Пәтуа айту – үлкен жауапкершілік

Пәтуа айту – үлкен жауапкершілік

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Ислам дінінде пәтуа айту – жай ғана пікір білдіру немесе жеке көзқарас білдіру емес. Ол – Алланың үкіміне сүйене отырып, адамдардың өміріне, құлшылығына, күнделікті іс-әрекетіне бағыт-бағдар беретін аса жауапты міндет. Сондықтан пәтуа мәселесінде асығыстыққа жол беру, білімсіздікпен сөйлеу немесе жеңіл қарау ауыр салдарға алып келуі мүмкін.

«Пәтуа» ұғымы араб тілінде белгілі бір іс-әрекетке қатысты жан-жақты, түпкілікті түсіндірме беруді білдіреді. Ал мұндай үкім шығару үдерісі «ифта», оны айтушы «мүфти» деп аталады. Бұл жауапкершілік Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) заманында да аса мұқият қаралған. Сахабалар кез келген мәселеде бірден үкім айтуға асықпай, Алладан келген аяттарға немесе Пайғамбардың нұсқауына жүгінген.

Құран Кәрімде Алла Тағала бұл мәселеге ерекше назар аудартып:

«Ей, иман келтіргендер! Аллаға, Пайғамбарға және өз араларыңдағы басшыларға бойсұныңдар! Егер бір нәрседе келісе алмасаңдар, оны Аллаға және Пайғамбарға қайтарыңдар» («Ниса» сүресі, 59-аят) – деп ескертеді. Бұл аят діни мәселелерде жеке пікірге емес, Құран мен сүннетке жүгінудің маңызын айқын көрсетеді.

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) «Пәтуаға жармасқандарың – тозаққа жармасқандарың» деген хадисі де бұл істің қаншалықты ауыр аманат екенін аңғартады. Яғни, білімі жетпей тұрып, ақырет жауапкершілігін ескермей үкім айту адамды үлкен қауіпке ұрындырады. Қазақ халқының «Оймақ пішсең де ойлап піш» деген даналығы да осы терең мағынаны меңзейді.

Алғашқы мұсылман буыны – сахабалар пәтуа айтудан қатты сақтанған. Имам Нәуәуи келтірген деректе бір мәселе сұралғанда, сахабалардың бірінен бірі «анадан сұра», «мұнадан сұра» деп, ақырында сұрақтың қайта өзіне оралғаны айтылады. Бұл – олардың білімсіздігін емес, керісінше, жауапкершілікті терең сезінгенін көрсетеді.

Ендеше, пәтуаны кімнен сұрауға болады? Ислам ғұламалары бұл мәселеде нақты өлшемдер белгілеген. Әркімнің айтқан сөзі пәтуа бола бермейді. Ханафи мазһабының көрнекті ғалымы Ибн Абидин пәтуа тек ілімді, әділ, тақуа әрі халық арасында беделі бар адамнан сұралуы тиіс екенін атап өткен. Егер адамда діни білім мен әділеттің бірі болмаса, одан пәтуа сұрау дұрыс емес деп ескерткен.

Ғалымдар пәтуа беретін адамға бірқатар талап қойған. Ол ең алдымен адал, ақыл-есі дұрыс, кәмелетке толған, шариғат шеңберінен шықпайтын әділ тұлға болуы шарт. Сонымен қатар, ол діни мәселелерге терең үкім шығара алатын, яғни мүжтаһид деңгейіндегі білімге ие болуы қажет. Себебі пәтуа – адамның жеке пікірі емес, Алланың үкіміне сүйеніп айтылатын жауап.

Бүгінгі таңда ақпараттың көптігі, әлеуметтік желілердің кең таралуы пәтуа мәселесінде сақ болуды бұрынғыдан да маңызды етті. Әр көрген видеоға, әр естіген уағызға еріп кету – діни тұрғыда да, рухани тұрғыда да қауіп тудырады. Сондықтан мұсылман адам діни үкімді тек сенімді, білікті дін мамандарынан сұрауы тиіс.

Қорытындылай айтқанда, пәтуа айту – аманат. Ол білімді, парасатты, әділ адамдардың ғана еншісіндегі міндет. Ал қарапайым мұсылман үшін ең дұрыс жол – білмеген мәселеде асықпай, ілім иесіне жүгіну. Себебі дінде қателік кешірілмейтін салдарға алып келуі мүмкін. Пәтуаға жеңіл қарау – жауапкершілікті жеңіл санаумен тең.

ЕРЖАН КӨШКІМБАЙ

Мойынқұм ауданы

Мойынқұм ауданының бас имамы

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: