БАЙЗАҚ: РАНТ МҮШЕСІ БАЙЗАҚ ДАТҚА КЕСЕНЕСІНЕ ЗИЯРАТ ЖАСАДЫ

БАЙЗАҚ: РАНТ МҮШЕСІ БАЙЗАҚ ДАТҚА КЕСЕНЕСІНЕ ЗИЯРАТ ЖАСАДЫ

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Республикалық ақпараттық насихат тобының мүшесі, «Абай Құнанбайұлы» мешітінің бас имамы Нұрболат Аманбайұлы «Дархан дала» жобасы аясында Жамбыл облысы Байзақ ауданына жасаған сапары барысында Байзақ датқа кесенесіне зиярат жасады.

Зират басына Байзақ ауданының бас имамы Қанат Әділханұлы да келіп, батыр рухына Құран аяттары оқылып, Байзақ датқаның тарихы мен өмір жолын Нұрбол Аманбайұлына баяндады.

 Байзақ батыр кесенесі Жамбыл облысы Байзақ ауданы Сарыкемер ауылынан солтүстік-шығысқа қарай 4 шақырым жердегі «Байзақ сүресі» деген жерде орналасқан. Жерленген қабірі ХХ ғасырдың басына қарай толығымен қираған. Оның орнына 2000 жылы монолитті бетоннан жергілікті дәстүрлі ғұрыптық сәулет өнеріне тән кесене соғылды.

Кесене алты қырлы болып, ашық түсті күйдірілген кесектен өрілген. Үсті биік барабанды, сфералы, бір күмбезді, орталық композициялы болып, метал құрылым арқылы жабылған. Сыртқы қасбетінде кесенеден жіңішкелеу келген аркалы кіреберіс қақпасы бар. Кесенеде биіктігі 0,9 м құлпытас пен мәрмәр тақта орнатылған. Құлпытас ескі қабірдің кірпіштерінен қаланған.

Байзақ Мәмбетұлы (1789-1864) – батыр, би, қазақ халқының қоқан әміршілеріне қарсы күресінің белсенді мүшесі. Абылай ханның сенімді серігі, аты аңызға айналған Мәмбет Құндасұлы батырдың ұлы. Байзақ жас кезінен ерекше ұйымдастырушылық қабілеті мен дарынының арқасында ел-жұрты мен руластары арасында жоғары беделге ие болған. Қоқан үкіметі тарапынан да құрметке ие болып, оған салық төлеуден босатуға құқық беретін құрметті «датқа» атағын берген.

Байзақ батыр көшпелі малшылар арасында отырықшылық пен суармалы егіншілікті игеру үдерістерін жүзеге асыруды ұйымдастырушы ретінде де белгілі. 1860 жылы Байзақ датқа Қоқан әскерлерімен бірге генерал Г.А.Колпаковский бастаған орыс әскерлерімен болған Ұзынағаш ұрысына қатысқан, кейін туған жеріне оралып, қоқандықтармен тығыз байланыста қызмет атқарады. Қоқан үкіметінің жергілікті көшпелі халыққа көрсеткен езгісіне шыдамаған ол 1864 жылы жазда Әулиеата маңына орналасқан орыс әскерлеріне баласы Ақмолда арқылы қоқандықтарға қарсы күресте бірігуге ұсыныс жеткізді. Қазақ биінің мұндай әрекеті туралы білген Қоқан билеушісі Әлімқұл Байзақты ұстап Ташкентке алып келуін бұйырды. Осы жылы Әлімқұлдың жеке бұйрығымен 75 жастағы Байзақ датқаны тірідей зеңбіректің аузына байлап, атып өлтіреді.

Ел арасында батырдың есімі мен ерлігі дәріптеліп, өнегелі өмірі кеңінен насихатталуда. Батырдың басына орнатылған кесене қасиетті орынға, көпшілік мінәжат ететін нысанның біріне айналған.

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: