Адал қоғам – бұл тек заңмен реттелетін орта емес, ол ең алдымен иманға, ар-ұятқа және Алладан қорқуға негізделген қоғам. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы 2026 жылды діни қызмет аясында «Ислам және адал қоғам» жылы деп жариялады.
Расында, адалдық ұғымы бәрінен бұрын руханиятқа жақын тақырып. Мұндай қоғамды құру жүрек тәрбиесінен басталады десек, ақиқатты аттағандық болмайды. Ислам дінінде адалдық (ықылас, аманат) – мұсылманның басты сипаты. Алла Тағала адал адамдарды жақсы көреді. Құран Кәрім мен Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінде адал болу, әділдік орнату қоғамның беріктігінің негізі екені анық айтылған. Олай болса, адалдық деген қандай ұғым, мағынасы не, бұл сипатты адам бойына "егуге" бола ма әлде атаның қанымен, ананың сүтімен бойға бітетін тума қасиет пе? Бұл терең ойлануды қажет ететін өзекті мәселе.
Құран Кәрімде: «Ақиқатында, Алла сендерге аманатты өз иелеріне тапсыруды және адамдар арасында билік еткен кезде әділдікпен үкім шығаруды бұйырады», –делінген ("Ниса" сүресі, 58-аят). Бұл аят әрбір мұсылманға қоғамдағы жауапкершілікті, адал еңбек пен әділеттілікті міндеттейді. Аманатқа қиянат жасау – тек адамдарға емес, Аллаға қарсы жасалған іс болып саналады. Адамдар арасында билік жасағанда, қара қылды қақ жаратындай әділдікті ұстану оңай ма әлде екінің бірі жасай алмайтын іс пе? Кешегі бабаларымыз, би-шешендеріміз осы бір адалдық дегенге аса қатты мән бергенін дәлелдеп отыру артық болса керек. Демек, бұл қасиетті адам бойына бесіктен бастап сіңірудің бір жолы болуы керек.
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Сендерден әрбірің бақташысыңдар, әрі әрқайсың өз қарамағыңдағы үшін жауаптысыңдар» деген. Бұл хадис адал қоғам құру әр адамнан басталатынын көрсетеді. Әке – отбасына, басшы – халқына, ұстаз – шәкіртке адал болуы тиіс. Тізімді біраз жерге дейін ұзарта беруге болады. Бірақ мақсат ол емес, мақсат – осы бір ұлы іске әрбір жеке адам өзінен бастап кірісуі маңызды екеніне назар аударту. Жауапкершілік бар жерде әділет пен тәртіп орнайды.
Исламдағы "харам" мен "халал" ұғымдары – қоғам тазалығының кепілі. Адал еңбекпен тапқан ризық адамды рухани тұрғыда тазартып, қоғамда сенім қалыптастырады. Ал арам жолмен келген пайда қоғамға іріткі салып, берекені кетіреді. Сондықтан адал қоғамда парақорлық, өтірік, зұлымдық секілді күнәларға орын жоқ.
Жастарды имандылыққа тәрбиелеу – адал қоғамның болашағын қамтамасыз ету. Иманды жас – елге адал қызмет ететін, әділетсіздікке төзбейтін тұлға. Мешіт, отбасы және білім ордалары біріге отырып, жастардың бойына адалдық пен тақуалықты сіңіруі қажет.
Қорытындылай келе, адалдық – бұл иманмен нығаятын, әділетпен басқарылатын және ең бастысы тәрбиемен бойға сіңетін қасиет. Мұндай қоғамда адамдар Алланың разылығын бірінші орынға қояды, бір-біріне қиянат жасамайды. Адал қоғам – дүниелік табыстан бұрын ақыреттік жауапкершілікті ұмытпаған қоғам. Ал иман мен адалдық үстем болған жерде береке мен тыныштық орнайды. Осындай берекелі қоғам болуымызды Жаратқан нәсіп етсін!
Шымкент қаласының Бас имамы
Бақдәулет Абдрахманов


23 Қаңтар 2026
4 Шаабан 1447

