Уақып – таусылмас сауапты амал

Уақып – таусылмас сауапты амал

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

 Уақып сөзі - араб тілінің "уәқәфә" (тоқтатты) етістігінен, сондай-ақ ""тоқтату","ұстап қалу" түбірінен алынады. "Тоқтату" , "ұстап қалу" сөзіне қандай қатысы бар дейтін болсақ, уақып етілген нәрселер мейлі жылжымайтын, мейлі жылжитын зат болса да, сатылмайды, саудаға түспейді, тек ел игілігіне арналған болып саналады. Сол үшін де бұл амал "уақып" деген атауға ие болған.

Уақып сөзінің терминдік мағынасы жайлы фиқһ ғалымдары түрлі анықтамалар берген. Олардың қорытындысы "уақып" - бір объектіні Алланың мүлкі болуға белгілеу, халық игілігі үшін іске қосу.

Уақыптың мақсаты қоғамда әлеуметтік ортадағы теңдік пен үндестіктің сақталуы үшін, қуаттылардың  әлсіздерге (мұқтаждарға) демеу беріп, мүмкіндігі зор пенделердің мұқтаждарға көмектесуін көздейді. Мысалыға айтар болсақ, бір кісінің бағы бар еді делік. Ол адам ол бақтан шығатын жемістерді халықа таратқанынан гөрі Алла үшін уақып қылдым десе, немесе ол бағын ресми түрде рәсімдеп  қойса, ол бақтан шыққан өнім (жеміс) халыққа арналған қайырымдылық болып саналады. "Уақып" - затты немесе нәрсені  Алла мүлкі есебінде сақтау, яғни, уақып етілген нәрсе уақып қылушының мүлкінен шығады және Алланың мүлкіне айналады. Уақып етілген нәрседен түсетін пайда уақып етуші оны уақып етуде белгіленген  тараптарға, мүдделерге (мысалы, шәкірттер, жолаушылар, кембағалдар сияқты) жұмсалады және сауабы уақып етушіге тиесілі болады. Уақып етілген нәрсе сатылмайды, сыйлыққа берілмейді, мұрагерлікке, мирасқа өтпейді.

          "Уақып" - мұсылман мемлекеттерінде дәулет яки кейбір тұлғалар тарапынан діни қажеттілік немесе қайырымдылық істері үшін бөлінетін, жұмсалатын мал-мүлік. Уақыпнама арқылы рәсімделеді. Жер, су, үй, баспана, мектеп, мешіт, аурухана т.б.с.с. нәрселер уақып мүлкі болуы мүмкін. Өз мүлкін уақыпқа тапсырған адам сол мүлікке иелік ету құқығынан айырылады. Уақып жайында Құран мен хадистен дәлел келтіре кететін болсақ, Алла Тағала Құранда: "Жақсы көрген мал-дүниелеріңнен Алла жолында жұмсамайынша, ізгілікке қол жеткізе алмайсыңдар. Сондай-ақ қайыр-садақа ретінде не берсеңдер де, Алла оны біледі", – деген. ("Әли Ғымран» сүресі, 92-аят). Сондай ақ хадис шәрифте Пайғамбарымыз с.ғ.с:

"Садақа Раббының ашуын басады және жаман өлімді қайтарады", – деген.

Уақып мүлкін шариғат заңы бойынша мемлекет немесе қазы өз қадағалауына алады. Бұл тәртіп Шығыс елдерінің кейбіреулерінде қазір де сақталған.

Уақып төмендегі екі жағдайдың біріменен жүзеге асады:

1. "Осы жерді уақып қылдым немесе оны мешіт қылдым" деген сияқты уақыпқа дәлел  бола алатын сөз арқылы.

2. Адамдардың дәстүр-ғұрпында уақыпқа дәлел бола алатын іс-қимылдармен. Мысалы, ауласын немесе жерін мешіт қылып қойып, ол жерді баршаға намаз оқуға рұқсат берсе немесе жерін қабірстан қылып, оған баршаның жерленуіне рұқсат беру сияқты.

         Уақып ету кезіндегі сөздер екі түрге бөлінеді:

Біріншісі: Ашық-анық сөздер арқылы.

Уақып қылдым, уақыпқа арнадым, пайдасын баршаға арнадым (уақып деп) атадым деген сияқты. Бұлар анық сөздер болып, уақыптан басқа мағыналарға дәлел бола алмайды. Осы сөздердің бірін айтқан болса, уақып болып қала береді.

Екіншісі: Киная сөздер (астарлы мағына) арқылы.

Мысалы, садақа қылдым, түбегейлі, біржолата уақыпқа қалдырдым деген сияқты сөздер арқылы. Мұндай сөздерді Киная деп атайды және бұл сөздер арқылы уақып мағынасы түсіндіріледі. Мысалы, осынау нәрселерді сатуға да, мирас етуге де тиым еттім, тек Алла жолына (уақып еттім) арнадым деген сияқты сөздер арқылы болады.

Ертеде бай-дәулетті мұсылмандар екі дүние жақсылықтарына жету үшін Алланың берген нығметтерінің бір бөлігін уақып ететін болған. Өйткені уақып - садақа жарияның бір түріне жатады.

Сондай ол замандарда уақып емханалары, уақып медреселері, қарызға батқандарға жәрдем етін, жолда қалғандарға көмек қолын созатын т.б. түрлі уақыптар халыққа  сауапты қызметтер қылған.

Қазіргі таңда елімізде де, соның ішінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы арнайы "Уақып" қорын ашып, елге түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Аталмыш  осы қорға кейбір азаматтар өз мүліктерін тіркеп, сауапты іске атсалысып, Алла жолында садақа жасауда. Өйткені жоғарыда айтқанымыздай уақып ретінде берілген садақаның  сауабы үзілмейтін мол. Сондықтан дініміз өзгелерге көмектесуге, адамдарға жәрдемші болуға шақырады. Жалпы айтарымыз, уақып амалының сауабында шек жоқ. Жаратушымыз жұртымызға тыныштық, халыққа ынсап, береке берсін!

 Сұлтаншәріп Джадраев

"Сұлтан" мешітінің наиб имамы

Т.Рысқұлов ауданы

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: