маңызын атап өтті. Отбасы – қоғамның негізі екенін тілге тиек етіп, ислам тәрбиесінің отбасыдағы орнына кеңінен тоқталды.
Әйел-қыздар секторының жетекшісі Жазира Иманалиева «Тәубе» тақырыбында насихат айтып, әрбір пенденің қателіктен кейін Аллаға бет бұрып, жүрекпен тәубе етуінің рухани мәнін түсіндірді. Тәубенің адам өміріндегі орны мен оның жан дүниені тазартудағы рөлі жамағатқа әсерлі түрде жеткізілді.
Ал Аружан Айтбайева «Өмір, аманат, мақсат – құлшылық» тақырыбында ой қозғап, адамның бұл өмірдегі әрбір сәті аманат екенін, ал шынайы мақсаттың құлшылықпен тығыз байланысты екенін айтты. Насихат барысында өмірдің қадірін білу, уақытты тиімді пайдалану және иман жолында тұрақты болу жайлы маңызды тұжырымдар жасалды.
Рухани кештің соңында шәкірттерге арналған қызықты ойындар ұйымдастырылып, түрлі сыйлықтар үлестірілді. Аллаға мадақ, пайғамьарымызға салауат айтылған діни әндер орындалып, көпшілікпен дұға жасалды.
Көңілді сәттер мен жылы лебіздерге толы бұл кеш қатысушылардың рухани әлемін байытып, Құранға деген сүйіспеншілігін арттыра түсті.
«Һибатулла Тарази» мешітінің баспасөз қызметі



06 Ақпан 2026
18 Шаабан 1447

