Дін Исламда адамдардың жасаған амалдары түр-түрлерге бөлінеді. Соның ішінде жақсы амалдардың сауаптары мен жаман амалдардың күнәлары жайында сөз етпекпіз. Құран Кәрімнің жетпіске жуық аяттарында жақсы амалдар жасау мен оның сауаптары жайлы баяндалған. Соның біріне көз жүгіртіп көрелік, Алла Тағала Құран Кәрімде:
"Ер немесе Әйел кісіден иман келтіргеннен кейін түзу іс істесе, әлбетте оны жақсы тіршілікте жасатамыз. Әрі оларға істеген істерінен де жақсырақ сыйын береміз",- деп, баяндайды. Және тағы да Құран Кәрімде Алла Тағала былай дейді: "Кімде-кім мысқалдай (тозаңның салмағындай) жақсылық жасаса, соның қарымын алады". ("Зілзала" сүресі, 7-ші аят).
Жақсы амал дегеніміз не? Жақсы амал деген кезде көбінесе ойымызға намаз, ораза сияқты ғибадаттар келеді. Жақсы амалдардың түрлері көп, адамдарға зияндық тигізбеу де , жолда жатқан зиянды нәрсені алып тастау да жақсылық жасаудың түріне жатады. Жақсылыққа шақырып, жамандықтан қайтару да жақсылыққа жатады. Жалпы айта берсе өте көп. Ал біздер бұларға онша мән бермей жатамыз. Әрбір жақсылықтардың сауаптары амал дәптерлерімізге жазылады. Біздер осы бір мүмкіндіктерге (игілік іс жасауға) зор иеміз. Жалпы пәк дініміз адамдарды әрдайым жақсылық жасауға үндейді. Дәл осы тұста неге? деген сұрақ туындауы мүмкін. Өйткені бұл дүние ақыреттің егіні, былайша айтқанда "Не ексең соны орасың" деп бекер айтылмаған. Жаратушымыз бұл өмірді сынақ, емтихан етіп жаратып, адамдарды сол емтихандарға қатысушылардан етіп жаратқан. Егер пенделер бұл өмірде тіршілік етіп жүрген кездерінде нендей жақсылықтар жасаған болса, соғұрлым үлкен сауаптарға кенеледі. Бұл амалдарының сауаптары адамның ажалы келгенге дейін жалғасады. Егер қайтыс болды ма, амалдарының сауаптары да тоқтайды. Бірақ та біздер мынаны білуіміз керек, өмірде сондай амалдар бар, олардың сауаптары иесінің (жасаушы адамның) ажалы келсе де, өзі өмірден озса да тоқтамай жазылып тұра береді. Айтып жатқан нәрселеріміз жайлы Пайғамбарымыз с.ғ.с. төмендегі хадисте айтады: "Мүмін пендеге қайтыс болғаннан кейін де амалдары мен жақсылықтарының сауаптары жеткізіліп тұрады.
*Ілім үйреткен яки оны таратқан болса,
*салихалы ұрпақ тәрбиелеген болса,
*Құран кітаптар таратып, үлестірген болса,
*мешіт салған болса,
*Жолаушылар түнейтін орын салған болса,
*Құдық қазып, су шығарған болса,
*Басының аманында байлығынан зекет, садақа шығарған болса,
өмірден өзі озса да (бұл амалдарының сауаптары) өзіне үздіксіз, жетіп тұрады". (Ибн Мәжә риуаяты).
Пайғамбарымыздың с.ғ.с. әрбір айтқан сөздері күллі үммет үшін мысал, әрі баға жетпес насихат болып, одан ғибрат алған әр адам екі дүниеде де қор болмасы анық. Төмендегі келген хадис баршамызға сабақ болады, Әбу Һурәйрадан р.ғ. риуаят етілген хадисте Пайғамбарымыз с.ғ.с.: "Алла Тағала сіздерден мына бір жасаған үш амалдарыңызға разы болады: Оған (Аллаға) еш нәрсені серік қоспай, Жалғыз Аллаға ғибадат жасағандарыңызды; Түрлі бөлінушіліктерге (ағымдарға) бөлінбей, бірігушілікке әрекет жасағандарыңызды; Араларыңызға Алла Тағала басшы етіп берген әмірлеріңізге мойынсұнуларызды;"- дейді. (әдәб әл-муфрад, 442).
Жоғарыда келтірілген хадисті ашықтап, түсініктемесіне мән беріп көретін болсақ, Алланың разылығын табуға себеп болған бірінші амал - бұл сенім-нанымдарымыз. Адам Атадан Пайғамбарымызға с.ғ.с. дейінгі аралықта болған барша расулдар мен нәбилер тек Алланың бар екендігіне, һәм Оның Жалғыз екендігіне сенуге шақырды. Жүрегінде сенімі дұрыс болмаған адамның амалы да, ғибадаты да еш дұрыс болмайды. Өйткені Алла барлық күнәларымызды кешіруі мүмкін, бірақ серік қосқанды кешірмейді. Алла Тағаланы разы ететін екінші амал - Алланың арқаны болған Құран маңайында бәріміздің жиналуымыз. Мүмін пенделер Құран және үкімдерінің маңайында бірігулері керек, ортақ шешім, ортақ түсіністік табулары керек. Топ-топ болып бөлінгендерді Алла еш ұнатпайды. Құранның маңайында бірігуіміз үшін, Құран жайындағы сенімді дұрыстауымыз керек. Құран Алланың сөзі. Оның ішінде адамзаттың екі өмірдегі бақытты жолын көрсетіп беруші үкімдер, аяттар бар. Құранды жақсы көру, жаттау, кейінгі ұрпаққа дұрыс жолмен аманат етіп қалдыру, мағыналарын дұрыс түсіну арқылы адамдар өзара ынтымақтастықты сақтап, бірігулері керек. Сол үшін де Құран Алланың арқаны деп түсіндірілуде. Құраннан жырақтаған пенделер дұрыс жолдан тайып, адасушылықта болады. Раббымызды разы ететін үшінші амал - арамыздағы әмірлеріне, яғни басшыларға бой ұсынып, бағыну. Басшыға бағынған қоғамда береке болады. Басшы деген сөз елді, дінді басқарып отырған, әр тұлғаны айтуда. Әр саланың өз басшысы болады. Әбу Һурайра р.ғ. жеткізген мына хадис шәрифте Пайғамбарымыз с.ғ.с.: "Кім маған бойұсынса, ол Аллаға бойұсынады. Кім маған бойұсынбаса, ол Аллаға бойұсынбаудың белгісі. Кім басшыға бағынса, ол маған бағынғаны. Кім басшыға бағынбаса, ол маған бағынбағаны", – дейді. Бұл халықтың өз басшысына бойұсынуы қажеттігін дәлелдейтін хадис болып табылады.
Сөз соңында айтарымыз, нендей ізгі амал жасасақ та тек Алланың разылығы үшін орындайық ағайын. Жасалған амалдарымыздың сауаптары, құлшылықтың дәрежесі мен адамның ниеті және оның ықыласына байланысты. Амалдарымыздың сауаптары мен дәрежелері ақыретте еселенетінін ұмытпайық!
Үмбет Сабырханов
"Әл-Хақ" мешітінің имамы
Тұрар Рысқұлов ауданы


21 Желтоқсан 2025
1 Раджаб 1447

