Тараз қаласындағы «Кеңесхан қажы» мешітінде қала имамдарының жиыны өтті. Басқосуға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Жамбыл облысы бойынша бас имамы Асқар Зәкіржанұлы, облыстың наиб имамдары және діни басқарманың төрт бағытына жауапты мамандар қатысты.
Жиын барысында облыс бас имамы биылға белгіленген «Ислам және адал қоғам» жылы аясында атқарылатын жұмыстарға кеңінен тоқталып, дін қызметкерлерін елдік мүддеге қызмет етуге жігерлендірді. Сонымен қатар, алдағы кезеңге арналған нақты тапсырмалар жүктеп, жауапкершілікті күшейту қажеттігін атап өтті.
Кездесу барысында төрт бағытқа жауапты мамандар өз салалары бойынша баяндама жасап, жоспарланған іс-шаралармен таныстырды. Әр бағыттың мазмұны мен мақсат-міндеттері талқыланып, жүзеге асыру жолдары нақтыланды.
Сондай-ақ, Тараз қаласының бас имамы Ержан Аманбаев қала имамдарына алдағы жұмыстарға қатысты бағыт-бағдар беріп, мешіттердегі діни-ағартушылық, тәрбие және қоғамдық жұмыстардың сапасын арттыруға қатысты тапсырмалар жүктеді.
Жиын соңында дін қызметкерлерінің бірлескен жұмысы мен өзара үйлесімділігін күшейту, қоғамда адалдық пен рухани құндылықтарды дәріптеу басты міндет екені айтылды.
«Һибатулла Тарази» мешітінің баспасөз қызметі



06 Ақпан 2026
18 Шаабан 1447

