Исламдағы пәтуа ұғымы нені білдіреді?

Исламдағы пәтуа ұғымы нені білдіреді?

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Ислам дінінде пәтуа ұғымы ерекше мәнге ие. Ол – мұсылман қоғамындағы діни-құқықтық мәселелерге бағыт-бағдар беретін, сенім мен амалдың дұрыс жолын айқындайтын маңызды институт. Пәтуа – кез келген адамның жеке пікірі емес, терең білімге, Құран мен сүннетке сүйенген ғылыми тұжырым.

Пәтуа деп ислам шариғатында құзыретті, беделді дін ғалымының белгілі бір діни-құқықтық мәселеге қатысты шариғи дәлелдерге негізделіп берген жауабын айтамыз. Оның көпше түрі «фәтауа» деп аталады. Әр дәуірдің, әр кезеңнің өзіне тән сұрақтары мен түйткілдері болатыны белгілі. Сондықтан ислам ғалымдары заман талабына сай, ижтиһадтық әдістерді қолдана отырып, сол мәселелерге Құран мен сүннет аясында жауап беріп келеді.

Қасиетті Құранда бұл ұстаным нақты көрсетілген. «Наһл» сүресінің 43-аятында:

«Егер білмесеңдер, ілім иелерінен сұраңдар» – деп бұйырылады.

Бұл аят мұсылман баласының діни мәселеде өз бетінше үкім шығармай, білім иелеріне жүгінуі керектігін айқын аңғартады.

Пәтуа беру дәстүрі Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.а.с.) заманынан бастау алады. Ол кісі сахабаларын сұрақ қоюға, ізденуге үйретіп қана қоймай, қоғамда тараған қате түсініктерді түзету үшін кейде сұрақ қойылмай тұрып-ақ жауап беретін. Пайғамбардың дінді түсіндіруде сұрақ-жауап тәсілін кеңінен қолдануы – сүннетте жиі кездесетін құбылыс.

Хадис кітаптарында сахабалардың Пайғамбардан нақты мәселелерге қатысты пәтуа сұрағаны баяндалады. Бұл пәтуаның сол дәуірдің өзінде қоғамдық өмірде маңызды рөл атқарғанын көрсетеді. Діни-құқықтық сұрақтарға жауап беруші тұлға «муфти» деп аталады, ал оның шығарған үкімі пәтуа саналады.

Муфтидің қызметі тек қана дайын үкімдерді жеткізумен шектелмейді. Ол Құран мен сүннетте тікелей айтылмаған немесе жанама түрде қамтылған мәселелерге ижтиһад арқылы терең әрі жан-жақты жауап береді. Яғни муфти – шариғат көздерінен үкім шығара алатын, үлкен жауапкершілік арқалаған тұлға.

Пайғамбарымыз (с.а.с.) кейбір сахабаларына пәтуа айтуға рұқсат берген. Солардың бірі – Йеменге елші болып жіберілген Муаз ибн Жәбәл. Бұл пәтуаның жүйелі түрде қалыптасуына жол ашты. Кейінгі кезеңдерде ең білімді сахабалар мен әділетті халифтар діни мәселелерде пәтуа беріп отырған. Тарихта Омар ибн Абдул Азиз сынды тұлғалардың бір мезгілде әрі мемлекет басшысы, әрі муфти қызметін атқаруы осының айқын дәлелі.

Уақыт өте келе ислам құқықтық жүйесі жүйеленіп, мүжтаһид ғалымдар тарапынан мазһабтар қалыптасты. Олар пәтуаға негіз болатын қағидаларды арнайы кітаптарда жинақтады. Бұл кейінгі ұрпақтың бір мәселеге қайта-қайта үкім іздеп адаспауына мүмкіндік берді.

Қорыта айтқанда, пәтуа – исламдағы тірі құқықтық механизм. Ол дінді қатып қалған қағида емес, өмірмен үндес жүйе ретінде сақтауға қызмет етеді. Сондықтан пәтуа ұғымын дұрыс түсіну, оны тек лайықты ғалымдардан сұрау – әрбір мұсылманның діни мәдениетінің көрсеткіші.

ЕРЖАН КӨШКІМБАЙ

Мойынқұм ауданы

Мойынқұм ауданының бас имамы

 

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: