Шу аудан әкімдігінде дін саласының мамандары мен саясат бағытындағы қызметкерлердің қатысуымен мазмұнды кездесу өтті. Аудан көлеміндегі діни ахуалды саралап, алдағы міндеттерді айқындауға арналған кеңеске Шу қаласы мен ауылдық округтердің әкімдері, дін саласына жауапты мамандар және аудан имамдары қатысты.
Жиын барысында «Төле би» мешітінің бас имамы Талғат Кәрібайұлы баяндама жасап, аудан көлемінде бір жыл бойы атқарылған жұмыстарға кеңінен тоқталды. Ол діни тұрақтылықты сақтау бағытында өткізілген іс-шаралар, қайырымдылық ұйымдармен бірлескен жұмыстар, сондай-ақ жат діни ағымдардың алдын алу мақсатында жүргізілген ақпараттық-түсіндіру шаралары туралы нақты деректеп айтты.
Сонымен қатар имам қоғамда дәстүрлі діни құндылықтарды насихаттау, жастармен жұмысты күшейту және мемлекеттік құрылымдармен өзара ынтымақтастықты одан әрі дамыту – басты басымдықтардың бірі екенін атап өтті. Алдағы кезеңге арналған жоспарлар да таныстырылып, бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыру қажеттігі айтылды.
Шу аудандық «Жәми» мешітінің баспасөз қызметі.



20 Желтоқсан 2025
29 Джумада-сани 1447

