Ислам – адамзатқа жіберілген хақ дін. Бұл дін тек жеке адамның рухани дамуын ғана емес, сонымен қатар қоғамның жалпы дамуын да қамтиды. Оның басты міндеттерінің бірі – адамзаттың әрбір мүшесін, әсіресе баланы дұрыс тәрбиелеу арқылы ізгілікке, имандылыққа, адамгершілікке баулу. Бала – отбасының, қоғамның және мемлекет болашағы. Сондықтан, Исламда бала тәрбиесіне ерекше мән берілген.
Eң бірінші, атa-ана баласына азан шақырып, бала өз есімінен ұялмайтындай ислами ат қою, екіншіден балиғат жасына дейін дұрыс тәлім-тәрбие беріп, балиғат жасына толған кезде сәждеге әкеліп намаз оқуды үйрету, үшіншіден ер жетіп, бойжеткен соң балаға шариғат бойынша халал тойын өткізіп беруі. Пайғамбарымыз (с.ғ.c.) нан келген тағыда бір хадисте «балаларыңмен ойнаңдар, балаларыңды еркелетіңдер» делінгенін білеміз. Бала тәрбиесі жайлы айтылатын хадистер өте көп. «Баланың тәрбиесі өмірлік жарыңды таңдаудан басталады» - деп пайғамбарымыз айқын көрсеткен. Имамды жар-тәрбиелі ұрпағыңның мәйегі. Отбасының басты мақсаттарының бірі, ол салихалы ұрпақ сүю болуы тиіс.
Исламда әрбір бала Алланың сыйы ретінде қарастырылады. Бала туған сәттен бастап оған дұрыс сенім мен имандылықты дарыту маңызды. Бұл тек діни ұғымдарды үйрету ғана емес, сонымен қатар баланың ішкі жан дүниесін таза, әділ және мейірімді етуге бағытталған тәрбие болып табылады. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) балаларға Аллаға сенім мен дұға жасау, шыншылдық пен адалдықты үйретудің маңыздылығын атап көрсеткен. Балаға сенім арқылы жүрек тазалығы, қорқыныш пен ризашылықты дұрыс сезіну қабілеті дамиды. Мысалы, балаға кішігірім дұғаларды үйрету, Аллаға шүкірлік етуге баулу – оның рухани дамуының негізін қалыптастырады.
Ислам баланы кішкентайынан әділдік, мейірімділік, сыйластық, сабыр және кішіпейілділік сияқты қасиеттерге үйретуді талап етеді. Бұл қасиеттер тек сөзбен емес, іс-әрекет арқылы беріледі. Ата-ана мен қоғам баланың алғашқы үлгісі болып табылады, сондықтан олардың әрекеттері мен сөйлеген сөзі балаға үлгі болады. Мысалы, ата-ана бір-біріне құрметпен қараса, баласы да қарым-қатынаста адал және сыпайы болады. Сонымен қатар, балаға өз эмоциясын дұрыс басқаруды, әділетті шешім қабылдауды, басқаларды сыйлауды үйрету – оның адамгершілік дамуының негізі болып саналады.
Ислам діні білім алуды әрбір мұсылманға парыз санайды. Бұл тек діни білім ғана емес, дүниетанымдық, ғылымдық, әлеуметтік білімдерді де қамтиды. Балаға оқу, жаңа нәрсені үйрену, сұрақ қоюға және дүниеге қызығушылық таныту сезімін ерте жастан қалыптастыру маңызды. Мысалы, ата-ана кітап оқу, ғылыми тәжірибелер жүргізу немесе табиғатты зерттеуге қызығушылық танытса, бала да сол әрекетке үйренеді.
Қазақтың ұлы ақыны Абай атамыз: «Біреулер құдайдан бала тілейді. Ол баланы не қылады?» - дей келіп, «Артымнан құран оқысын деп тілейді» - дейді. «Артымнан балам құран оқысын десең, тірлікте өзіңнің жақсылық қылған кісің көп болса, кім құран оқымайды? Егер жаманшылықты көп қылған болсаң, балаңның оқыған құраны сені неге жеткізеді? Тірлікте өзіңе-өзің қылмаған істі өлген соң саған балаң кәсіп қылып бере ала ма?» - дейді. Демек, алдымен өзің жақсы болуың керек. Сонда балаң өзі-ақ жақсы болады. Бірінші өзіңді тәрбиеле. Міне, ұлы ақынның бала тәрбиесіндегі әуелгі ұстанымы – осы. Сол үшін де «балаң жақсы болсын десең алдымен ата-ана өзіңді тәрбиеле» - деп бекер айтпаған дана.
Исламда бала тәрбиесі – тек жеке адамның рухани дамуын қамтамасыз ететін қана емес, сонымен қатар қоғамның дамуы мен тұрақтылығын қолдайтын маңызды процесс. Дұрыс тәрбиеленген бала – әділ, білімді, мейірімді және жауапкершілікті азамат болып өседі. Сондықтан әрбір ата-ана мен қоғам мүшесі Исламның бала тәрбиесіне берген маңызын түсініп, оны іске асыруға барынша күш салуы тиіс. Бала – тек отбасының емес, бүтін қоғамның болашағы, ал Исламдағы дұрыс тәрбие сол болашақты жарқын етеді.
Көшкімбай Ержан Кәдірханұлы
Мойынқұм ауданының бас имамы


17 Желтоқсан 2025
26 Джумада-сани 1447

