Дін мен дәстүр – ұлт рухының қос қанаты

Дін мен дәстүр – ұлт рухының қос қанаты

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Салт-дәстүр – әрбір ұлттың болмысын айқындайтын, ғасырлар бойы қалыптасқан өмірлік қағида. Ол халықтың діні мен сеніміне, тұрмыс-тіршілігіне, ұлттық құрылым ерекшеліктеріне сәйкес жинақталған ғұрыптар мен дағдылардың тұтас жүйесі. Салт-дәстүр – жай ғана рәсімдер жиынтығы емес, қауым мен қоғамда орныққан мінез-құлық өлшемдері, адамды адам етіп қалыптастыратын тәрбие мектебі.

Қазақ қоғамында салт-дәстүр ежелден-ақ өмір сүру заңы, қоғамдық тәртіптің бұлжымас нормасы қызметін атқарды. Ата-баба жолын құрметтеу, үлкенді сыйлау, кішіге ізет көрсету, қонақжайлық, көрімдік, сүйінші, байғазы, сәлем беру, ат тергеу сынды ғұрыптар – халықтың рухани мәдениетінің айнасы. Мұндай құндылықтар ел санасына тәрбие, тағылым, өнеге ретінде сіңіп, ұлттың рухани байлығын қалыптастырды. Өткен замандарда салт-дәстүрді сақтамау – қоғам заңын бұзумен тең саналды. Себебі ол ұлттың ішкі тәртібін, тұтастығын сақтаудың басты тетігі болды. Той жасау, қыз ұзату, қонағасы беру, ерулік, шашу, Наурыз көже сынды дәстүрлер халықты бірлікке, өзара сыйластыққа үндеді. Сондықтан да салт-дәстүрдің тәрбиелік, тағылымдық мәні айрықша.

Ислам діні мен қазақ дәстүрі – бір-біріне қарсы емес, керісінше, өзара үйлескен ұғымдар. Халық ұстанған дұрыс әдет-ғұрыптар Ислам шариғатындағы құқықтық нормалардың қайнар көздерінің бірі ретінде қарастырылады. Құран Кәрімде Алла Тағала:

«Ғафу жолын ұста, ғұрыппен әмір ет және надандардан теріс айнал» (Ағраф сүресі, 199-аят) – деп бұйырады.

Бұл аятта қоғамда орныққан игі ғұрыптарға мән берудің маңыздылығы айқын көрінеді. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с.) та араб қоғамындағы әдет-ғұрыптарды түгел жоққа шығармай, шариғатқа қайшы келмейтінін қабылдап, ал терісін тоқтатты. Бұл – Ислам дінінің халықтық болмысты ескеретін, өмірге жақын дін екенін көрсетеді. Сол себепті фиқһ ілімінде халық арасында қалыптасқан игі ғұрыптар үкім шығаруда екінші дәрежелі дәлел ретінде алынған.

Қазақ тіліндегі «ғұрып», «әдет», «дәстүр» сөздерінің түп-төркіні араб тіліндегі шариғат терминдерінен бастау алады. «Ғұрып» (әл-урф) – адамдарға үйреншікті, ақыл-ой құптайтын, адам табиғаты қабыл алатын іс-әрекеттер дегенді білдіреді. Ал «әдет» – көп қайталану арқылы дағдыға айналған істер. «Дәстүр» (дустур) – ереже, заң, жүйе мағынасын береді. Бұл ұғымдардың өзі халқымыздың Исламмен ерте дәуірден-ақ етене таныс болғанын дәлелдейді.

Қазақ даласында Ислам шариғаты мен дала заңдарының үндесуінен қалыптасқан өмірлік жүйе кейін «ата-баба дәстүрі», «салт-дәстүр» деген атаумен халық санасына орнықты. Сондықтан дін мен дәстүрді бір-біріне қарсы қою – тарихи да, рухани да қате ұстаным.

Тарих беттеріне үңілсек, отарлаушы елдердің ең алдымен бодан халықтың тілі мен дінін, салт-дәстүрін жоюға ұмтылғанын көреміз. Өйткені өз тілінен, дінінен, дәстүрінен айырылған жұрттың болашағы бұлыңғыр. Ислам діні де мұсылман баласын өзге халықтардың теріс әдеттеріне еліктеуден сақтандырады. Өзгенің қаңсығын таңсық көріп, төл рухани құндылықтарынан қол үзген жерде иман әлсірейді.

Қазақ халқының Ислам дінімен біте қайнасқанына мың жылдан асты. Осы уақыт ішінде дін халықтың салт-санасына, әдебиеті мен мәдениетіне сіңіп, ұлттық болмыстың ажырамас бөлігіне айналды. Ислам шариғаты ізгі ұғымдарды бекітіп, бұрыс түсініктерді түзету үшін келген. Сондықтан дәстүрді бағалаудағы басты өлшем – шариғатқа қайшылықтың болмауы.

Бүгінгі таңда жаһандану дәуірінде ұлттық болмысты сақтаудың ең сенімді жолы – дін мен дәстүрді қатар ұстау. Дәстүріңді құрметтеу – өткеніңді қадірлеу, ал өткенін қадірлеген ұлттың болашағы берік. «Дәстүріңді баққаның – үмітіңді жаққаның» деген халық даналығы осыны аңғартады.

Қорытындылай айтқанда, дін мен дәстүр – ұлт рухының қос тірегі. Бірінсіз бірі толық болмайды. Екеуі үйлесім тапқанда ғана елдің іргесі берік, келешегі кемел болмақ.

ЕРЖАН КӨШКІМБАЙ

Мойынқұм ауданы

Мойынқұм ауданының бас имамы

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: