Дін мен дәстүр – ұлттық болмысты сақтайтын рухани тұғыр

Дін мен дәстүр – ұлттық болмысты сақтайтын рухани тұғыр

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Қай қоғамда болсын дін мен дәстүр – халықтың рухани тірегі, ұлтты ұйыстыратын басты құндылықтар саналады. Олар ғасырлар бойы ел өмірінің өзегіне айналып, адам мен қоғам арасындағы қарым-қатынасты реттеп келген. Дін – адамды Жаратушысымен байланыстыратын рухани жол болса, дәстүр – сол сенімнің өмірдегі көрінісі, тұрмысқа бейімделген үлгісі.

Қазақ халқы үшін салт-дәстүр тек әдет-ғұрып деңгейінде ғана емес, тұтас бір тәрбие жүйесі қызметін атқарған. Бала дүниеге келгеннен бастап бесікке салу, тұсау кесу, сүндет той, қыз ұзату, келін түсіру секілді ғұрыптардың барлығы да терең мағынаға ие. Бұл дәстүрлердің түпкі мақсаты – ұрпақты имандылыққа, әдепке, жауапкершілікке баулу.

Ислам діні қазақ даласына келген сәттен бастап халықтың өмір салтына үйлесіп, салт-дәстүрмен біте қайнасып кетті. Дін халықтың жақсы ғұрыптарын жоққа шығарған жоқ, керісінше, оларды тәртіпке салып, рухани мазмұнын арттырды. Шариғатқа қайшы келмейтін әдет-ғұрыптар мұсылман құқықтық жүйесінде маңызды орын алады. Бұл – Исламның өміршең, ақыл мен табиғатқа сай дін екенін көрсетеді.

Құран Кәрімде ғұрыптың маңызы ерекше аталып өтеді. Алла Тағала:
«Ғафу жолын ұста, ғұрыппен әмір ет және надандардан теріс айнал» деп бұйыруы – қоғамда қалыптасқан игі дәстүрлердің шариғаттағы орнын айқындайды. Демек, дін халықты өз болмысынан айыру үшін емес, оны кемелдендіру үшін келген.

Халық арасында кең тараған жағымсыз әдеттердің бірі – ысырапшылдық. Оны, тіпті, ұлттық әдетке айналып бара жатыр десек де болады. Той-томалақ, іс-шара өткізгенде бай, кедей екендігіне қарамастан, барынша шашылу, ас та төк ысырапшылдыққа жол беру басымдық алып барады. Дәулетті болса, бірнеше миллиондарды сарп ету, ал кедей болса, несие алып, ұлан-асыр той өткізуге тыраштану жазылмаған заңдылыққа айналғандай. Мұндай төгілудің артында адамдардың қаңқу сөздерінен қорқу, пәленшеден кем болмауым керек деген сияқты жалған намыс жатыр. Демек, барлығы рияшылдық, мақтанышқа негізделген іс-әрекеттер. Ал рияның өзі күнә, өзгелер көрсін, мақтасын деген ниетпен жасалған істер жақсылыққа жатпайды. Ысырапшылдықтың басқа да түрлері бар. Мысалы, кейбір адамдар Жаратушының өздеріне берген ризық несібелеріне шүкіршілік ету былай тұрсын, оларды қалай болса солай пайдаланып, арам жолдарға сарп етеді. Мал-мүлікті, ақшаны жаман жолдарға, Алла Тағала тыйым салған құмар ойындарға, арам істерге, араққа, темекіге жұмсап ысырап қылады. Өлгендері үшін де шектен тыс мал шашып ас беріп, керемет мазарлар тұрғызып әуреленеді. Кейбіреулер өз басында үй, көлік болса да, дүниеге көзі тоймай, ішінде адам тұрмайтын зәулім сарайлар, мінілмейтін су жаңа көліктер сатып алып та ысырап қылады. Бұл тұрғыда хакім Абайдың халқына айтқан өсиеті әлі де өзектілігін жойған жоқ. Пенденің түбіне жететін теріс сипаттардың қатарында ысырапшылдықты да қосқан ақын былай дейді:

Өсек, өтірік, мақтаншақ,

Еріншек, бекер мал шашпақ

Бес дұшпаның білсеңіз!

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түрібі, бүгінгі жаһандану дәуірінде ұлттық құндылықтарды сақтау бұрынғыдан да маңызды. Жастарды тәрбиелеуде діннің рухани тазалығы мен дәстүрдің тағылымы қатар жүргенде ғана саналы ұрпақ қалыптасады. Дәстүр – өткеннің сарқыншағы емес, болашаққа бастар рухани көпір.

ЕРЖАН КӨШКІМБАЙ

Мойынқұм ауданы

Мойынқұм ауданының бас имамы

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: