Ислам өркениетінде уақып ұғымы терең мағынаға ие әрі қоғам өмірінде маңызды рөл атқаратын рухани-әлеуметтік жүйе болып саналады. Тілдік тұрғыда «уақып» сөзі тоқтату, ұстау, белгілі бір нәрсені қорғап қалу деген мағыналарды білдіреді. Ал шариғаттағы мағынасы бұдан да ауқымды: уақып – белгілі бір мал-мүлікті Алланың разылығы үшін арнап, оны үздіксіз қайырымдылық жолында пайдалану.
Уақып етілген мүлік жеке меншіктен шығып, халықтың игілігіне қызмет етеді. Ол сатылмайды, мұраға қалдырылмайды, тек Алла жолындағы ізгі істерге жұмсалады. Осы ерекшелігі арқылы уақып адам баласына бұл дүниеден өткеннен кейін де сауаптың тоқтамауына себеп болады.
Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с.) сахабаларын уақып жасауға үндеп, мұсылман қоғамында қайырымдылықтың осы түрін кеңінен насихаттаған. Сахаба Жәбирдің (р.а.) жеткізуінше, жағдайы келген сахабалардың барлығы дерлік өз мал-мүліктерін Алла жолында уақып еткен. Осыған байланысты ислам шариғатында уақып – орындалуы құпталатын, сауапты сүннет амалдардың қатарына жатады.
Уақыптың мән-маңызын айқындайтын оқиғалардың бірі Омар ибн Хаттабтың (р.а.) өмірінен белгілі. Ол Хайбар жорығында аса құнды жерге ие болып, сол мүлікке қатысты қандай амал жасау керектігін сұрап, Алла Елшісіне (с.а.с.) жүгінеді. Сонда Пайғамбарымыз (с.а.с.):
«Егер қаласаң, ол жерді уақып қыл да, одан түскен пайданы садақа етіп отыр» – деп кеңес береді. Осыдан кейін Омар (р.а.) әлгі жерді уақып етіп, оның кірісін кедей-кепшікке, жолаушыларға, мұқтаж жандарға және Алла жолындағы істерге жұмсап отырған.
Пайғамбарымыздың (с.а.с.) тағы бір хадисінде:
«Адам баласы дүние салғанда оның амал дәптері жабылады. Тек үш жағдайда ғана сауап жазыла береді: жария садақа, пайдасы тиген ілім және дұға жасайтын салихалы ұрпақ» – деп айтылған (имам Мүслім).
Ғалымдар бұл хадистегі «жария садақаның» уақып екенін ерекше атап өтеді. Демек, уақып – мұсылманның ақыретке жинайтын сарқылмас сауабы.
Уақып жүйесі тарихта тек жеке қайырымдылық ретінде ғана емес, тұтас қоғамның дамуына ықпал еткен құрылым болды. Пайғамбарымыздың (с.а.с.) дәуірінде уақып арқылы жолаушыларға көмек көрсетіліп, мұқтаждардың қажетін өтесе, кейінірек Осман империясы кезеңінде егін алқаптары, базарлар, медреселер мен ауруханалардың басым бөлігі уақып есебінен жұмыс істеген.
Бұл игі дәстүр қазақ даласына да жат емес. Көне мешіттер мен медреселер, егін алқаптары, бау-бақшалар, тұрғын үйлер мен діни нысандар – ата-бабаларымыздың уақып мәдениетін терең түсінгенінің айғағы. Уақып арқылы білім мен ғылым дамып, дін жолындағы қызметтер тұрақты түрде жалғасын тапқан.
Қорыта айтқанда, уақып – бұл жай ғана мүлік беру емес. Ол – ұрпаққа үлгі, қоғамға қызмет. Әрбір мұсылман өз мүмкіндігіне қарай уақып жасауға ниет етсе, бұл дүниеде де, о дүниеде де мол берекетке кенелері сөзсіз.
ЕРЖАН КӨШКІМБАЙ
Мойынқұм ауданы
Мойынқұм ауданының бас имамы


19 Январь 2026
30 Раджаб 1447

